Thursday, November 21

ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛМЫН

0
122

Түркістан қаласының ортасынан ойып орын тепкен «Қуаныш» базарын қалалықтар ғана емес, жақын маңдағы аудандар мен ауылдардың тұрғындары жақсы біледі. Жақында ғана отыз жылдық мерейтойын атап өткен бизнес құрылымының ішкі сырын білу мақсатында «Қуаныш» базарының бастығы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Инара Әбдіғаппарқызы, «Қуаныш» базарына 30 жыл болған екен. Бұл қазір облыстағы ең үлкен, көпсалалы, әрі халыққа қолжетімді базар болып отыр. Бастапқыда неден бастадыңыздар?

– Біз Түркістан қаласының мұрағатына өтінішпен шықтық. Онда 1948 жылы орта-лық базар атауы болған. Бірақ, ол қазіргі осы орында емес, вокзалға жақын жерде орналасқан екен. Ал, қазіргі «Қуаныш» базары 1961 жылдан бері жұмыс істеп тұрғандығы жөнінде дәйектер, құжаттар бар. Қалада орталық базар ашылсын, оның басшысы болып пәленше тағайындал-сын деген бұйрық бар. Көшірмесін ал-дық. 1989 жылдан бастап орталық кол-хоз базары деп аталды. Оған Кеңес Одағының батыры Расул Есетов бас-шылық етті. Ол кісі сол жылы зейнетке шыққан соң, байқау жарияланып, менің әкем Әбдіғаппар Шаймерденов жеңімпаз атанды. Сөйтіп, «Қуаныш» базарының бастығы болды.

1991 жылы Қазақтан Тәуелсіздік алған тұста жекешелендіру басталды. Сол кезде ұжымдық жекешелендіру жолымен барлығымыз қосылып, пай үлесімен жекеге иемдендік. Ол кезде санаулы ғимараттар болды. Ашық алаң-дар көп еді. 1991 жылдары мұғалімдер, дәрігерлер, бюджет-тік мекеменің қызметкерлері айлап жалақы ала алма-ғандықтан жерге газет төсеп, төрт бұ-рышына тас қойып, күнкөріс қамымен кез-келген нәрсені саудаға шығаратын. Базар аумағына кіріп сауда жасаған-дықтан «жабайы базар» деуге келмейді.

Кеңес Одағы құлаған соң, тоқырау жылдары ел тентіреп кетті. Ол кезде ет пен нан павильондарының ғана жеке ғимараттары болды. Бірте-бірте сауда сөрелерін, үстелдерін жасай бастадық. Темірден орындық жасадық. Мүмкіндік ашылған сайын жаңа ғимараттар салынды. Бүгінгі таңда әр саланың киім-кешек, азық-түлік, көкөніске арналған өзіне бейімделген ғимараттары бар. 1990-шы жылдармен салыстырғанда жер мен көктей. Оны кәсіпкерлердің өздері де айтады.

– Кеңес кезінде «саудагер» деген жаман атақ болатын. Саудаласып жүрген жанды ешкім жақтырмайтын. Нарыққа өткен кезде сол саудагеріміз –іскер, кәсіпкер, бизнесмен болып, қоғамда абырой беделге ие бола бастады. Бірте-бірте олардан қазынаға салық түсіп, қазіргідей Рамазан айында меценаттық жасап, демеушілік көрсетіп, қоғамның үздігіне айналды.

– Кеңес кезінде шындығында сондай ұғым қалыптасып кеткен еді. Кеңес кезінде саудагерлерді милицияға қамауға алып, үстінен іс қозғап жататын. Қоғамның жауы етіп көрсететін. «Саудагер» деген сөз адамның намысына тиетін, кемсітетін ұғым болып келді. Ол кезде саудагерлер жұмысын жасырын жүргізетін. Қазіргі балаларға осы кәсіпкерлерді кезінде соттаған десеңіз олар оны түсінбейді. Ертегі сияқты көреді. «Кәсіпкерді бизнес жасағаны үшін түрмеге отырғызған ба?», – деп түсіне алмайды. Ұға да алмайды. 1980 жылдары біз мектепке барған кезімізде ол әңгімелерді еститінбіз. Содан 1990 жылдары өндірістер тоқтады. Колхоз, совхоз жабылды. Сол тұста базар тиын-тебен табудың алаңына, саудагер-кәсіпкерлер халықтың асыраушысына айналды. Сол кезде «рэкет, крыша» дегендер шықты. Мұның барлығы біздің тарихымыз. Тарихи шындықты жасырмай айта білуіміз керек. Базар деген ол кезде «жартылай қылмыс әлемімен сыбайлас, бұзақылар жиналатын жер. Барлық нәрсе сатылатын төменгі сатыдағы адамдар» деп саналды. Арадағы отыз жыл ішінде бұл пікірлер мен түсініктер жайлап ығысып, жақсы жағына бұрылды. Осы базар маңынан-ақ, ірі кәсіпкерлер, бизнесмендер, қайырымды, ағайынға қамқор меценаттар өсіп шықты.

