ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУҒА ЖАҢА ТАРИХИ ҚАДАМ

0
118

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бір жыл бұрынғы жолдауында елімізде қордаланған көптеген мәселенің шешімі айтылған болатын. Соның бірі: ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін өсіру жайлы сөз қозғап, бұны кезең-кезеңмен ұлғайту керектігін айтты. Сондай-ақ, жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституцияға сай «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет екендігін атап өтті.
«Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады» — деді Президент.
Сонымен қатар, Президент Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін 2023 жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды. «Біз көпшіліктің мүддесімен депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз»,- деді.
Балалар үшінде жағымды жаңалық — «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарлама қолға алынады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады.
Бұдан бөлек, сайлау жүйесін жетілдіру керек екендігін түсіндірді. Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын. Бұл жүйе биыл айтарлықтай орындалды. Депутаттар халықтың арасын да шықты.

«Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады», деді.

Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түспек.

Одан бөлек, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту аясында бірқатар мәлімдеме жасалды. Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.

«Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады», деді.

Сонымен қатар президен сайлау үдерісін жаңғырту керектігін ұсынды. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге, коронавирус індеті де әсер етуде. Көптеген елдер дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн. Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді президент ұсынған болатын. Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеп, бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналатындығын айтты. Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда президент байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санады.

«Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды. Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды. Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің араласуына қандай да бір мүмкіндік бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек», деді.

Сонымен қатар, президент құқық қорғау институттарын күшейту керектігін айтты. Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, президент елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды.

«Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі. Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал, былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды. Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі. Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады», деді.

Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Президент бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау берген болатын. Осы бойынша Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырды.

«Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн.Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Жолдау соңында сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы «Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»,- деп, барша одандастарымзды бірлікке шақырды. Келешек үшін, ұрпағымыздың ертең үшін бірлікті сақтап, аянбай қызмет етейіік. Күдікпен емес, жақсы үмітпен өмір сүрген абзал», деді президент.

Құндыз Мұратқызы, Төлеби ауданы, Жастар ресурстық орталығы КММ-нің инспекторы

Leave a reply