Үкаша ата кесенесі
Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жердегі Үкаша ата мазары мен құдығы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған.
Үкаша ата туралы деректер халық арасында аңыз-әпсаналарда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сахабасы, мұсылмандардың әскери қолбасшысы, бірқатар тайпалардың басшысы ретінде кеңінен тараған. Аңызда Үкаша ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ дарымайтын алып денелі батыр болғаны айтылады. Дін жаулары Үкаша атаның басын намаз оқып тұрған жерінде шауып түсіреді. Кеудесінен үзілген бас жер астындағы құдыққа түсіп, су асты жолымен Мекке қаласынан бір-ақ шыққан. Бұл деректер Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер-деректі тарихи-танымдық жинақтан алынды. Соңғы жылдары Үкаша ата кесенесі мен құдығының аумағында кең көлемде көріктендіру жұмыстары жүзеге асырылып келеді. 150 түп жеміс көшеті отырғызылған. Осындағы мешіт, қонақ үй, асхана күрделі жөндеуден өткізілді. Кесененің айналасына асфальт төселіп, автокөлік тұрағы темір шарбақтармен қоршалған. Келушілердің тынығуына жағдай жасау мақсатында жаздық тапшандар, құдыққа көтерілетін аумаққа көпір салынды. Асхананың жанындағы мал соятын орын да ретке келтірілді. Кесененің аумағында «Үкаша ата тарихи» музейі ашылды. Онда Үкаша ата шежіресі, туған жер картасы, сонымен бірге құнды археологиялық-этнографиялық жәдігерлер сақталған.