Понедельник, 28 апреля

ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ: САУРАН ЖАСТАРЫ БІРЛІК ПЕН СПОРТТЫ ҰШТАСТЫРДЫ

0
15
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Сауран ауданының тұрғындары арасында кіші футболдан ашық біріншілік пен аудандық әуесқойлар футбол лигасының жазғы маусымының ашылу салтанаты өтті.
Шараны аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. Өз сөзінде аудан әкімі:
“Бірлік пен татулық — еліміздің басты құндылығы. Бүгінгі спорттық дода – тек жарыс қана емес, достықтың, ынтымақ пен татулықтың көрінісі. Әрбір командаға әділ ойын мен үлкен жетістіктер тілеймін,” – деді.
Салтанатты жиынға аудан прокуроры Алмаз Асылбеков пен Сауран ауданы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков, «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының маманы Нұрсұлтан Оспанов және мекеменің мамандары қатысып, қатысушыларға жеңіс пен биік жетістіктер тіледі. Олар спорттың этностар арасындағы достық пен түсіністікті нығайтудың тиімді құралы екеніне тоқталды.
Жалпы жарысқа 12 ауылдық округтен 15 құрама команда қатысып, тартысты әрі қызықты ойын үлгісін көрсетті. Әр команда өз шеберлігін танытып, аудандық лиганың жаңа маусымын жоғары деңгейде бастады.
Мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, достық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ аудандағы этносаралық татулықты одан әрі арттыруға ықпал етеді.

Leave a reply