ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ БОЙЫНДАҒЫ САЯБАҚ ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРЫНДА
Түркі елінің түп-тамыры тараған Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтар легі бір сәтке де тоқтаған емес. Қарт шаһардың қазыналы тарихын қайта түлетіп, тіршілігіне қан жүгіргелі 5 жыл да болып үлгерді. Тұрғындардың алғысына, қонақтардың ыстық ықыласына бөленген нысандар қатарында саялы саябақтардың алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 45 саябақ, 34 сквер, гүлзар және 9 жасыл алаңдар бар. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен есте қалатын бұл жерлер халыққа қызметін қалтқысыз атқарып келеді десек қателеспейміз. Осындай ерекше демалыс орындарының қатарында «Жібек жолы» саябағы да бар. Шығыс пен Еуропалық стилдердің тамаша ұштасқан ордасы жайында толығырақ айта кетсек.
2020 жылдың тамызында жаңарған Түркістанның жаңа саябағы жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз қылды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Жақында ғана облыс орталығына айналған Түркістанда жаңа инфрақұрылымдық нысандардың ашылып жатқаны қуантады. Қала тұрғындары мен туристерге арналған Сапар орталығы мен «Жібек жолы» саябағы да көпшіліктің көзайымына айналатынына сенімдімін»- деп жазған еді.
2019 жылы құрылысы басталып, іргетасы қалана бастаған нысанды Мемлекет басшысына сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзі таныстырған. 2021 жылы пайдалануға берілген саябақ шынында да келушілердің көзайымына айналды. Киелі қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскен демалыс орнын Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары жаңарған Түркістанға тарту еткен. Мердігер компания «Bazis Construction» ЖШС жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайтын демалыс орнына өзіндік ерекше стиль қалыптастыра білген. Мәселен, «Түйелер керуені» композиция-сы бұл жерге ерекше шығыстық рең береді. Шөлді сүйетін жануар қала тарихында ерекше орын алады, сондықтан түйе бейнесі бар мүсіндер көшелерде жиі кездеседі. Алып аумақты алып жатқан бұл жерде 2 301 дана ағаш отырғызылып, 5 363 дана бұталар, 3,36 гектар жерге гүлдер отыр-ғызылған. Түркістанды жасыл желекке айнал-дырып, қаланың табиғатына, климатына әсер етуді көздеген әкімдік «Жібек жолы» саябағындағы ағаштар санын әлі де арттыруға ниетті.
Саябақтың саясына тынығуға келген кез-келген азамат үшін бұл жерден жанына тыныштық, бойына қуат алуға мүмкіндік бар. Сан түрлі сауық орындары атын атап, түсін түстеп өтуге әбден лайық. Олардың көшін қырдағы байқау алаңы бастап тұр. Сәулеттік шешімі бабаларымыз мекен еткен киіз үй мен шаңырақты еске түсіріп, іргелес жатқан аумаққа жоғарыдан көз салуға мүмкіндік сыйлаған. Балаларға арналған атракциондар, алып көру шеңбері, шулы субұрқақтар мен жасанды көлдер көптің көңілінде ұзаққа сақталады.
«Жібек жолы саябағы – отбасымызбен жиі келетін демалыс орны. Өзім де осы демалыс орнына жақын маңда тұрамын. Әр жексенбіні осында келіп өткізуге тырысамыз. Әсіресе, балаларым осы саябаққа келгенді қатты жақсы көреді. Мұнда бәрі ерекше. Басқа жерлерден кездестіре бермейтін ағаш түрлері, әсем гүлдер көңілге жайлылық сыйлайды. Жасанды көл мен атракциондар өзімізді құдды бір шетелде демалып жүргендей сезіндіреді»- дейді «Отырар» мөлтек ауданының тұрғыны Жалғас Амангелді.
Ауасы таза, аумағы жасыл желекпен көмкерілген саябақта барлық жағдай қарастырылған. 1071 дана жарықшамдары демалыс орнын кешкі уақытта да жанға жайлы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Сондай-ақ, саябақта 177 орындықпен 4,58 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқысы келетіндер үшін де бұл жер таптырмас демалыс орны. Сөзіміздің дәлелі ретінде, жүгіру және велосипед жолақтарын айта кетсек болады. Еуропалық стандардтарға сай салынған жолақтар өз велосипеді барлар үшін ғана пайдалы емес. Бұлай деуіміздің себебі, «Turkistanbike» жалға беру пунктінде демалушыларға қос дөңгелекті көлікті жалға алуға мүмкіндік бар. Ал, командалық спортпен айналысқанды жаны сүйетіндер үшін салынған футбол, баскетбол алаңдары мен теннис үстелі келушілер арасында үлкен сұранысқа ие екенін аңғару қиын емес.
Түркістан қаласы – еліміз үшін ғана емес, күллі түркі жұртшылығы үшін маңызы жоғары мекен. Құт қонған киелі шаһардың өркендеп-өсуі үшін жасалып жатқан жұмыстар талайды таңдай қақтырып, көз жауын алардай әсер беретінін жоққа шығара алмаймыз. «Ұлы Жібек жолы» деген атпен әлем тарихында алтын әріппен жазылған керуен жолының орын теуіп, Еуропа мен Азияның арасында алтын көпір болған көне Түркістанның бүгінгі бет-бейнесіне, келбетіне көрік қосқан «Жібек жолы» саябағы да уақыт өте өзіне тиесілі бағасын аларына күмән жоқ. Сөзіміздің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін ұсынған едік. Шынында да, ел президенті өз пікірінен жаңылмағанына уақыт куә. Саялы саябақ қазіргі таңда қаланың мақтанышына, туристердің көзайымына, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.
Иә, мұндай жобалар әрбір өңірлерде кездесе беретіні анық. Ол таңқалатын дүние емес. Десе де Түркістанның тұрғындары және қонақтары үшін мұндай саялы мекендердің орны ерекше. Тарихқа кері шегініс жасасақ, дәуірлеу кезеңімен кешегі солақай саясат тұсында теперіш көрген қастерлі мекеннің бүгінгі қайта жаңғыруы мен атына сай құрмет биігіне көтерілген кездегі атқарылып жатқан әрбір істің орны ерекше екенін айтқымыз келген. Сондықтан тарихи топыраққа қадам басқан әрбір жанның жүрегіне қуаныш ұялататын осынау тірліктерге тұрғындар да және билік басындағы шенеуніктер де жауапкершілікпен қарап, қадірін түсінсе екен дейміз.