ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ЖАЛҒАҒАН ӘУЛЕТ
Еліміздің өркендеуіне Түркістан локомотив пайдалану депо ұжымының да қосқан үлесі қомақты. Ынтымағы жарасқан мекеменің жағдайы жақсарып, тұрмыс-тіршілігі шырайланып отырған жайы бар. Осы орайда Түркістан локомотив пайдалану депосының бөлім бастығы Нұрлан Сыздықовпен арнайы барып сұхбаттасқан болатынбыз.
– Нұрлан Жұматайұлы, алдымен өзіңіз туралы және темір жол саласына қалай келдіңіз? Осы туралы баяндап берсеңіз?
– Мен 1959 жылы 7-ші маусым күні Түркістан қаласында көп балалы жанұяда дүниеге келдім. Әкем Жұматай Сыздықов теміржолға қарасты халыққа білім беретін №40 кешкі мектебінде ұстаздық етсе, анам Қалқаман Сыздықова темір жол торабы ауруханасында балалар бөлімінде медбике болды. 1966 жылы теміржолға қарасты №19 мектепке барып, 1976 жылы осы мектепті үздік бітіріп шықтым. Өзімнен үлкен ағаларым Омар, Оспан локомотив депосында тепловоз машинисті болып жұмыс істейтін. Бос уақыттарында ағаларым депоға бірге ертіп барып, тепловоздың күрделі техника екенін түсіндіретін еді. Осы кезден бастап ағаларым үлкен өмір жолына бағыт-бағдар бергендей еді. Сонымен ағаларымның жолын қуып, ата-анамның рұқсатымен локомотив депосына машинист көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Ал, 1978-1980 жылдары Кеңес Одағы Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышымды абыроймен атқарып келген соң, локомотив депосында жұмысымды қайта жалғастырдым.
– Темір жолды ел экономикасының күре тамыры деп жатамыз. Бүгінде 40 жылдан аса темір жол саласында мінсіз қызмет атқарып келіпсіз. Осы жылдар ішіндегі қызығы мен шыжығы мол салада жүріп өткен жолыңызды саралап өтсеңіз?
– 1981-1986 жылдары тепловоз машинисті болған кездері комсомол жастар үйірмесіне жетекшілік еттім. КСРО-ның 70 жылдығына 70 ауыр салмақты поезд алып жүріп жинаған қаражатты Бейбітшілік қорына аударуға күш салдық. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, халық депутаттары Түркістан қалалық Кеңестің депутаты, Ленин орденді Алматы темір жол басқармасы кәсіподақ президиумының мүшесі болып сайландым. Сол жылдары Түркістан темір жол торабына жаңадан 360 орынды балабақша, А.Навой мектебіне 1200 орынды 3 қабатты ғимарат, 90 орынды 3 қабатты аурухана, 90 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй салынуына атсалыстым. Ал, 1986 жылы Түркістан темір жол торабы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып жұмыс жасадым. Осы тұста комсомол комитетінің хатшысы ретінде жастарды сенбілікке ұйымдастырып, қаладағы Локомотив стадионын күрделі жөндеуден өткізіп, 7000 көрерменге лайықталған орындар салынды. Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсеновтың ерлігін зерттеп, оған теміржол саябағы ішінен мыстан үлкен ескерткіш қойылды. 1990 жылы Түркістан теміржол торабы партия комитетінің хатшысы, қалалық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайландым.
Осы тұста Ұлы Жеңістің 45 жылдық мерекесіне орай, «Соғыс және Еңбек Даңқы» мұражайы ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда бұл мұражайда 600-ден аса экспонат пен суреттер жинақталып, келушілердің көзайымына айналған. КОКП Орталық Комитетінің «Тұрғын үй-91» бағдарламасын іске асыру мақсатында қоғамдық негізінде үй құрылысын салу барысында 168 депо жұмысшылары мен қызметкерлері үйлі-жайлы болды. Депо ұжымы қажырлы еңбегінің арқасында 1983-1989 жылдары аралығында КСРО Жол Қатынастар Министрлігі мен Кәсіподақ Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туын иемденді. Осы тұста көптеген жұмысшылар мемлекеттік марапаттармен, орден, медальдармен, «Құрметті теміржолшы» төс белгілерімен мадақталды.
– Еңбек жолыңызды тек темір жол саласымен байланыстырасыз ба? Әлде ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қала әкімдігінде қызмет атқарыпсыз, осы жайында айтып өтсеңіз?
