ҚОҚЫСТАН ПЛАСТИК ЗАТТАР ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістанда қоқысты қайта өңдеу арқылы пластик заттар өндіруге қауқарлы «Айбек ЛТД» ЖШС кәсіпорны өз жұмысын бастады. Аталмыш кәсіпорын бүгінде пластик заттар мен қоса құрылыс материалдарын қатар өндіреді. Түркістан индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын 2020 жылдан бастап қарқынды жұмыс атқарып келеді. Үй жағдайына қажетті пластик ыдыстарды өндірудің ерекше тәсілін ойлап тапқан кәсіпорынның басшысы Ходжамов Ұлықбек Анарбайұлымен әңгіме өрбіткен болатынбыз.
– Біз кәсіпорын ашылған жылдардан бастап, ең алғаш, үйге қажетті құрылыс заттарын өндіре бастадық. Яғни эмульсия, шелек, конистр және тағы басқа сынды заттар. Ал пластик қалдықтарын өңдеу арқылы үйге қажетті желім ыдыстарды биыл 2023 жыл қолға алдық. Кәсіпорынның негізгі мақсаты қалдық өңдеу арқылы пайдалы бұйымдар шығару болып табылады. Қазіргі таңда қоқыстан үйге қажетті бұйымдар шығару аса үлкен жаңалық деуге де келмейді. Себебі бірқатар елдерде осы сынды техникалық істер әлдеқашан дамып үлгерген. Алайда, Түркістанда мұндай зауыт алғаш рет іске қосылды. Зауыттың ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Кәсіпорынның жұмыс барысы тұрғындарға түсініксіз болмас үшін толық тарқатып бергім келеді. Жалпы кәсіпорынға арнайы мекемелерден кейде жеке адамдар тарапынан да ай сайын шамамен 10-15 тонна пластиктен жиналған қоқыс өнімдері жеткізіледі. Жиналған жарамсыз өнімдер жуылып, толықтай тазалықтан өткен соң ғана, арнайы өңдеу аппаратына жіберіледі. Бізге келетін жарамсыз пластик өнімдердің басым бөлігі желім ыдыстар, пластикалық бөтелкелер, пакеттер мен түрлі желім бұйымдары. Көп жағдайда қоқыс өнімдерін түрлі металл, желім ыдыстар қабылдайтын адамдар арқылы алып жатамыз. Кәсіпорынның жұмыс барысы осындай.
Осы орайда мынадай сұрақ туындауы мүмкін, яғни неге шетелден дайын өнім әкеліп, сатумен айналыспасқа дегендей? Біріншіден, бізге дайын өнімді шет мемлекеттерден әкеліп сату тиімсіз. Өйткені, тауарды тұрғылықты мекенге дейін әкелу жолы мен оның ақысы бар, оны жүк көлігіне тиеу мен қайта орналастыру әжептәуір уақытты алатыны сөзсіз. Сол себепті жұмысты қиындатпай өзіміз өңдеп шығарғанымыз әлдеқайда тиімді. Оған қоса бірқатар тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып келеді. Айта кетсем, кәсіпорында жалпы саны 20-ға тарта қызметкер жұмыс істейді. Ал жұмыскерлердің айлық жалақысы бүгінгі таңда 150000 теңгені құрайды. Бүгінде кәсіпорын 20-ға жуық пластик заттармен қоса 10-ға тарта құрылысқа қажетті заттарды өндіріп келеді. Жылына құрғақ емес пластиктен барлығы 350-400 мың тонна өнім өндіріледі. Дегенмен отандық өнім сырт елдерге экспорттала қойған жоқ. Біздің кәсіпорын шетелден химикат өнімдерін ғана импорттайды. Осылайша жан-жақтан жинақталған химикаттардың қосындысынан кафель жапсырғыш клей өндіреміз. Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейту мақсатында іске асқалы тұрған жоспарлар легі жетерлік. Солардың бірі, келесі аптадан бастап сүт өнімдерін және құрылысқа қатысты шлакоблок, бордюр, брусчатка, селикон, өнімдерін өз отанымызда өндіріп шығаруды жоспарлап отырмыз. Жеке кәсіпкер ретінде зауытты қаржыландыруға атсалысып келе жатқан Бабур Жалилов бауырым бүгінде бір кісідей қолдау көрсетіп келеді, – дейді кәсіпкер.
