ҰЛЫТАУ САПАРЫ: ҰЛЫЛАР МЕКЕНІНЕ ТАҒЗЫМ
«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұлысы Ұлытауға» деген ұранмен бастау алған егемендіктің шежіресі мен тәуелсіздіктің шынайы тарихын дәріптеу мақсатында тарихи-танымдық экспедициясы Ұлытауға барып қайтқан еді. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен түркілер төрі қасиетті Түркістанның 50-ден аса зиялы қауым өкілі ұлт ұясы Ұлытаудың киелі орындарымен танысып қайтты.
Сапарға аттанған делегация құрамына ақ жол тілеген қала әкімі өз сөзінде:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы десе, Ұлытауға ұлттың ұясы деп баға берген болатын. Ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолынан бүгінгі ұрпақ та адаспай келеді. Өткенді үлгі тұтар ұрпақ қалыптастыруда өздеріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Бұл бағытта бірге атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп деп білемін. Сіздерге сәтті сапар тілей отырып, ұлылар мекені Ұлытауға киелі Түркістанның ыстық сәлемін жеткізуді сұраймын», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Түркістандық делегация Ұлы даланың Ұлытауындағы тарихи орындарды аралап, ұлт бірлігін нығайту мақсатында Қызылордаға дейін автобуспен барып, одан әрі қарай пойыз тасымалы арқылы Ұлытауға бет алды. Алаштың анасы атанған Сыр елінен бағыт алған жүрдек пойыз қойнауына құт ұялаған мысты шаһар Жезқазғанға табан тіреді. Түркістаннан ақжолтай сәлемін ала келген зиялы қауым өкілдерін Жезқазған вокзалында Ұлытау облыстық және Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары бастап, мәдениет басқармасы, облыс және қала әкімдігінің басшылығы ерекше ілтипаттарымен құшақ жая қарсы алды. «Жол азабын жүрген білер» деген сөздің қаншалықты дөп айтылғанын осы арамен жүргендер түсінетін шығар. Жолдың ауырлығын да елемеген қазыналы қариялар мен аяулы аналар дархан елдің кең пейілділігіне ризашылықтарын білдіріп, арнайы көліктерге жайғасып, алғашқы қадамнан-ақ алғыстарын жаудырды. Алғашқы күннен бастап Түркістандықтарға етене таныс азамат, Ұлытау облысының прокуроры Жарқынбек Бақашбаев сынды бірқатар ел ағаларының бастауымен делегация мүшелері қаланың көрнекті жерлерімен танысты.
Делегация құрамы келесі күні қаладан 160 шақырым жердегі Хан ордасына сапарға аттанды. Хан ордасына апарар жолда түркі мифологиясы үшін зор мәнге ие 9 метрлік «Көк Бөрі» мүсінін тамашалап, бойларына күш-жігер жинап, ерекше рухтанған зиялы қауым өкілдері сапарды жалғастырды. Дәл мұндай мүсін ТМД елдері арасында тек Қазақстанда ғана бар. Ұлытаудың ұлылығын көрсетіп тұратын қайталанбас дербес мүсін. Экспедиция мүшелерi «Ұлытау – ұлт ұясы» монументіне де соқпай кетпеді. Ұлт бірлігінің айқын белгісі іспетті мәдени нысанда естелік суретке түсіп әрі қарай ұлы жолға қамданды. Ұзақ жол болса да батагөй қариялардың жүздеріне шуақ тұнып тұрды. Бұл бабалар мұрасына деген кемел махаббат пен бабалар аманатына деген жауапкершілікті сезінудің айқын нышаны болса керек. Ұлытаулықтардың шұғыл ұйымдастыру шеберліктерінің арқасында экспедиция мүшелері алапат ойдың жетегімен көне тарих көмбесі Ұлытау даласының борпылдақ топырағын шаңдата кешіп, бір күнде қос бірдей ірі тұлғаның, Алаша хан мен Жошы ханның кесенесіне зиярат етіп, тарихи-мәдени жаухарлармен танысты. Жошы хан күмбезінің маңынан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауды ұлттық туризмнің орталығы ету туралы бастамасынан кейін салынған «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің куәсі болды. Сайын далада алыстан менмұндалап көрінетін Жошы хан кесенесін жаңадан салынған мәдени кешен толықтырып, заманауи үлгіде көріктендіре түскендей. Хан кесенесімен екі ортаға Жошының еңселі ескерткіші орнатылған. Оның жанына хан кеңесі өтетін шатыр тұрғызылған. Хан шатырының өзі ойыңды сан-саққа жетелеп, тарихтың тұңғиығына алып баратындай әсер сыйлайды. Мәдени мұраларды зиялы қауымға түсінікті түрде археолог, тарихшы-ғалым Айдар Ысқақов таныстырып, әр нысанның тарихына кеңінен тоқталып, көкірегі қазынаға толы қарияларды рухани байыта түсті. Ұлытау жұрты бағзы заманға саяхаттауға мүмкіндік туғызып, түркістандықтарды киелi орындардың тарихымен таныстырып, сол нысандар-мен байланысты рухани-мәдени құнды-лықтарды насихаттаудан жалықпады.
Ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесі, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерінен құрылған зиялы қауым өкілдерінің екі күнге созылған Ұлытаудағы киелі орындарға сапары қос облыс ақсақалдарының алқалы жиыны-мен қорытындыланды. Қасиетті Түркіс-тан мен Ұлытау арасын шежірелі аймақ жалғап жатыр. Екі өңірдің тарихи-мәдени бейнесі ел үшін ауқымды маңызға ие. Сондай-ақ, бізбен арнайы кездесуге Ұлы-тау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да келіп, Ұлытау мен Түркістанның байланысын нығайту жөніндегі идеяларымен бөлісіп, Ұлытаудың ертеңі мен өркениетке бетбұрысы жайлы өзінің ойларын ортаға салды.
«Түркістан мен Ұлытаудың қазақ үшін орны бөлек. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, біз түрлі кезеңдерді өткерген қайсар, бірлігі бекем халықпыз. Ұлытау жері қазақ тарихында саяси мағынаға ие қасиетті орда. Алғашқы қазақ хандарын сайлаған орда. Қазақ үш жүзге бөлінбей тұрғанда, үш жүзге ыдыраған кезде де ұлы хандарды сайлаған құтты орда. Есім ханның тұсында Қожа Ахмет Ясауи әулиенің кесенесінде хан сайлау басталған еді. Түркістан алты алаштың астанасына айналған еді. Кейінгі хандардың барлығы сол қасиетті Тұран даласынан хандыққа көтеріліп, ислам дінінің өркендеуіне жол ашты. Қазақ хандары Тұран даласынан қаншама шақырымды артқа тастап Жошы ханға келіп тағзым еткені тарихтан мәлім. Жошы хан өмірден өткен соң араға жылдар салып ұрпақтары мазар салды. Бірнеше ғасырлар бойына хандықтың орталығы Ұлытау болғаны да тарих беттеріне жазылған. Сол бабалар жолын жаңғыртып, Ұлытау жеріне қадам басып жатыр екенсіздер. Сіздерді көріп марқайып қалдым. Түркістан мен Ұлытау бірге болса, бүкіл қазақ даласы бірге болады деп ойлаймын»,- деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ, Қызылорда-Жезқазған тас жолын салу арқылы екі тарапты жақындастырып қана қоймай, барша қазақ жұртына киелі орындардың тарихымен танысуға мүмкіндік жасап, тарихи құндылықтармен сусындауға бағыттаушы басты жолды негізге қою жайлы жоспарларымен бөлісті. Алдағы уақыттарда Түркістан-Жезқазған бағытындағы әуе жолын жүзеге асыруды мақсат етіп жатқанын да тілге тиек етті. Түркі дүниесінің есігі болған Түркістан мен ұлы бабаларымыздың жатқан топы-рағы ұлт ұясы Ұлытау арасындағы ынты-мақтастықты арттыру мақсатында түрлі жобалар жасалып жатқанын да айта кетті.
Сәтті сапарға тәнті болған зиялы қауым өкілдері ұлт ұясы Ұлытаудан алған әсерлерімен бөлісті:
Жарылқасын Әзіретберген – облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы:
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси-тарихи шешімімен Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының құрылуы ел ертеңі үшін тарихи оқиға болды. Күллі түркі жұртының тәу ететін ордасы, түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан десек, мына Ұлытаудың да қадір-қасиеті Түркістаннан кем емес. Ұлытау қазақ хандарын ақ киізге көтеріп, хан сайлап, олар халқына адал қызмет етуге ант берген Хан ордасы орналасқан тарихи тапырақ. Жошы хан мен Алаша хан сынды бірқатар ірі тұлғалар жатқан жер. Ұлытау мен Түркістан қазақта жалғыз. Бұл өлкеде қасиет бар, ұлы топырақ бар, қазақтың негізі қаланған жер бар. Бүкіл ел-жұрт мақтанатын, рухтанатын киелі жер деп түркістандық ардагерлер арнайылап бабалар рухымен тілдесіп, тарихи құндылықтармен танысып қайттық. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың арнайы сәлемі мен сый-сияпатын табыстадық. Ұлытауға барудағы мақсатымыз екі өңір арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге, рухани-мәдени байланыс орнатуға, бір-бірімізбен жақын араласуға, пікір алмасуға, бірлігімізді арттыруға, тарихымызды насихаттауға бағытталды.
