Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда қандай қиындықтар бар?

0
106

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастырылған.

Ақиқатында халықты жұмыспен қамту орталығы қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Осы және басқа да сұрақтармен Түркістан қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» басшысы Ақмарал Жулаевамен азды-кем әңгімелесіп қайтқан едік.

Айта кетсек, Ақмарал Пернебекқызы Арыс қаласының тумасы. Еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Атаулы орталыққа 2021 жылдан бері басшылық етеді.

– Ақмарал Пернебекқызы, Түркістан қаласы «Жұмыспен қамту орталығының» негізгі жұмысымен таныстырып кетсеңіз…

– Өзіңізге белгілі мемлекет басшысының кешегі өткен халыққа кезекті жолдауында «Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету маңызды міндет екенін қадап айтты. Ол үшін тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын қамтамасыз етіп, сапалы қызмет етуді» міндеттеді. Бұл орайда тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында халықты жұмыспен қамту орталығының атқаратын қызметінің үлесі орасан зор. Басты мақсат экономикалық белсенді тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту.

 

– Қаламыздың еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздықтың деңгейін төмендету. Осы орайда халықты жұмыспен қамту орталығының атқарған жұмыстарын баяндап өтсеңіз.

– Еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтау басты назарға алынып, нәтижелі жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда. Былтырғы жылы қол жеткізген жетістіктер де аз емес. Атап айтсақ, бағдарламаның белсенді шараларына жүгінген қаламыздың 8665 тұрғыны нәтижелі жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 6033 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 108 азамат уақытша сипатта ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 497 жас түлек бастапқы кәсіби тажірибе алмасу үшін жастар практикасымен қамтылса, 1395 тұрғын қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. 256 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары ұсынылса, 278 азамат бизнес бастау жобасы аясында кәсіпкерлік оқу курстарын аяқтады. Бұл бағыттағы қолдау шаралары алдағы уақытта жалғасын таба бермек.

 

– 2022 жылға арналған жұмыспен қамту «Жол картасы» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар жоспарлануда?

-Түркістан қаласында жұмыссыз азаматтарды «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 54 жоба 33,7 млрд. теңге іске асырылады. Оның 48-і 2020 жылдан өтпелі жоба болып табылады. Сонымен қатар, 2284 уақытша жаңа жұмыс орындары құрылады. Оның ішінде 1118 адам ХЖҚО арқылы орналастырылады. Жобалар аяқталғаннан кейін 1189 адамға арналған тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлаудамыз.

 

– Мемлекеттік бағдарламалардың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қандай?

– Өздеріңізге белгілі Елбасының Жарлығына сәйкес, еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемелері мен еңбек нарығы цифрландырылып, жұмыспен қамту орталықтары реформаланған болатын.

Бүгінде реформаға халықты жұмыспен қамту орталықтары – «бір терезе» қағидасы арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жүгінген әрбір азаматтарға сапалы қызмет ұсынылуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, мекеме ішінде заманауи электронды терминалдар мен қызмет көрсету түріне қарай әр маманға тиісті нөмірленген электронды таблолар орналастырылған. Мұндай жаңа қондырғылар жұмыс іздеушілердің кезекті ұзақ күтпеуін қамтамасыз етіп, алдын-ала өз таңдауына қарай анықтама алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орталық ғимарат жұмыс сұрап келушілерге арналған арнайы күту залы мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағымен жабдықталған. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында жұмыс іздеушілер электронды еңбек биржасы интернет-порталының мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, қажет болған жағдайда тіркеуге, жеке кабинет ашуға, түйіндемелерін жүктеп, бос жұмыс орындарын іздеуге мүмкіндіктері мол.

 

– Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда қандай қиындықтар бар?