– Иә, 1992 жылы Түркістан қаласы әкімшілігі жастар ісі, саяхат және спорт бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Осы тұста қалада тұңғыш рет «Түркістан аруы», «Жігіт сұлтаны», «Студент жастар фестивалі», «Көңілді тапқырлар клубы» ұйымдастырылып, қаламыздағы жоғарғы және орта арнаулы білім беру оқу орындары арасында сайыстар өткізілді. Жеңімпаз болған жастарымыз республикалық байқауларға қатысты. Көзі тірісінде аты аңызға айналған әлемдік деңгейдегі боксшы Түркістанның төл перзенті Әбдісалан Нұрмаханов ағамыздың атындағы алғашқы халықаралық турнирін өткізуге ықпал жасадым. Бұл турнир бүгінгі таңға дейін жалғасын тауып, қаншама боксшылардың тәжірибесін шыңдауға өз үлесін қосып келеді.
– Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында Түркістан Локомотив депосына қайта келіпсіз. Депоның бүгінгі тіршілігіне кеңінен тоқталып өтсеңіз?
– 1998 жылы Түркістан локомотив депо бастығының поездар қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі көмекшісі, техникалық бөлімде жетекші инженер қызметтерін атқардым. 2009 жылы тепловоздардың жөнделуін бақылау бөлімінің бастығы болып, осы жылдар аралығында деподағы есеп айырысу жұмысшы тобына жетекшілік еттім. «Локомотив» Акционерлік Қоғамы осы жылдар аралығында жарты миллиардтан аса нақтылай айтқанда 534 миллион теңге кіріс тапты. Осы ретте, 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде абыройымен өткізген киелі де, қасиетті қаламызға құт береке ала келген, сонау патша заманында іргетасы қаланған бұл темір жол ел мен елді табыстырып, Орта Азияны Еуропаға жалғастырып, жолаушыларды, халық шаруашылығы жүктерін тасымалдауда үлкен қызмет атқарып келеді. Ғасырдан аса уақыт ішінде осы темір жолда жүйткіген паравоздар мен тепловоздарда түркістандық локомотив бригадалары жұмыстың алғашқы күнінен бастап, поезды жүргізу мен техниканы меңгерудің алдыңғы қатарлы тәсілдерін табысты игеріп, поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ете білді. Қазіргі таңда ТЭ33А тепловозы «Түркістан-Арыс» және «Түркістан-Шиелі» телімінде қызмет етуде.
Ардагер, зейнеткер ағаларымыз салып кеткен сара жолда депо жұмысшылары жұмыс ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпей, Қазақстан темір жолының, Түркістан локомотив депосының 115 жылдық мерейтойын лайықты тартулармен қарсы алып, мерейлі мерекелерді жоғарғы деңгейде атап өтуде. Бүгінгі таңда Түркістан локомотив пайдалану депосында 400-ге жуық жұмысшы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» табысты еңбек етуде. 56 қызметкердің жоғары, 36 қызметкердің орта техникалық арнайы білімі бар. 4 қызметкеріміз өндірістен қол үзбей жоғарғы оқу орындарында сырттай оқуда. Депо еңбеккерлерінің осындай жоғарғы жауапкершілігінің арқасында біз қызмет көрсететін «Арыс – Түркістан – Шиелі» телімдерінде бірде – бір ерекше есепке алынған ақау орын алған жоқ.
Қазақстан Республикасының басшылығы темір жол саласына үлкен мән беріп, заманында Шығыс пен Батысты табыстырған «Ұлы Жібек жолы» өткен байтақ мекенде бүгінгі таңда мемлекеттер арасында даму көпіріне айналған, тамыры тереңде жатқан тарихи бағыттың болашақта да қанат жайып, бірнеше елді біріктіре беретініне зор сенім білдірді. Ғасырлар бойы бірнеше елдердің арасындағы дәнекерге айналған «Ұлы Жібек жолы» басып өткен байтақ дала, Қазақстан жерінің келешекте мемлекетаралық маңызы зор транзиттік дәлізге айналары күмәнсіз. Оған сенімде мол, толық мүмкіндігіміз де бар.
– Нұреке отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Жұбайым Жанат Сыздықова қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 жалпы орта мектебінде 40 жыл ұстаздық етіп, бүгінде зейнеткерлікке шықты. Жанат екеуміз 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 4 немере сүйіп отырған жайымыз бар. Әрбір отбасы еліміздің өркендеуіне үлес қосса, Қазақстан таяу жылдарда әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылады деген сеніміміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет!