Вторник, 4 марта

Әзімбек ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, Түркістан қаласының әкімі: «ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮРЛЕНУІ ЕҢ АЛДЫМЕН ӨЗІМІЗГЕ КЕРЕК»

0
6

Апта басында қызметіне кіріскеніне бес ай толған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлымен сұхбаттастық. Жастық жігерін елге қызмет етуге арнаған әкіммен кездескен аз уақытта қандай мәселелерге басымдық беріліп жатқанын білуге тырыстық. Сұхбат барысында есепті кезеңге сай 2023-2024 жылдардағы көрсеткіштердің салыстырмалы мәліметтері назарларыңызға ұсынылып отыр. Сонымен бірге, шаһар тынысында бірқатар жаңалықтар да сөз болды.

— Әзімбек Пазылбекұлы, қызметке келгеніңізге бес ай толып отыр. Осы аралықта шаһардағы бірқатар мәселеге көз жеткізген боларсыз?

— Иә, халықпен танысып, мәселелерді көзбен көріп отырмыз. Дегенмен бес ай көп те мерзім емес. Айтпағым бәрін көріп танысып алдым дей алмаймын. Әлі де әрекеттенуіміз керек. Халыққа қызмет, көптің көңілінен шығу барысында бәрін білемін дегеніміз жарамас. Осы уақыт ішінде шешімін табу қажет деген жобалар, кезек күттірмей іске асыруға тиіс мәселелер және межелі міндеттеріміз аз емес. Соның арасында, жүрген жерімде айтып жүрген басты мәселе – тазалық. Тазалық бар жерде тәртіп бар, көркемдік пен береке бар. Бастысы мәдениетіміздің белгісі – тазалық. Өздеріңізге белгілі тарихы тереңнен сыр шертетін Түркістан облыс орталығына айналды, жалпы дархан даламыздың қасиет қонған құтты мекені тіпті түркі жұрты қастерлейтін жер. Таяу күнде осындай тарихи мекенге мемлекет деңгейінде ерекше мәртебе берілгелі тұр. Бұның барлығы Түркістанға яғни Ахмет Ясауи бабамызға деген айрықша ықылас пен құрметтен туындап отыр. Ал, біз сол құрметтің үдесінен шыға білуіміз керек. Ол үшін қаламызға құрмет көрсетіп, алыстан ат арытып келгендерге, бірінші кезекте жергілікті халық өз істерімен үлі болуы тиіс. Соның бастауында әлгі айтып отырған тазалық мәселесі тұрады.

— Демек тазалық басты мәселенің бірі дейсіз ғой?

— Әрине. Келешекте Түркістан қаласы тұрғындарының негізгі табыс көзінің бірі туризм саласы болады. Оған алғышарттар жетерлік. Мәселен 2024 жылдың қорытындысы бойынша қалаға 1,1 млн. турист келген. Оның ішінде 23,2 мың шетелдік туристер бар. Орта есеппен алғанда күн сайын Түркістанға 70-тей шетелдік азамат келеді деген сөз. Ал жалпы турист санын бір күнге шақсаңыз қаламызда 3 мыңнан астам қонақ болады. Бұны айтып отырған себебім, осындай туристердің санын арттыру үшін бірінші кезекте оларға жайлы орта қалыптастыруымыз тиіс. Соның басында ең бірінші тазалық тұрады. Сонымен бірге, қауіпсіз орта, жайлы инфрақұрылым, сапалы сервистік қызмет көрсету, тұрғындардың мәдениеті деген секілді мәселелер күн тәртібіне шыға береді. Менің тазалық деп отырғаным осы. Жақында бір азамат маған «тазалық туралы көп айтады екенсіз»,- дейді. Айтпағанда қайтемін. Қай тірлікте тазалық болмаса ол жұмыстан, тіпті біздің қадір тұтатын қасиетті мекенімізден де мән іздеудің керегі жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде мен тазалық жоқ немесе сақталмайды деп көпке топырақ шашпаймын. Бірақ күнделікті тірлік барысында кездесетін олқылықтар жанға батады. Осы себептен де тазалық сақталса екен деймін.