– Бізге әлеуметтік осал топтағы азаматтар санатына, көбінесе жоғары білім жоқ, түсіністік пен көмекке үміт артатын адамдар келеді. Біз барлығын жұмысқа орналастыруға, қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектесуге тырысамыз. Жұмыспен қамту бойынша жақсы көрсеткіштер бар. Бірақ, өкінішке қарай, алдымен жұмыс табуды сұрайтын, содан кейін жете жұмыс істемейтін немесе кешігіп жүретін, еңбек тәртібін сақтамайтын адамдардың жосықсыз әрекетіне тап боламыз. Олар жұмысқа келмеудің түрлі себептерін ойлап табады. Мысалы, жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасқандар арасында тәртіпсіздікке жол бергендер бар. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізуге мәжбүрміз.

Екінші жағынан, жұмыс беруші қызметкерді қабылдағаннан кейін, сәйкесінше, одан толық қайтарым мен адалдықты күтеді. Қызметкердің лауазымдық нұсқауларға сәйкес жұмыс істеуін талап етеді. Қайта оқытудан кейін көптеген адам сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданады.

Кейбіреулер жұмыс істегісі келмейді, күш салғысы келмейді, тек мемлекеттің қамқорлығында болуға дағдыланады. Дәл осы санат жиі шағымданады және басқаларды өз проблемалары үшін айыптайды. Мұндай өз ісіне салғырт қарайтындардың орнына, шынымен мұқтаж адамдар жұмысқа орналаса алады…

 

– Келушілерге тұрақты жұмыс тауып бере алмаған жағдайда не істейсіздер?

– Біз алдымен, оларды әртүрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінің қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген. Ондай жандарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз. Сол секілді қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз. «Жастар тәжірибесі» – жас түлектерге арналған, арнайы не жоғары оқу орнын бітірген жасы 29-ға толмаған, өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Тағы бір ескеретін жайт, олардың оқу аяқтағанына 3 жылдан аспау керек. Бұл бағдарлама бойынша жалақыны мемлекеттің өзі төлейді. Жұмыс алты айға арналған. Онда жас маман өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайды.

Егер жұмыс берушінің көңілінен шығып жатса, 1-2 айдан соң-ақ, сол жерге тұрақты қызметке тұруына болады. Ал егер 6 ай бойы өзін көрсете алмаса, жұмыспен қамту орталығына қайта келіп тұрақты жұмыс іздейтін болады.

Ал, «Қоғамдық жұмыстардың» негізгі шарты – өтінім берушілердің біліміне, жұмыс тәжірибесіне қарамау. Онда қатаң талаптар жоқ. Бұл бағыт бойынша 12 айға арналған уақытша жұмыспен қамтимыз. «Жастар тәжірибесіндегідей» жалақыны мемлекет төлейді.

 

– Электронды еңбек биржасы «enbek.kz»-тің тигізіп жатқан көмегі қандай?

– Порталдың басты жұмысы – жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинеті арқылы бере алады. Бұл бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді.

 

– Тұрғындар міндетті түрде білуге тиіс маңызды ақпараттарды тізіп берсеңіз.

– Қазіргі уақытта халықтың бірінші білуі керек нәрсе, барлық қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн түрде қол жетімділігін ескеру. Ешбір, мекеменің есігін қақпай-ақ қажет қызметті үйде отырып-ақ алуға болады. Осыған әр адам өз-өзін дағдыландыруы керек. Дамыған елдердің қатарына ұмтылған елдің халқы осыны түсінуі керек. Екінші – карантиндік жағдайды қатаң сақтау. «Қорғаныс бетперделерінсіз кіруге болмайды» деген жерлерге «әйтеуір бетпердем бар ғой» деп кіре бермей, оны дұрыс тақтыңыз ба соған назар аударылса. Біреулер тек аузына түсіріп киіп алады, бұл сізді вирустан толық сақтамайды. Орталыққа тек сақтық шараларын толық сақтағандар ғана кіре алады.

 

– Уақыт бөліп,сұхбат бергеніңізге рахмет!

Leave a reply