Қыркүйекте 19 мектеп ел игілігіне тапсырылады
Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. Білім ұяларының жобалық қуаттылығы – 49 000 орын. Биыл өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 29 мектеп, ал келер жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесті. Құрылыс барысындағы мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
Кездесу барысында мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен, су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді.
Айта кетейік, өңіріміз бала туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында келеді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжановтың мәлімдеуінше, 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 527 633 адам, ауыл халқы – 1 613 293 адам. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 51 145 бала туған. Оның 26 323-і – ұл бала, 24 822-сі – қыз бала. «Бүгінде облыс туу бойынша республикада көш басында, оның үлесі 14,3% құрап отыр»,-деді Нұрқожа Ермекұлы.
Өңірімізде демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты оқушы орындарының тапшылығы сезілуде. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ең көп білім ошағы Түркістан облысында бой көтермек. Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы келер жаңа оқу жылында ел игілігіне тапсырылмақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады.
Жиын барысында өңірдегі мердігерлердің қарқыны сөз болды. Мәселен, 2 мектептің құрылысына жауапты жергілікті «Ar Kua Group» ЖШС кестеден қалып барады. Шаруа қарқынын тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да өз бақылауына алмақ. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарда бар.
Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысының әкімі жеке бақылауына алған. Жұмыс өте қарқынды. Жергілікті әкімдік инженерлік желілерді жайлы мектептердің жер учаскесіне тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын да алып қойған. Түркістан өңірі осындай ауқымда құжат әзірлеген жалғыз өңір. Бұл биыл салынуы тиіс 29 мектептің уақытылы тапсырылатынына күмән келтірмейді.
«Samruk-Kazyna Construction» басшысы болашақ білім ошақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен уақытылы қамтудың маңыздылығына тоқталды. Сондықтан газ, су, жарық, жылу мен интернетті тартып, учаскенің 4 жағынан жол салу барысында мәселе туындаған жағдайда бірден шешу қажеттігін атап өтті.
2025 жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс білім ұяларына арналған жер учаскелерін бөлу бойынша сұрақ та назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғарыда аталғандай, 2024-2025 жылдары облыста тағы 34 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 30 учаске бөлінген, ал 4-еуі бойынша жұмыс жүруде. Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға мәселелерді шешіп, жер телімдерін реттеуді тапсырды.
Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін әкімдіктің жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған.
Айта кетейік, облыста 2023-2024 жаңа оқу жылында 51 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барды. Жалпы, өңірімізде 907 мемлекеттік мектеп бар. Онда 490 920 оқушы білім алуда. Білім ордаларында бүгінде 87 844 компьютер бар. Бұл бір компьютерге 5-6 баладан келеді деген сөз. 2020-2021 оқу жылында мемлекет тарапынан 7 711 планшет, 5 952 компьютер, 43 527 ноутбук («МТ-Сервис» – 21 763, «Технодом» – 21 764), барлығы 57 190 компьютер сатып алынды. Сонымен қатар, 24 317 компьютер мектеп қорынан, 2 339 компьютер жергілікті бюджет есебінен, 1 445 компьютер «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен алынған.Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Түркістан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің «Мүлікті республикалық меншіктен Түркістан облысының коммуналдық меншігіне беру туралы» №94 бұйрығына сәйкес, республикалық мемлекеттік мекемесі теңгерімінен облыс мектептерінің меншігіне 2 553 дана планшет үлестірілді.