Осы жерде бір мәлімет бере кетсем деймін. Жалпы қалада 875 көшеге тазалау жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде 112 көшеге күнделікті, 342 көшеге аптасына 2-3 рет, 421 көшеге аптасына 1 рет тазалық жұмыстары жүргізіледі. Тек осы тазалық жұмысы үшін 410 қызметкер бар. Оның санын биыл 600-ге дейін көбейтеміз деп отырмыз. Одан бөлек, 2025 жылы тазалық жұмыстарына қосымша 25 арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Егер әрбір азамат қала тазалығын сақтауға атсалысқан болса, қазынадан артық қаржы жұмсап, шығын жасамас едік. Мұндай шығындардан бөлек, өткен жылы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясына жалпы саны 85 мың адам тартылды. Оған қоса 4 мыңнан аса еріктілер бар. Сөйтіп 20 мың тонна қоқыс шығарылып, 150 мың түп ағаш отырғызылды. Тазалықты сақтауға, оның алдын алуға қатысты былтыр жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жүргізіліп, 1562 азаматқа ескерту берілсе, 3411 азаматқа айыппұл салынды. Бұл көрсеткіштер мен айтып отырған мәселенің нақты дәйегі.

— Түсінікті. Тәртіп болған жерде тазалық бар дейсіз ғой. Ендеше, туризм деп қалдыңыз. Қала тұрғындарының бірқатары бұл саланың пайдасын көре бастады. Оны еселей түсуге қатысты жұмыстарыңыз бар ма?

 

 

— Біздің басты мақсатымыз осы. Қала тұрғындары кәсіппен айналысып жатса оның табысын арттыруға біз мұрындық болуға тиіспіз. Жоғарыда бір миллионнан астам турист келді дедік қой. Соған транзиттік қызмет көрсететін кәсіпкерлерге ұсыныс айтып жатырмыз. Мәселен қалаға саяхаттап қалталы азамат келді дейік. Ол ұшақпен келеді. Сонан соң аэропорттан орталыққа келу үшін өзіне, отбасына жайлы, жаңа такси іздейді. Ондай қызмет көрсететін таксопарктер бізде жоқтың қасы. Сол үшін комфортты жағдайдағы такси қызметін дамытуды ойластырып отырмыз. Сонымен бірге, бір кәсіпкермен екі қабатты автобустар әкелу бойынша келісім жасаудамыз. Туристерді тасымалдап қана қоймай, қаланың көрікті орындарын тамашалауға мүмкіндік жасамақ. Сол секілді бұған дейін хабарлағанымыздай инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осы келісімдердің арқасында туризм саласына алдағы жылдары құны 145 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 955 жұмыс орнын ашылады. Оның ішінде ірі жобаларды атап өтсем құны 126 млрд. теңгені құрайтын 17 қабатты 5 жұлдызды қонақ үй салынады. Оның арнайы демалыс аймағы болады. 501 жаңа жұмыс орны ашылады. Сол сияқты 5,5 млрд. теңгеге қолөнершілер қалашығы салынып жатыр. Мұнда 100 жаңа жұмыс болады. Бұдан бөлек жоба құны 3 млрд. теңгені құрайтын аквапаркі бар қонақ үй салынбақ. Онда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Және де құны 1 млрд. теңгеге 40 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін қонақ үй салынбақ.

— Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы туризм саласына да серпін беретін шығар?

— Біз қазіргі таңда заң жобасының қолданысқа енгенін асыға күтіп отырмыз. Себебі, құжатта туризм саласын дамытуға, қолөнершілеріміздің жұмысына екпін беруге байланысты жеңілдіктер қарастыратын тетіктер бар. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, қаланың осы саладағы әлеуетін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Осы орайда айта кететін жағымды жаңалығымыз бар. Апта басында қаламызға әлемнің түрлі елдеріндегі қолөнершілер мен қолөнерді біріктіруші – «World Craft Council» халықаралық ұйым сарапшылары келіп, менің қабылдауымда болды. Түркістанның тарихымен танысу үшін Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті – Айдархан Калиев, Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша сарапшылары — Сохан Кумар Джа Үндістаннан, Түркиядан Махоотчиан Ялда, Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы бойынша вице-президенті және сарапшысы – Ле Ба Нгок келіп, қолөнер саласының дамуымен танысып, тәжірибелерімен бөлісті. Кездесуде сан ғасырлық тарихы бар шаһарымызға халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алуының маңызы зор екенін жеткіздім.

Өткен жылы Дүниежүзілік қолөнер кеңесі ұйымының 31 мүшесі Түркістан қаласында арнайы болып, қолөнершілердің жұмысымен танысып, жоғары баға берген екен. Осыған орай, Түркістан қаласы аталған ұйымға мүше болу мақсатында өтінім берген. Басқосуда Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті – Айдархан Калиев Түркістанмен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді және Түркістанның халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алу – ортақ мақсат екенін айтып, осы жолда бірлесіп жұмыс істеп, қаланың қолөнершілеріне жаңа мүмкіндіктер мен қолдау көрсетуге сенім білдірді. Кездесу Түркістан қаласының мәдениеті мен қолөнерін дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан жиында Түркістанның қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болуы үшін атқарылатын жұмыс бағыттарын пысықтап, саладағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын арттыруға уағдаластық. Егер біз бұл мәртебеге қол жеткізсек туристік әлеуетімізді арттыруға қол жеткіземіз яғни, қолөнершілеріміздің мүмкіндігі артады және туристерді көптеп тартуға жол ашылады десем болады.