Жалпы кәсіпорынның ерекшелігі пластик ыдыстарды қалай өңдеп шығаруында екені анық. Бұл жұмыстың артында үлкен топ бір адамдай жұмыс атқаруда. Алғаш рет Түркістан қаласынан керексіз заттардан үйге қажетті өнім өндірілуде. Кәсіпорынның ерекшелігі де осында екені хақ.
Қарамағында тоғыз нысаны бар Түркістан индустриалды аймағы бүгінде кәсіпкерлерге қандай жағдай жасап келеді? Жалпы кәсіпкерлер индустриалды аймаққа қоныстанып, бизнесін бастап кетуіне қандай критерийлер кедергі? Осы сауалдарға «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС-нің Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы былай жауап берді:
– Жалпы Түркістан индустриалды аймағы облыста 2014 жылы құрылған. Қазіргі таңда өңірімізде 9 индустриалды аймақ бар. Олар Түркістан мен Кентау қалаларында және Ордабасы, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Бәйдібек, Шардара, Түлкібас аудандарында орналасқан. Соның ішінде Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта Brownfield (Браунфилд) ғимараттары да бар. Ол дегеніміз – толық салынған кәсіпорын. Ішінде барлық жағдайы жасалған. Сонымен, бұл мүмкіндік дайын ғимарат алғысы келетін кәсіпкерлер үшін жасалған. Бүгінде тек Түркістан қаласында ғана емес, жалпы облыс аумағында да өңірдің инвестициялық климатын жақсарту және жергілікті инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, индустриалды аймақта орналасқан «brownfield» өндірістік ғимараттарынан түскен қаржыға және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен жоспарланған өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 3%-бен қаржыландыру арқылы өндірістік ғимараттар салынатын болады. Бұл өз кезегінде өңіріміздегі немесе еліміздегі әлеуетті инвесторларға тиімді бағдарламалармен ұсынылады. Одан бөлек жақын арада, Қазығұрт ауданынан агроиндустриалды аймақ құру мәселесі қаралып жатыр. Индустриалды аймақтың аумағы 538 га құрайды. Түркістан облысының индустриалды аймақтарында құны 44,4 млрд.т. болатын және 3092 жұмыс орнын құрайтын барлығы 63 жоба орналасқан. Оның ішінде, құны 34,169 млрд.тг. болатын және 2496 жұмыс орнын құрайтын 44 жоба іске қосылып, жұмыс жасауда.
– Атап айтқанда, «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Көбінесе аймақта құрылыс жабдықтары өндіріледі. Мәселен: бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су, шырын, жиһаз, жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. Кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары аймаққа дейін тартылады. Яғни, дайын инфрақұрылым: ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, асфальт жол, шағал жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.
Біздегі жобалардың ішінде ауқымдылардың қатарында «Grand Miks» кәсіпорны бар. Бұл кәсіпорынның өнімдері Қырғызстан, Ресеймен қатар, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Тараз, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды қалаларына жіберіліп жатыр. Қазірті таңда кәсіпорында 150 адам қызмет етеді. Жалпы, өткен жылы шығарылған тауар көлемі – 16 963 дананы құраған, – деді Қанат Ұзақбайұлы.
Сонымен, «Айбек ЛТД» кәсіпорны өздеріңізге мәлім тұрмыстық қалдықтарды кәдеге тиімді пайдаланып, экологияға да өз пайдаларын тигізіп жатыр. Дәл осы өнімдерді көптеген тұрғындар өзге елден келген деп ойлап жатады. Осы ретте, жергілікті Түркістанның өнімі екенін айта кеткім келеді. Тек пластик емес, қазіргі уақытта құрылыс материалдарын да шығаруда. Осылайша, өздерінің кәсіп көзін кеңейтіп, сұранысқа орай жұмыс істеуде. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдарда Түркістан құрылысы қарқынды дамыған қалаға айналды. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарына қажетті тауарларға сұраныс та артты. Әкімдік пен мердігер мекемелер жергілікті өнімдерді қолдап, Түркістанды дамытуға үлестерін тигізіп келеді. Жалпы, қайсы кәсіпорын болмасын Отандық өнімімізді дамытып, қаламыздың атын шығаруда. Ол да үлкен еңбек, қаншама адамның маңдай-тер жұмысы. Сәтін салса, өндіріп жатқан өнімдеріміз жыл сайын артып, нәтижесінде жұмыссыз тұрғындарымыздың саны азая түседі деп ойлаймыз,- дейді компания директоры.
Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.