Ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары жалғасуда
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев Шымкент қаласының Статистика департаменті мамандарымен бірлесе Спорт шағын ауданының номері екінші, үшінші, төртінші үйлерін аралап шықты. Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға Ұлттық халық санағының қаншалықты маңызды екенін айтып, белсенділік танытуға шақырды.
Аталған жұмыстарға дайындық маусым айында басталып, Сауле, Көркем (Забадам), Көркем (195,275,257) шағын аудандарында үй басқарушыларымен бірлесе жиналыс өткізілген болатын.
Санақ жұмыстарын жүйелеу мақсатында Әл-Фараби ауданында бес штаб құрылған. Олар ауданға қарасты №15, №19, №35, №77, №129 мектептерде орналасқан. Сондай-ақ Әл-Фараби ауданының әкімі аппараты ғимаратында Статистика департаменті қызметкерлері жұмыс атқаруда. Бүгінде аудан аумағында жалпы бес нұсқаушы-бақылаушы және отыз үш интервьюер дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді.
Әл-Фараби ауданының барша тұрғындарын осы жылдың бірінші қыркүйек пен отызыншы қазан аралығында өтетін Ұлттық халық санағына белсенді түрде қатысуға шақырамыз, деп хабарлайды Infonews Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.