Жоғарыда айтып кеттім ғой Түркістан қаласына орта есеппен күніне үш мыңнан астам адам келеді деп. Осы саяхатшылардың әрқайсысы ең кем дегенде 5000 мың теңге жаратса қаламызға туристерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге бір күнде 15 млн теңге қалдырады деген сөз. Біз осы табыс көзін ұлғайту үшін туристерді барынша көптеп тартуды және оларға қолайлы жағдай жасауды басты мақсат санауымыз тиіс.

— Ол мәртебеге қол жеткізудің жолдары қалай болады. Белгіленген талаптар бар ма?

— Әрине бар. Олар үш күн бойы Түркістан қаласы маңындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, өңірдегі қолөнершілердің жасаған бұйымдарымен танысты. Үндістан, Түркия және Шығыс Азия елдерінен келген қолөнершілер енді осындағы көргендерінің барлығын ұйымға мүше басқа елдердегі әріптестеріне көрсетіп, Түркістанның мүмкіндіктері жайында баяндайтын болады. Комис-сия оң шешім қабылдаса алдағы сәуір айында Түркістан — халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болады.

Бұл тізімге енудің өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Алдымен қаланың терең тарихы болуы керек. Екіншіден ондағы тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан аумақтарға инфрақұрылымдық жүйелер тартылуы тиіс. Одан кейін ұлттық және халықаралық деңгейде танымал дәстүрлі қолөнері болуы керек. Осы талаптарға сай болсақ қаланың дүниежүзілік қолөнер қаласы мәртебесін алу мүмкіндік мол. Бұл жөніндегі сарапшылар да оң бағасын беріп отыр.

— Жақында қала зиялыларының басын қосып Қазақстан Халқы Ассамблеясының — 30 жылдығына орай жиын өткіздіңіз. Онда біраз мәселелер сөз болды?

— «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген емес пе? Ақсақалдарымыздан бастап қаламыздағы ел алдында жүрген азаматтармен кездессек, пікірлессек, халық арасында көңіл бөлуді қажет етіп тұрған мәселелер бар ма екен деген ойдан туындаған жиын еді. Басқосуда мүмкіндігінше көпшілік арасында нендей жағдайларға басымдық беру керектігін білуге тырыстым.

Елімізде ұлтына, нәсіліне қарамай, барлық ел бір туғандай болып өмір сүруде. Қазақстан экономикасын, шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға барлық ұлт өкілдері белсене қатысып, бірлесе еңбек етіп келеді. Әркімнің өз салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстануына елімізде ешқандай шектеу жоқ. Бүгінгі таңдағы баршамыздың мақсатымыз — елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты қамтамасыз ету. Ол үшін сіз болып, біз болып халық арасында ұлтаралық қатынас туралы дұрыс пікір қалыптастыруға атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Бұл жұмысты алға қарай ілгерілетуде әрбір азамат мүдделі болуы тиіс десек, өздеріңіздің де қосып жатқан үлестеріңізді айтпай кетуге болмас. Түркістан қаласы – бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан киелі мекен. Сондықтан да бірлікті көзіміздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны күн сайын өз істерімізбен нығайтуымыз керек.

Ел іші болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Көршілердің, әріптестердің, достардың тіпті туған-туыстардың арасында түсінбестік жағдайлар туындауы мүмкін. Осындай сәтте әлгіндей мәселелер басқаша сипат алып жататыны жасырын емес. Сол жиында осы тектес жайлар сөз болды. Аузы дуалы қарияларымыз бен орта буын және жастардың да ойлары ортаға салынды. Түйіні – ынтымақ пен бірлікке саяды. Бізге керегі осы. Берекеміз тасысын десек бірлігіміздің бекем болғаны жөн. Бірлік бар жерде тірлік бар. Осы мақсатпен өзім де ойларымды ортаға салдым. Қаламыздағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ең біріншіден түркістандықтарға керек. Табысты болуымыз да, елеулі жетістіктерге жетуіміз, Түркістанның жақсы атының шығуы да өзіміздің пайдамыз, мақтанышымыз. Сондықтан осы бағытта жұмыла жұмыс істеп,, баршамыздың ынтымақ-бірлігімізді нығайту жолында күш салуға шақыру еді мақсатымыз.

