ҚҰМКЕНТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БАЯНДАЛДЫ
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өткізіп, округте жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
«Биылғы жылы Құмкент ауылдық округінде халық сұранысына орай бірқатар жобаларды аяқтап, жұмыстарды жоспарға сәйкес атқарудамыз. Облыстық маңызы бар «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» автомобиль жолының құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Осы секілді Жылыбұлақ каналының құрылысын осы жылы аяқтау мақсатында қаржысын толығымен қарастырдық. Сондай-ақ Құмкент ауылынан Амангелді және Берденұлы көшелері мен Қызылкөл елді мекеніндегі Бөкенов, Төлеуұлы көшелерінің асфальт жолмен қамтылып, Абай көшесіне көше жарықшамдары орнатылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы жылға нақты жоспарларымыз бар. Ауылдық округтің ішкі көшелерін жарықшаммен қамту жұмысын 100 пайыздық межеге жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ, санитарлық тазалық мәселесіне де назар аударылды. Аудан басшысы келер жылы барлық ауылдық округті тазалыққа қажетті техникамен қамтылатынын тілге тиек етті.
Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдары мен бірнеше ұсыныс-пікірлерін жолдады. Көтерілген мәселелердің маңыздылығы ескеріліп, жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктелді. Ауыл қариялары жасалған жұмыстарды жоғары бағалап, алғыстарын жеткізді.