Құрметті жерлестер!
Сіздерді еліміздің маңызды мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке – дербестігіміз бен даралығымыздың көрінісі, елдігіміз бен өрлігіміздің байрағы. Мемлекеттігіміздің кешегісі мен келешегінің кепілі.
Тарихы тамырлас, тағдыры бауырлас көпұлтты еліміздегі тыныштық пен түсіністіктің түбірі осы бір атаулы күннен бастау алса керек.
Конститутция еліміздің негізгі құқықтық құжаты болып, Тәуелсіздіктің тұғырына айналды.
Өздеріңізге белгілі, Ата Заңымызға өзгерістер енгізу жөнінде жалпы халықтық референдум өтті. Аса маңызды шешімдер қабылданып, 30-дан астам заң баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ бұл шаралар ел мүддесін қорғауға бағытталған.
Біз бүгін мызғымас бірлік пен заң үстемдігінің арқасында елімізді дамытып, қасиетті қаламызды түлете білдік. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы 6 жыл бұрын құрылып, түркі жұртшылығының рухани һәм мәдени орталығына айналды.
Қадірлі жерлестер! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін!
Дархан САТЫБАЛДЫ,
Түркістан облысының әкімі.