— Мұндай жиындар жалғасып тұра ма?

Жалғасады. Түркістанның өркендеп, түлеуі бірінші бізге керек дедім ғой. Сол үшін әрбір істің бастауында жергілікті халық тұруы керек деп есептеймін.

— Соңғы жылдары Мемлекет басшысы өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын құру үшін және шағын және орта бизнесту дамытуға ерекше ден қойып отыр. Тіпті әкімдердің жұмысы осы бағыттағы қадамдарына қарай бағаланатынын да ескертті. Осыған байланысты Түркістан қаласында қандай бастамаларыңыз бар?

Инвестиция тарту мәселесі күн тәртібіндегі басым бағыттарымыздың бірі. Қазіргі таңда бұл мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатыр. Сәл кейінге шегініс жасасақ, соңғы 4 жылда қала экономикасына негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн. теңгені құрады. Оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебінен. Ал, 2024 жылы қалаға 400,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 66,1%-ды құрап отыр. Биылғы жылы межелі міндеттерімізді ойдағыдай іске асырсақ, аталған көрсеткіш көлемі тағы да ұлғая түспек.

Осы салаға қоса айта кететін бір сала өндірістік орындарға қатысты. Қаламызда жалпы аумағы 310 гектар аумақта 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде аумағы 180 гектар болатын арнайы экономикалық аймақта бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 гектарды құрайтын индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бүгінде осы аймақта жалпы құны 10,5 млрд. теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Аталған жобалардың санын арттыру мақсатында алдағы жылдары құны 15,8 млрд. теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз.

— Алғашқы сұрағымызға жауабыңызда «ең бірінші тазалық» дедіңіз. Одан кейін қай мәселеге ден қоюды көздеп отырсыздар?

— Түркістан қаласында көңіл бөлетін мәселенің бірі көгалдандыруға қатысты дер едім. Қазіргі таңда қаламыз жасыл желекке оранып келеді. Енді осы жасыл аймақты одан әрі ұлғайта түсуіміз керек. Мәселен қала аумағында 900 мыңға жақын ағаштар бар. Келесі меже сол санды миллионға жеткізу. Микроклиматты қалыптастыру мақсатында бұл жұмыстар өзінің оң нәтижесін береді. Жаздың аптап ыстығынан қорғайтын бірден-бір жол осы. Мына сандарға назар аударайықшы. Қаламызда көгалды аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жалпы 626 гектар аумақта жүргізіледі. Оны бөліп қарайтын болсақ 258 нысан яғни саябақтар, сквер, аллеялар деген секілді. Соны күтіп-баптау жұмыстары қаңтар айынан желтоқсан айы аралығында жыл бойы жүргізіледі. Атап өткенімдей Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында қаланың жасыл қорын көбейту, қайта құру және дамыту үшін 2025 жылы негізгі аумақтарға 80 мыңнан астам түп ағаш егілетін болады. Сонымен қатар, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан қосымша 50 мыңнан астам түп ағаш отырғызылмақ.

Иә, ағаштар мен гүлдерді отырғызу бар да оны күтіп ұстау мәселесі тіптен қиын екенін ұмытпауымыз керек. Өңіріміздің жазғы мезгілі қатал екенін жақсы білесіздер. Сондықтан жасыл желекке шілдеде айрықша көңіл бөлініп, күтім жасалмаса еткен еңбек еш кетеді. Осы мәселемен қатар қаланың кәріз жүйелерін межесіне жеткізуді мақсат етіп отырмыз.

— Сарқынды су құбырлары ғой. Бұл жоба қашан толығымен іске асырылады?

— Қаламыз бүгінгі таңға орталықтандырылған кәріз жүйесімен 36,5% қамтылған. Осы көрсеткішті еселеу үшін қазір 12 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Олар «Шавгар» м/а, «Орталық» тұрғын алабының кәріздік желісін салу 1, 2, 3-кезек; «Иассы» ш/а, Бірлік тұрғын үй массивін кәріз жүйелерінің құрылысы 1, 2 кезек; «Иассы» м/а, «Ыждыхат» тұрғын үй аумағының кварталішілік сарқынды су жүйесінің құрылысы 2-кезең; «Бекзат» м/а кәріз жүйесі құрылысы; «Түркістан-Қызылорда» тас жолы бойында орналасқан «Сауран» м/а сарқынды су жүйелері құрылысы; «Отырар» ш/а кәріз жүйелерінің құрылысы 2, 3 кезек; «Баянауыл» ш/а кәріз жүйелерінің құрылысы; №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылыстары. Қосымша 2 нысанға жобалау сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 87% сарқынды су желісімен қамтама-сыз етілетін болады. Осылайша уақытты көп созбай қаламыздың толықтай сарқынды су жүйесімен қамтуды жоспарлап отырмыз.

— Баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін биыл қандай жаңалықтарыңыз бар?

Өткен жылы 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер – 161,8 мың шаршыметр, жеке тұрғын үйлер – 365,1 мың шаршыметр. Нәтижесінде тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 млрд. теңгені құрады. Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген. Осы орайда тұрғын үй кезегіне түгендеу жұмыстары жүргізілгенін де айта кеткеніміз жөн. Нәтижесін-де 3026 азамат тізімнен шығарылды. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтер берілетін болады. Сондай-ақ, «Отбасы банк» арқылы 58 тұрғын үйдің 3076 пәтері сатылды. 2025 жылға 2127 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда.

— Әлеуметтік салаға тоқталып өтпеске болмас. Жұмыссыздық тұрғындардың басты мәселелердің бірі екені белгілі. Бұл мақсатта қандай қадам жасап жатырсыздар?

— Жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша атқарылған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азамат белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.

Бұған қоса, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жұмыстары да атқарылып келеді. Өткен жылы 2242 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар 30%-ға азайғанын көрсетеді. 2024 жылы кедейшілік деңгейі 5,6%-ды құрады.

— Жақында бір кездесуде мәдениет, спорт салаларына қатысты ұсыныстар болса қолдауға әзірмін дедіңіз. Осы бағытқа тоқталып өтсек?

— Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы дей ме? Біз түрлі салаларда жетістікке жеткенімізбен мәдениетке көңіл бөлмесек бәрі бекер. Халықпен әр кездесулерімде осы саланы міндетті түрде бір шолып өтеміз. Қазір мұндағы негізгі мәселе – мәдениет үйі. 500 орындық нысанның құрылысы бітуге жақын қалды. Алдағы бір-екі ай көлемінде пайдалануға беріледі деп отырмыз.

Сонымен бірге осы күнге дейін құрылысы жалғасып келе жатқан қалада екі рухани орталық құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірі «Отырар» мөлтек ауданындағы 5000 орындық мешіттің құрылысы және «Хилует» рухани орталығының құрылысы. Көп ұзамай бұл нысандар да халық игілігіне қызмет ететін болады. Соның бірі «Хилует» рухани орталығында қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетерлігі, нысанның ішкі келбеті ұлттық нақышта безендірілуде.

Спорт дегеннен шығады ғой. Мен әрбір мәжілісте жауапты сала өкілдеріне құрғақ мәліметтен аулақ болуды ескертіп отырамын. «Спорт – денсаулық кепілі» дегендей қазіргі таңда Түркістан қаласында спортпен шұғылданамын деген адамға барлық жағдай жасалған десем болады. Бұл артық айтқандық емес. Мәселен, мұз сарайы, теннис корты, су спортына қатысты жабық және ашық бассейін, ескек есу каналы, жасыл алаңдар, жекпе-жек түрлеріне арналған жабық спорт сарайлары бар. Міне, осы нысандардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі. Бұдан бөлек қаланың бес аймағында бес спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Бекзат» м/а Жиделі көшесінде, «Сауран» м/а М.Төлебаев көшесінде, «Сауран» м/а Баянауыл аумағында, «Сауран» м/а Теріскей көшесінде, «Шауғар» м/а М.Мақатаев көшесінде спорт кешендерінің құрылыстары жүріп жатыр. Бұл нысандардың әрқайсысында ауысымына 200 бала қабылдауға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен бірге, Сидней олимпиадасының чемпионы, түркістандықтар-дың мақтанышы Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып пайдалануға берілді. Сол секілді айтып өткенімдей қаламызда ескек есу каналы мен ипподром құрылысы жүргізілуде.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласын түрлендіріп, тұрғындарға жайлы өмір сыйлау үшін, қасиетті мекеннің атын шартарапқа таныту үшін мемлекет деңгейінде көңіл бөлініп отыр. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, сіз болып, біз болып ерінбей еңбек етуге тиіспіз. Себебі Түркістанның түрленуі ең алдымен өзімізге керек.

— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет. Алдағы жоспарлы істеріңізге сәттілік тілейміз.

М.ЖҰМАХАНҰЛЫ.

Leave a reply