ҰОС АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
60

Өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет ешуақытта толастамайды. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мусаевтың отбасына арнайы барып, құттықтады.
Ескі Иқан ауылының тұрғыны, 100 жастағы Закир ата аудан басшылығын қуана қарсы алып, жауынгерлік жолдарынан сыр шертті. Аудан басшысының өзін арнайы құттықтап келгеніне риза болып, алғысын айтып, “Еліміз аман, жастарымыз бақытты өмір кешсін. Бейбіт заман болсын” деп батасын берді. Аудан әкімі Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдіріп, сый-сияпатын табыстады.
Закир Мусаев 1943 жылы Кеңес әскері сапына шақырылып, қыркүйек айында соғысқа аттанған. Соғыс аяқталған соң, 1950 жылға дейін Германияның Дрездин қаласында МВД ғимаратында күзетші болып жұмыс істеген. 1950 жылы елге оралып, Калинин колхозында есепші болып жұмыс атқарды. ХХІІІ партсъез совхозы Иқан мақта пунктінде 35 жыл есепші болып жұмыс істеген. 1985 жылы 31 маусымда зейнетке шыққан.
Бүгінгі таңда ұл-қыздарының ортасында өмір сүріп жатқан атамыздың ойы – сергек, санасы – тың. Ұрпағы мен елінің тыныштығын тілеп отырған жайы бар. Ақ тілегін аямаған қазыналы қарияның көрер қызығы таусылмасын деп ақжарма ниетімізді білдірдік.
Жылдар өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз.

1941-1945 жылдары ел басына ауыр күн туған шақта елді дұшпаннан қорғауға аттанған қазақстандықтардың майданда көрсеткен ерліктері орасан зор екендігі мәлім. Олардың қолына қару алып, көкірегін оққа тосып, жеңісті жақындатуға қосқан еңбектері тарихта ойып тұрып орын алды.

Ұлы Жеңістің 79 жылдығы мерекесі қарсаңында Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мұсаев ақсақалға арнайы барып, сұхбаттастық.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде ел шетіне тиген жаудың бетін қайтару үшін Түркістаннан 18547 ер азамат аттанса, кәмелетке енді толған Закир де өз еркімен кете барды. Майданға аттанғандардың 2,5 мыңы елге аман-есен оралса, қазір Түркістан облысы бойынша саусақпен санарлығы ғана қалған.

«Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» деген сөз бар. 1943 жылдың 9 ақпан күні Түркістан әскери бөлімінен аттанғанын, Украйнаның Житомир қаласынан бастап азат еткен қанды қырғынды Германияда аяқтап, 1950 жылға дейін Дрездин қаласында әскери борышын өтегенін, Сталин, Черчилл, Рузвельт қол қойған Подстам конференциясын күзеткенін сонымен қатар, соғыста екі рет жарақат алғанын, біріншісі, 1943 жылы 4 желтоқсан күні соғыс алаңында жарақат алғанын, екіншісі, 1945 жылы 11 қаңтар күні Германия жерінде жаралы болғанын көз алдынан өткізіп, тебіреніске толы естеліктер айтып берді…

Ойпырмай, 98 жасты еңсерген қарияның есте сақтау қабілетінің мықтылығына таң қалғанымыз рас.

Иқандық бейнеткеш халық Жеңісті жақындатқан майдангерлерді ешқашан ұмытпайды. Сұм соғыс салдарынан Закир қарияның да Юсуп Тайымов, Әбдулахат Юсупов, Әбдулқияс Юсупов, Мірқайдар Мұсаев, Іскендір Мұсаев есімді жерлестері елге оралмаған. 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесіне орай, ауылдастары майданда опат болған боздақтардың есімін ел есінде сақтау мақсатында ауылдағы жайқалған жеміс бақтарына әрқайсысының есімін беріпті.

Бүкіл Түркістан өңіріндегі экономикалық жағдайды әлі күнге дейін қас қабағымен бағып отырған ақсақалды елдің пір тұтатын себебі, ол қырық жылға жуық Иқанның есеп қисабын басқарса да, қазынаның бір тиынына тиіспеген. Қазіргі қазынаның қаржысына қол салып, қол салғанда да мол салатындарды мүлде түсінбейді. Қолымда құқықтық мүмкіндігім болса, оларды халық жауы ретінде көзін жояр едім, — дейді соғыс ардагері.

Қарияның зейнетке шыққанына қырық жылдан асса да, сөзі де өзі де тым ширақ.

— Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен облыс мәртебесін алған Түркістанның болашағы жарқын. Тәулік бойы жүргізіліп жатқан қаланың құрылысы тоқтамаса, ертегідегі батырлардай тез-ақ алыпқа айналады. Күн сайын түрленген Түркістанды көрген сайын жүрегім жарыла қуанамын. Түркістан ғажап көркейіп келеді.

Еліміз аман, бейбітшілік заманымыз мәңгілік болсын. Патшамыз аман болсын. Бүгінгі таңда елімізде барлық жағдай жасалынуда. Зейнетақымызға да жыл сайын үкімет тарапынан қаржы қосылуда, — деген қария ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі.

«Алдыңда қартың болса, жазулы хаттай», — дегендей, бүгінгі таңда 1 ұлы мен 4 қызынан 27 немере, 20 шөбере, бір шөпшек сүйіп отырған Закир ақсақалдың ғибраты, турашыл қам қарекеті темірқазықтай айқын, бағыт -бағдары әр жасқа үлгі.

Leave a reply