Әжүж бен Мәжүж деген кім?
Мәлике: Әжүж бен Мәжүж деген кім?
Әбілда: Ол Ескендір патшаның заманында өмір сүрген азғын бір ел еді. Олар көз көретін, аяқ жететін жердің бәріне бәле толтырыпты. Басқан іздеріне қайғы мен сор тұныпты. Олар Ескендірдің айбынынан ықпады. Қанша шайқасып қырса да, Зұлқарнайын оларды тауыса алмады. Біреуін өлтірсе екеуі пайда болды. Екеуін өлтірсе төртеуі пайда болды. Ұрған сайын семіріп, өлген сайын көбейіп, құмырсқадай қаптады. Шарасы таусылған Ескендір Тәңірден көмек сұрады. Тәңірі оған «Аллаһу әкбар» деген дұға үйретті. Сол сөзді айтқанда Әжүж бен Мәжүж қолға түсіп, әскері жермен жексен болды. Ескендір оларды ұстап, Қап тауына қамады. Пейіште періштелер соққан шынжырмен байлап, бекітті. Тауды айналдыра қалың темірмен қоршап, қамал салды. Қамалдың қалыңдығы алпыс құлаш. Биіктігі жетпіс құлаш болды. Әжүж бен Мәжүж сол зынданда әлі жатыр. Күн сайын мыңдаған құбыжықты дүниеге әкеліп, әскерін көбейтеді екен. Балалары әр тыныс алған сайын есейіп, көзді ашып жұмғанша алпамсадай дәуге айналады. Шаштары дулығаға, терісі сауытқа, тырнағы қылышқа айналып шығады. Бірақ жер бетінде бір момын «Аллаһу әкбар» деп азан шақырса барлық әскері бір сәтте қырылып қалады екен. Қашан жер жүзінде азан шақыратын адам қалмайды, сол кезде олар көбейіп, шынжырды үзіп, қамалды қиратып жарық дүниеге шығады.
«Отбасы хрестоматиясы»