Құлшыныс пен ұмтылыс

0
103

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына арнаған Жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берілгені белгілі. Осыған орай 2021 жылы 25 шілдеде Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Мемлекет басшысы бұл сайлау біздің саяси жүйеміздің кемелденуінің белгісі ғана емес, сонымен бірге қоғамымыздың демократиялық дамуындағы елеулі қадам екенін атап өткен еді. Себебі, бұл шара ауыл әкімдігіне кандидатқа дауыс берген халықтың кейін сайлауалды бағдарламаны қатаң бақылауына, ал, халықтың даусын жинаған әкімнің жұртшылықтың мұң-мұқтажын тыңдап, дер кезінде іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді.
Былтыр 18 желтоқсанда Қазығұрт ауданына қарасты Сарапхана ауылдық округі әкімінің орынтағы үшін тікелей сайлау өтті. Сайлау қорытындысында ауыл тұрғындары жоғары белсенділік танытып, өздері қалаған әкімін сайлады. Жуырда бізге халық сайлаған сол әкіммен жүздесудің сәті түсті.
Қуандық Күзенбаев отызында орда бұзған жігерлі жастардың санатынан. Оның екі мамандығы бар. Қаржыгер және заңгер. Кезінде Қазығұрт, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары бойынша салық басқармасы саласында қызмет еткен. Одан соң облыстық салық департаменті банкроттық және оңалту  басқармасының бас маманы, облыс бойынша  Мемлекеттік кірістер департаментінің борыштармен жұмыс басқармасы, оңалту және банкроттық  бөлімінің бас маманы болды. Қуандық Күзенбаевтың еңбек кітапшасында оның «Қайып ата» ЖШС-нің директор кеңесшісі, «Күзенбай ата» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарғаны да жазылған. Осындай тәжірибелі, туған ауылының дамуы мен келешегіне  жауапкершілікпен қарайтын тұлғаны ауылдастары айна-қатесіз таныды деуге болады. Сайлауға түсуіне сол жерлестерінің өздері ұйытқы болыпты.
Алғашында сайлауға түсуге 11 үміткер өтініш берген екен. Алайда, біразының құжаттары талапқа сай болмай, тек бесеуі ғана саяси науқанға қатысыпты. 19 желтоқсан күні Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Қуандық Таласұлы Сарапхана ауылдық округінің әкімі деп жарияланды. Ол өзге бәсекелестерінен 600-ден астам дауысты артық жинаған.
Қуандықтан жұмысты неден бастағанын сұрадық. Биылғы қыстың күндері аязды болғандықтан Сарапхана ауылдық округіне қарасты 6 елді мекенде жарық мәселесі кәдімгідей проблема болыпты. Осы мәселені жөнге келтірген. Сондай- ақ, осынау төрт ай ішінде ауылдағы белсенді жастармен бірлесіп, 2 миллион теңге жинап, 100 қоқыс жәшігін тапсырыспен жасатып, орнатып та үлгеріпті. Мұнан бөлек, демеушілерді ұйымдастырып, ауылдарды көгалдандыру жұмыстарына ден қойған. Сөйтіп, 1500 түп  шырша, тал отырғызып, оны қоршаған.  Тағы бір мәселе, Сарапхана ауылы сайда орналасқандықтан, мұнда жауын-шашынды күндері көшені су алып кетеді. Сол себепті арықтар кеңейтілді. Мұнан бөлек, әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған емес. «Биыл қыс мезгілінде үйі өртенген бес балалы жалғызбасты ананың жағдайын ескеріп, мемлекеттен бір реттік көмек берілді. Ал, біз ауылдастар болып ақша жинап, баспана салып беруге бел будық. Жұмысты бастап та кеттік.  Біздің ауылдағы айта кетер бір ерекшелік, асар деген тәртіп бар. Әр жылы мектеп бітіріп кеткеніне 20 жыл болған түлектер, жыл сайын жағдайы нашар, үйі жоқ тұрғындарға бір үй салып береді. Былтыр бір отбасы қуанышқа бөленді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып отыр. Ұйымшылдық туралы сөз етсек, ауылдағы орталық мешітті  2020 жылы тұрғындардың өздері асарлатып салып алғанын айтпай кетуге болмас. Өткен Рамазан айында халық болып 360 мың теңге ақша жинап, тұрмысы төмен 18 отбасының әрқайсысына 20 мың теңгенің азық-түлігін үлестірді» дейді ауыл әкімі.