– Бастапқыда «рэкэт, крышаларды да» көрген шығарсыз?

– Мен сізге қызық айтайын. Осы базарды мен басқарғалы бұл маңда «рэкэт, «крыша» дегендер болған жоқ. Себебі, ол басшыға байланысты. Алдымен әкем басшы болған кезінде ондай қылмыстық элементтерге жол берген емес. Маған да соны бұйырды. Әкем азық-түлік саласында, нан зауытында, ет комбинатында жұмыс жасады. Соңында Түркістан қалалық тұтынушылар одағының басшысы қызметін атқарды. Мұның барлығы мемлекеттік мекемелер болғандықтар тәртіп мәселесі бірінші орында тұратын. Ол кезде тұтынушылар одағының басшылығы әр үйге не керек екендігін, балалардың киімі, отбасыларының азық-түлігі, әлеуметтік жағдайын түгел біліп отыратын. Содан кейін осы «Қуаныш» базарына басшы болып келді де, жан-жақты болғандықтан басқару оңайға түсті. Арнайы байқаудан да да қысылмай озып шықты.

 Осы отыз жыл көлемінде сіздердің сервистік қызметтеріңіз қаншалықты дамыды. Тұтынушылардың ойынан шығып отырсыздар ма?

– Қазіргі таңда арнайы келісім-шартпен жұмыс жасап отырған кәсіпкерлердің саны екі мыңға шамалас. Оның сыртында осы «Қуаныш» базарының ішінде қырыққа жуық жекеменшік иелері бар. Барлығын-дағы сауда жасап жатқандарды қосқанда екі мыңнан асады. Бес-он жыл бұрын қандай болды дегенге келер болсақ, даму бар.

Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы тұтынушылардың өскелең талабына сай болу үшін, бізге үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктеді. Біз өзіміздің түскен пайдамыздың есебінен базарға жылда жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Кәсіпкерлерімізге барынша жайлы болуы үшін жылда инвестиция құямыз. Табысымыздың кем дегенде 30 пайызына дейін осы мақсатқа жұмсаймыз. Бұл Әбдіғаппар әкеміздің белгілеген жоспары. Сол ізбен жүріп, даму жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарып келеміз.

Бір кездері ғимараттардың ішінде жылу да болмады. Бірінен кейін бірін табиғи газға қостық. Бізде әлі күнге дейін барлық ғимараттар ауа баптағыш, желдеткіштермен 100 пайыз толық қамтылмаған. Шешілмеген мәселелеріміз көп. Бәрі де рет-ретімен, кезең-кезеңімен атқарылып келе жатыр.

– Түркістан облыс мәртебесін алғаннан кейін азық-түліктің, киім –кешектің бағасы еселеп көтерілді. Осыны сіздер реттеп отыра аласыздар ма?

– Облыс орталығы мәртебесін алғалы талап күшейді. Баға өсті. Кәсіпкер қызметін табыс табу үшін бастайды. Жан-жақтан бағалар көтеріліп жатқан кезде, біздің кәсіпкерлер де тауар бағасын көтеруге мәжбүр болады. Бірақ, біз базар әкімшілігі ретінде жалға беру бағасына да сақтықпен саралап, талдап таразылап барып, шешім қабылдауға келгенде үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Мәселен, доллар бағамы көтерілді. Мұнай бағасы өсті. Соған байланысты орынды жалға беру бағасын көтермейміз. Себебі, біз жылдың басында 1-ші қаңтарда әрбір кәсіпкермен келісім-шартқа отырамыз. Оны жыл бойы 31-ші желтоқсанға дейін бұзбаймыз. Жалға алу сомасы сол күйінде қалады. Оны бәрі жақсы біледі. Бұған кепілдік пен сенім бар. Арадағы 30 жыл бойына осы тәртіп қатаң сақталып келеді. Әкем бұл мәселеге өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Халық-қа барынша қолайлылық, жайлылық жасау ол кісінің ұстанымы еді. Біз үшін халықтың сенімі үдесінен шығу парызымыз.

Кешегі тәжтажал індеті кезінде базар екі рет қырық күннен жабылды. Кәсіпкерлер өздерінің заттарын қалдырып кеткендіктен бейнебақылау тәулік бойы жұмыс істеп тұрды. Әкімшілік тоқтаусыз жұмыс жасады. Қырық күнде жолдарымызды қалыпқа келтіріп, базардың кей тұстарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Халық аз кезін солай пайдаланып алдық.

– Осы тәжтажал індеті тұсында кәсіпкерлердің біразы интернет ресурстарды пайдаланып, әзір тамақ өнімдерін, азық-түлікті, тұтынушы таңдаған киімді белгілі мекен-жайға жеткізу әдісін меңгерді. Бұл базар жұмысының ақсауына әкеліп соқтырған жоқ па?

