ҮЗДІК ӨНДІРІС ОРНЫ

0
134

«Grand Miks» жиһаз фабрикасы тәуелсіздіктің отыз жылындағы бейбіт саясаттың арқасындағы тыныштық пен халықтар арасындағы татулықтың, табанды түрдегі қазақстандық бизнесті үкіметтік қолдаудың тұрақты атқарылып келе жатқандығын көрсетеді. Соның бір айқын дәлелі – Түркістандағы «Grand Miks» жиһаз фабрикасы 2020 жылы ҚР Президенті тағайындаған республикалық байқаудың «Алтын сапа-2020» сыйлығын жеңіп алды. Одан бір жыл бұрын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тағайындаған республикалық байқауда «Іскер» аталымын жеңіп алды. Бұл заңды да, себебі қазіргі таңда «Grand Miks» Қазақстан республикасындағы ірі сапалы, заманауи жиһаз шығаратын және оны ешқандай бүліндірмей еліміздің түкпір-түкпіріне көтерме бағамен жеткізе алатын дистрибьютерлік қоймалар желісі бар фабрика. Оның сапалы жиһаздарын Петропавлдан Атырауға дейінгі аумақтағы желілері қалаған қалаңызға жеткізіп береді. Қазақстанда танымал 800-ге жуық кәсіпорын болса, қазіргі таңда осылардың ішіндегі маңдайалды кәсіпорын.

 

Сапасы жоғары, бағасы қолайлы жиһаз шығарумен айналысып жүрген «Grand Miks» фабрикасының іргетасы 1998 жылы қаланды. Түркістанның тумалары Собиржан мен Камилжан Исхаковтардың іскерлігімен үй жанынан ашылған цехтің бүгінде қуаттылығы артып, үлкен кәсіпорынға айналған. Ағайынды Исхаковтар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарықтық экономикаға бет бұрып, алдымен жұмсақ жиһаздарды үйде жасап, базарға шығарып, саудалаған. Осы салада біраз тәжірибе жинақтаған олар алдымен төрт адамды, бертін келе он бес жұмысшыны жұмысқа қабылдаған. Ал, бүгінгі таңда фабрика екі жүзге жуық жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдаған. Облыс орталығындағы ірі жиһаз кәсіпорындарының бірі әрі бірегейі болып табылады.

Алдымен заманауи жиһаз кәсіпорны жайлы тоқталып өтсек. «Grand Miks» заманауи жиһаз кәсіпорны бастапқыда жұмысын «Бірлік» ауылынан осы саланы өркендету үшін жер сатып алып, қолда бар қаражатқа қондырғылар алған. Уақыт өте «РИЦ Максимум» қорынан алынған несие арқылы тұтынушылардың көңілінен шығатындай жиһаз жасау үшін заманауи қондырғылар орнатқан. Осылайша, жиһаз өндірісін өркендетуді дұрыс жолға қойып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін арттырған. Жиырма бес жылдан бері талмай, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Қазір еліміздің брендінің бірі деуге де болады. Себебі, фабрика қазіргі таңда 200-ден астам жиһаз түрін жасап, алыс-жақын шетелдерге де шығарады. Фабрика директорының орынбасары Камилжан Исхаков: «Біз жиһаздарымызды Ресейге, Белоруссияға шығарғанымызды көріп, кеденшілер «орманның ортасында отырған нағыз жиһаз шығарушы елдерге жиһаз жеткізіп жүрген қазақстандықтар мықты екенсіңдер»,- деп күледі.

Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімдерін қытайлықтар да тұтынуда. Соңғы он жылда даңқы мүлдем алысқа кетті. Себебі фабрика ұжымы үнемі ізденіс үстінде. Отандық нарыққа ас үй жиһазы, шифонер, кіре беріс шкафы, бөбектерге, балаларға арналған жиһаздардың түрлері де жеткілікті. Бұл күн санап жүздеген пәтер алушы иелерінің, жаңадан отау құрған жастарға аса қажетті таптырмайтын бұйымдар. Кәсіпорынның тұтынушы талабына орай қандай жиһаз болса да жасап беруге мүмкіндігі мол.

 

 

Фабриканың топ менеджерлері бір ғана тәртіпті ұстанады. Ол: шығарылатын өнімнің сапасының жоғары болуы – бизнесті дамытудың ұзақ жылдарға арналған стратегиялық жетілуінің кепілі болып саналады. Қазіргі таңда кәсіпорын сапалы өнімді шығарып қана қоймайды, тұтынушының қалаған жеріне жеткізіп береді. Құрастырып та береді. Жиһазшылар халыққа қызмет көрсетуде барынша ізетті және жылдам жасайды. Фабриканың тағы бір артықшылығы тұтынушыларға қызмет көрсету кезінде оның талаптарын мұқият тыңдап, өнімді бағалауда да жеңілдіктер қарастырады. Көтерме бағамын көптеп сатып алушыларға мүлдем ерекше жеңілдіктер жасайды. Соның арқасында қазіргі таңда сапалы өнім шығарушы ғана емес, сенімді жеткізуші ретінде де елге танымал.

Біз кәсіпорынға барғанымызда басшылық құрамы Түркия, Ресейге қызметтік іссапармен жол жүріп кетіпті. Себебі, маусымның 16-18 күндері Алматыда Қазақстан кәсіпорындарының халықаралық көрмесі өтпекші екен. Соған үлкен әзірлік жүргізіп жатқан көрінеді. Осыған орай, жиһаз фабрикасының бұған дейінгі жетістіктеріне тоқтала кетсек. 2016 жылы Алматыда өткен халықаралық «Жиһаз және интерьер» байқауына алғаш рет қатысып, «Үздік ас жиһазы — 2016» жүлдесін, 2017 жылы «Үздік көрме экспозициясы — 2017», «Үздік корпустық жиһаз — 2017» жүлделерін иемденді. 2016 жылы Шымкенттегі өңірлік «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымын жеңіп алды.

PS: Халыққа ғана сапалы өнім жасап берумен шектелмей, өз жұмысшыларының да барлық жағдайын жасап отырған «Grand Miks» жиһаз фабрикасының алар асуы әлі алда. Халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, бағын сынап, тәжірибе алмасуын құптаймыз. Ендеше, елдің ризашылығына, көптің қолдауына ие болып, алғысына бөленіп отырған жиһаз жасаушы алтын қолды жерлестеріміз Алматыдағы өтетін халықаралық байқауда да атына лайық жүлдені жұлып алады деп сенеміз.

Leave a reply