Балтабай Жарылқасынов – Сауран аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:
-Бұл тарихи-танымдық сапардың мәні Ұлытау жеріне барып Хан Ордасын көзбен көріп, тамыры терең тарихи құндылықтармен танысып, бабалар рухымен тілдесіп, қазақ үшін киелі мекендердің арасына алтын көпір орнату. Қазақ тарихына үңілсек, Ұлытау мен Түркістанда үш жүздің басын қосып, алты алаштың алдында ақ киізге отырғызып хан сайлаған хан ордалары болған. Қазіргі уақытта президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы екі қасиетті өлкеге облыс мәртебесін беріп, тарих алдындағы абыройын аспандатып, тарихи нысандарды мемлекет қорғауына алып, реставрация жұмыстарын жасап, жандандырып жатқаны көңіл қуантады. Ұлытау мен Түркістан тамыры тереңде жатқан тағдырлы да, қилы кезеңдерді өткерген тарихи орда. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, тек Шыңғыс ұрпағы қазақтың ханы болып сайлануға құқылы болған. Ал қазақ даласында хан сайлау дәстүрі Ұлытаудан басталған. Хан Ордасы Ұлытаудың ұлылығын дәріптеуге хандар ордасын тіккен, ақ киізге отырғызып ұлықталған, ұлы далаға билік жүргізген ортағасырдағы керуен жолының бойында жатқан тарихи орын. Елдің ынтымақ-берекесі үшін жан аямай күрескен асыл бабаларымыздың басына барып, құран бағыштап, зиярат ету біздің азаматтық борышымыз. Біз бұл орталықтарды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ертеңгі ел болашағы бүгінгі жастардың бойындағы ұлттық рухтың шырағы сөнбей елге адал қызмет етіп, ел өркендеуі жолындағы жасап жатқан жұмыстарына куә боп қайттық. Сапардың тағы бір астарлы мағынасы рухани шахар мен Ұлытау арасындағы мәдени байланыстың мәнін арттыру.
Оразгелді Егізбаев – Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:
-Қасиетті Түркістан қаласының игі сәлемін ұлы бабаларымыз мәңгілік мекен тапқан киелі Ұлытау жеріне жеткізу мақсатында саяхатқа шықтық. Ұлытау туралы толғанбай, тебіренбей сөйлеу мүмкін емес. Әуелгі сөз басын осы зияратты ұйымдастырушы қала және облыс әкімдігіне деген аталық ризашылығымды жеткізгім келеді. Ұлытаудың ұлы топырағынан алған әсерлеріміз өте бөлек. Ел президентінің бастамасымен жақында ғана құрылған Ұлытау облысына әрі зиярат, әрі құтты болсын айту мақсатында қасиетті Түркістан шахарынан делегация құрып, алғашқылардың бірі болып келдік. Үш күнге жалғасқан зиярат барысында көптеген тарихи-танымдық құндылықтарымызбен қайта қауышып, ұлытаулықтардың қошеметіне кенеліп, жоғары дәрежедегі құрметке ие болып, үлкен әсерге бөлендік. Ұлытау облысының мәдениет басқармасы, Жезқазған қаласының әкімдігі сән-салтанатымен алдымыздан құшақ жая қарсы алып, бізді сыйлап қонақжайлық көрсетуі өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ халқы ежелден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын халық. Дастарханы мол, пейілі кең Ұлытау жұртының қонақжайлылығына ерекше риза боп қайттық. Ел президентінің алғашқы құрылтайы Жошы хан кесенесінің басында өтуі де тарихи оқиға. Президенттің ұйытқы болуымен Жошы хан күмбезінің айналасында заманауи үлгідегі тарихи-мәдени музей салынған екен. Бұл бабалар жолын ұлықтауға, өскелең ұрпаққа тарихи құндылықтарымызды дәріптеуге арналған игі жоба деп есептеймін.