Ол алдағы атқарылатын жұмыстарды да жоспарлап қойыпты.
– Қазіргі таңда суармалы жер барлық өңірде  проблема екені белгілі. Жақын маңда Жіңішке деген өзен бар. Бұрын біздің бала кезімізде Жібек жолы көшесінің бойымен ағын су келетін. Мәселен, ауылда сол кезде 100 үй бар десек, сол үйлердің 5 сотықтан бау-бақшасы болатын. Бүгінде судың тоқтағанына жиырма жылдан асып кетті. Егер ағын сумен қамтамасыз етсек, әр үй өз ауласында қызанақ, қияр егіп, ешкімге тәуелді болмас еді. Біз ендігі жерде осы мақсатта жұмыс істейтін боламыз,– деді Қуандық әкім.
Ауыл округінде ағын су ғана емес, таза ауыз су да проблема екен. Ауыз су сағатпен беріледі. Жас әкім алдағы уақытта осыны бір ретке келтіруді қолға алмақ.
Сарапхана ауылдық округі әкіміне қарасты
6 елді мекенде 6 мектеп бар. Соның бірінің жанынан аудан бойынша тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған интернат ашылған. Майлыошақ елді мекенінде заманауи мектеп құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі деп күтілуде. Апатты, үш ауысымды мектептер жоқ. Жекеменшік 10 балабақша жұмыс істеп тұр. Бір күндізгі емхана, екі фельдшерлік-амбулаториялық пункт, Мәдениет үйі, кітапхана, жастарға арналған саябақ та ауылдың көркіне көрік қосып тұр.
Ауылдық округтің жылдық бюджеті 54 млн.теңгені құрайды. Ол қызметкерлердің айлық жалақысына, көліктің жанар-жағармайына, тазалық жұмыстарына жұмсалады. Штатта 9 қызметкер бар. Жалпы, ауыл округінде 9 мың тұрғын мекендейді. Қазіргі таңда округ бойынша жер телімін алуға кезекке тұрғандар саны шамамен 1800-1900 адам. «Тұрғындар сұранысын қанағаттандыру үшін алдымен инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілуі тиіс. Бұл – өте күрделі мәселе. Дегенмен, бүгінде 45-50 гектар жер белгіленіп қойылды. Тұрғындарға 12 сотықтан жер бөлінеді. Енді осы жұмысты қолға аламыз» дейді ауыл әкімі. Қоғамдық қабылдауға келетін тұрғындардың басты өтініші де тұрғын үй мәселесі. Отбасы толыққан сайын баспана қажеттігі арта түсетіні шындық.
Қуандық Күзенбаевтың басты мақсаты – мемлекетке иек арта бермей, қолдан келетін нәрсені жасау. Үкіметтен мектеп сияқты үлкен қаржыны талап ететін нәрселерді ғана сұрауға болады. Өзінің айтуынша, ұсақ-түйектің санатында көгалдандыру жұмыстары да бар. «Менде суаратын техника жоқ. Сондықтан мен әр үйдің алдына 4 шырша егіп беремін. Сосын әр үй егесінен «өз үйіңе, аулаңа қалай қарайсың, көшедегі шыршаға да солай қара» деп талап етемін. Негізі бәріміз біріксек, көп шаруаны атқара аламыз. Менен кейінгі адамдар да осылай жалғастырса деймін. Жақсылық Үшкемпіров айтқандай, бір ауылдан бір азамат шықса жетеді. «Жақсылық ағамыздың бір өзі бір ауылды жұмыспен қамтамасыз етіп кетті ғой» деді ол.
Қ.Күзенбаевтың еңбек стажы да, тәжірибесі де жетерлік. Енді осының барлығын ауыл әкімі қызметінде көрсете білуі тиіс. Әкімдердің басты міндеттерінің бірі де сол, ауылдастарының тұрмыс сапасын көтеру. Сарапханалықтар негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Әкім кеңседе отырмайды. Тұрғындардың өтінішімен ауыл аралап кетеді. Туындаған проблемаларды өз көзімен көреді, шешімін табуына жәрдемдеседі.
Сайлауалды бағдарламасында ауылды көгалдандыру мәселесі бар. Содан соң ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетсем дейді. Қазіргі таңда ауыл округінде 150 кәсіпкер бар.«Ауылда кафе, дүкендер жетерлік. Тіпті тауардың бағасы жағынан бәсекелестік белең алған. «Әсем-Гауһар» кондитерлік өнімдер цехы жұмыс істеп тұр. Көлік жөндеу шеберханасы да  ашылған. Мал базары сейсенбі, сенбі күндері жұмыс істейді. Бұлардың барлығының жұмысы жолға қойылған. Мен кәсіпкерлерге өндіріс орнын ашыңдар деймін. Тым болмаса бір рет қолданылатын сақал қырғыш шығарсақ болады ғой. Мәселен, бізде пластик терезе шығарады, бірақ шикізатты Өзбекстаннан әкеледі. Сол шикізатты өзімізде шығарсақ болмас па?! Олар баклажка сияқты қоқыстарды бізден 10 теңгеге алып, өңдеп шикізат қылып 100 теңгеге өзімізге қайта сатады. Олар да өзіміз сияқты адамдар, олардың істегенін біз де істей аламыз ғой. Осылайша халық болып өзімізде шағын болса да цехтар ашып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды шығарсақ деген ой туындап жүр» дейді ауылдық округ әкімі.
Президент ауылдық округтерге қатты көңіл бөліп отырғаны белгілі. Ауыл әкімі экономист ретінде ауылдың өркендеуіне салықтан түскен ақшаны пайдаланған орынды деп санайды. Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий аяқталды. Ендігі жерде ауыл билерімен бірлесіп, кәсіпкерден түсетін салықты қадағалап отырған жөн. Негізінде әрбір кәсіпкер салықтан жалтармай, Салық кодексі тәртібін сақтауды өзінен бастаса, көп проблема өзінен-өзі реттелер еді.
Сарапханалықтар жерлестері Бекет Тұрғараевты мақтаныш тұтады. Кәсіпкер «Бабалар рухына тағзым» және «Жастар аллеясын» салып, мемлекет қарамағына тапсырғаны белгілі. Бүгінде «Жастар аллеясында» ауыл тұрғындары Наурыз мерекесін тойлайды, жастар той алдында серуенге шығады.
Жеті балалы отбасының кенжесі Қуандық қара шаңырақта қалған. Қаржыгер мамандығын алған, қазіргі таңда бала тәрбиесімен айналысып үйде отырған келіншегі екеуі анасына төрт немере сыйлапты.
Ауыл әкімі болу жауапкершілігі зор міндет. Оның үстіне халықтың өзі сайлаған соң, жауапкершілік жүгі одан сайын еселенеді. Өзі жас, жігерлі Қуандықтың бойында сайлаушыларының сенімінен қайтсем шығамын деген құлшыныс пен   жаңашылдыққа ұмтылыстың барына көз жеткіздік. Құлшыныс бойға қуат береді, дереу шешім қабылдауға себеп болады. Ең бастысы да осы емес пе?!

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Leave a reply