Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі

0
143

Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады.

«Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс. Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі. Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала – археология. Алматыдағы Археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған. Сондай-ақ төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ. Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл –  ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», деді президент.

Ұлттық құрылтайдың басты міндеті – Екінші Республиканың құрылу қисынына сай қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Өз кезегінде Ұлттық құрылтайдың маңызды міндеттерінің бірі қоғамдық топтасуды одан әрі дамыту бойынша идеялар мен қадамдар әзірлеу болады.  Ұлттық құрылтай институтының бірегейлігі қоғаммен тікелей диалогты қолдауында және дамытуында, бұл өз кезегінде Президентке еліміздің әрбір өңірінің өсіп-өркендеу бағытын бағамдап отыруға мүмкіндік береді. Ұлттық құрылтай құрамына Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер мен көрнекті сарапшылар, сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері және т. б. кіретін жаңа кең ауқымды құрамды қамтиды.

«Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі. Жаңа ғана Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл да – өте орынды бастама. Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын. Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады. Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр. Жақында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым менің шақыруыммен Қазақстанда болды. Ол Түркістанға әдейі ат басын бұрды. Бұл – беделді халықаралық ұйым басшысының соңғы 10 жылда елімізге жасаған алғашқы сапары. Мен Азуле ханыммен арнайы кездестім. Ол маған Бурабай, Марқакөл қорықтары және «Ортеке» өнері ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін растайтын құжатты табыстады. Мұның бәрі Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз. Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет. Елімізде ұлттық кодымызбен барынша үйлесім тапқан түрлі мәдениеттер тоғысқан. Біз төл тарихымызға көптеген халықтардың көрнекті тұлғаларының есімі жазылғанын мақтан тұтамыз. Мысалы, Қазақстанда Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов сынды әлемге әйгілі ақын-жазушылардың мұражайлары бар. Сан қырлы ұлттық мәдениетімізді айшықтайтын осындай мол мұраны сақтап, зерделеу қажет. Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек», деді президент.

Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуы тиіс. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәлімдеді.

«Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді.Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы, ең алдымен, мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс.Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет.Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн.Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді.Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет.Сонымен бірге балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн. Мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру керек», деді.

Сонымен қатар, Президент оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет екендігін, мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуге тиіс екендігін айтты.

«Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек. Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз. Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы қажет. Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин еңбек адамын насихаттау туралы жақсы ой айтты. Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар», деді.

Leave a reply