Пернетай Досыбеков – «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы:
-Төрт қақпалы қасиетті Түркістан топырағынан Ұлытау облысына зиярат жасап, киелі орындарды аралап, үлкен толқыныспен келе жатқан жағдайымыз бар. Облыс әкімі мен қала әкімінің қолдауымен алғашқылардың бірі болып Ұлытау жеріне барып, халқымен қауышып, тарихымен танысып, облыс мәртебесін алған Ұлытау жұртын құттықтап келеміз. Ұлытаудан алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы іссапарын Ұлытаудан бастағаны, алты алаштың басын қосып құрылтай өткізуі халық жадында, ел тарихында қалатын тарихи оқиға. Түркістандықтардың ақжолтай сәлемін жеткізудегі мақсатымыз ойдағыдай орындалды. Тілге тиек етер тағы бір жайт бар. Былтыр тәуелсіздік күнінің қарсаңында Қаз дауысты Қазыбек би бабамызға арналған алып ескерткіштің ашылуы болды. Бабамыз мәңгілік ұйқыдан оянып, алақанын жайып исі мұсылманды ынтымаққа шақырып тұрғандай әсер береді. 2017 жылы Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығы қарсаңында Қарағанды қаласына барғанда, қазіргі сенат төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды мен Түркістан арасында алтын көпір орнады деп сүйіншілеген болатын. Сол алтын көпірдің жалғасы осы Ұлытау даласына жасаған сапар деп есептеймін. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық облысымен Түркістанның байланысы орнаған. Ұлытау халқына да кемел болашақ, бақ-береке, ынтымақ-бірлік тілеймін.
Берік Жолдықараев – кәсіпкер:
-Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың қолдауымен құрылған экспедиция мүшелері Ұлытау облысына жолға шыққан болатын. Киелі Түркістан топырағынан ұлт ұясы Ұлытауға барудағы мақсатымыз қасиетті орындарға тағзым етіп, бабалардан қалған асыл мұраларды көзбен көріп, қатпарлы тарих беттерімен танысу, киелі мекендерге зиярат ету барысында үлкенге құрмет көрсетіп, тағылымды істен тәлім алу, ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту. Сонымен қатар зиялы қауым өкілдерін жатын орындарымен, көлік тасымалымен, денсаулықтарына көңіл бөлу мақсатында дәрі-дәрмектерімен, жалпы алғанда жайлы қызмет түрлерімен қамтамасыз ету арқылы олардың ақ батасын алу. Сапардың ұйымдастырушы құрамында болып, әрбір істің оңтайлы шешімін табу маған жүктелген азаматтық борыш. Көзі тірі қазыналы қариялардың алғысын алу біз үшін үлкен бақыт. Ұлытаудың дархан даласындай қазақтың кең пейілі де ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұлытауға апарар жолдың өзі тарихи тағылымды, бабалар аманатына деген махаббатты қуаттайтын, таңбалы тасқа қашалған өркениет қазыналарымен қауыштыратын ұлы жол.
Ұлытаудың ұлылығына басымды иіп, қайтар жолда пойызға отыра салып терезеге көз салдым. Не адамы, не аңы, не құсы жоқ байтақ далаға еріксіз көз жүгірттім. Көз жүгірттім де беймәлім бір ойға баттым. Осындай дархан далада ілгеріде жүріп өткен ұлы көш, бабалардың үркін көші жадымда жаңғыра берді. Қайран, асыл текті бабалар. Сендер жүрген топырақтың қадірі мен қасиетін ұрпағың боп сезіне алмай жатсақ, лайықты құрмет пен тағзым көрсете алмай жүрсек, бізді кешір. Сол бір жауапсыз ойдың жетегімен «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» Неге екені белгісіз осы бір сөздің төркіні қайдан шықты, астарында қандай мән бар деген сауал маза бермеді. Содан құс тілін білген Есенғали Раушановтың «Ұлар – кешегі жүген-құрық тимеген арда қазақтың бізді тастап аспан жаққа көшіп кеткен рухы емес пе екен?», – деген сөзі ойға оралды. Ұлытаудың қасиеті мен дархан даналығы, бабалар бойындағы тектілік пен қайтпас қайсарлық қазақ даласында ұлардай еркін кезіп жүрген секілді…
Ұлт ұясы Ұлытау облысына түркілер төрі қасиетті Түркістан қаласынан аттанған сапар ерекше әсерлі өтті. Ұлытаулықтар зор қимастықпен, сән-салтанатымен шығарып салды. Бұл далада біз бармаған әлі көптеген тарихи орындар менмұндалап қала берді. Тәңір жарылқаса, сол тарихи мекендерге де баратын күн туар…
Азамат ӘЛІБЕК.