– Біздің кәсіпкерлеріміздің біразы Инс-таграмм, Телеграмм әлеуметтік желілері арқылы тауарларын өткізу амалдарын меңгерді. Біз де базар әкімшілігі де осы індет кезінде кәсіпкерлерімізбен әлеуметтік желі арқылы хабарласып отырдық. Алып кететін заттары болса, оған да мүмкіндік бердік. Күзетшімен бірге қоймаға кіріп, заттарын түгендеп, алатынын алып кеткендер көп кездесті. Бұл шараларды біз де қолдадық. Ол кезде қала бойынша өте қиын жағдай болды. Халық қатты қиналды.

– Сіздің қарамағыңызда екі мыңнан астам кәсіпкер бар екен. Олардың қызметтерін қалай қадағалап, үйлестіріп отырасыздар. Өздеріңіздің арнайы комиссияларыңыз бар ма?

– Бұл жерде ең алдымен кәсіпкерлердің қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Базардың өн бойы бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда күзет агенттігі бар. Күзет агенттігімен келісім-шарт бойынша жұмыс жасаймыз. Басқару мәселесіне келетін болсақ, әр сауда үйінің өз басшылары бар. Солармен кімге не жетпейді, қандай қиындық туғызып отырған жайлар бар, бәрін бірлесіп шешеміз.

– Осы арада өткен отыз жыл ішінде сонау Қытайдан ала сөмке арқалап, тасып, бала шағасын асырап жеткізген бүгінде «саудагер» деген жаман аттың тас-талқанын шығарып отбасының асыраушысы кәсіпкер, бизнесмен болған жандарды атай аласыз ба?

– Мұнда отыз жыл бойы бір орыннан тапжылмай табандылық көрсетіп, қаншама қиындықтарды бірлесе көтерген апа, көкелеріміз бар. Олардың арасында 90-шы жылдардан бұрын келгендері де бар. Киім, ет, азық-түлік саласында жетістіктерге жеткендері көптеп саналады. Олардың ішінде кәсібін отбасылық бизнес етіп, бала-шағалары жалғастырып жатқандары да жеткілікті. Мұны біз қазір «Дәстүр сабақтастығы», «Ұрпақтар сабақтастығы» деп атап жүрміз. Атасынан бастап, баласы жалғастырып, қазір немересі сауда жасап жатқандары да бар. Осы жерден зейнеткерлікке шығып, бизнесін ұлына, қызына қалдырғандарын немерелері жалғастырып жатқандары кездеседі. Тәлім-тәрбие үйретіп жатқандары мол. Мен бұған қуанамын. Себебі, өзім де әкемнің бизнесін жалғастырып келемін.

– Қазір күн санап тұтынушылардың талабы күшейіп келеді. Осыған байланысты өнімдердің сапасын, мерзімін, сақталуын қадағалайтын, зерттейтін орындарыңыз бар ма?

– Әрине, көкөністі бақылайтын токсикологиялық зертхана бар. Ет, сүт өнімдерін тексеретін сол павильонда ветеринарлық зертханамыз жұмыс істейді. Ол кісілер де жеке кәсіпкерлер. Тексерулерін дербес өткізеді. Сатуға тиісті құжаттарын береді. Олар да мұнда көптен бері қызмет көрсетіп келе жатқан жандар болғандықтан өздерінің абырой беделдеріне нұқсан келмеуін ойлайды. Олар азғана тиын-тебенге бола, жалған құжат жасаудан аулақ. Себебі, осы өнімдерді сатып алушылар одан уланып қалу жағдайлары кездессе, сол зертхана иелері жауап беретіндігін түсінеді. Сондықтан үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мұнда бір күн ғана сауда жасап, келесі күні жоғалып кететіндер жоқ. Бұл жүйелі түрде қалыптасып қалған жұмыс.

1990 жылдан бері базарда барлық өнімдерді өткізудің талаптары, стандарттары сақталып келеді. Кәсіпкерлер де өз кезегінде көтерме саудаға шығаратын мекемелерден, өндіріс орындарынан сертификатын, керекті құжаттарын талапқа сай етіп алады. «Бұл клиент келесі жолы да азық-түлік өнімдерін етті, сары майды, ірімшікті келесі жолы да менен сатып алсын» деген кәсіпкер халыққа сапалы өнім ұсынып, қалтқысыз қызмет көрсетуге тырысады. Себебі, қала тұрғындарының денсаулығы оның атқарған қызметіне қатысты екендігін терең сезінеді.

Осындай қызметтердің барлығын әкем басқарған жылдары астын сызып тұрып түсіндірген аманатымен алып келе жатырмын. Әкем үйреткен, қағазға жазып қалдырған тәжірибесінің барлығы мен үшін баға жетпес құндылық болып табылады. Әке аманатына адалмын.

– Инара ханым, халыққа қызметіңіз табысты болсын!

Сұхбаттасқан: Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply