Thursday, November 21

ӘЛІПБЕК ӨСЕРБАЕВ: ТҮРКІСТАНДЫ КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТЕ АЛМАЙТЫНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР

0
128

Осыдан алты жыл бұрын «Түркістан» газетіне арнайы сұхбат берген Әліпбек Шәріпбекұлының айтқаны айдай келді.

Түркістан үшін жанын аямай еңбектенген, халқымызға қалтқысыз қызмет жасаған, білікті басшы, парасатты азамат Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлының өмірден өткеніне биыл 3 жыл…

Саналы ғұмырын облыстың дамуына, әсіресе, Түркістан қаласының, Ордабасы, Сауран аудандарының экономикасы мен әлеуметтік дамуына арнаған абзал азамат Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлының есімі ел есінде мәңгі сақталады. Дәл уақытындағы және болашақтағы атқарылатын жұмыстарды нақты жоспарлап, болжай білетін көрегендігінің арқасында ол Түркістан қаласын облыс орталығы болуға дайындаған әкім ретінде есте қалды.

Түркістан қаласында үш рет әкім қызметін атқарған, облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тарихи мекеннің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Әліпбек Шәріпбекұлының есімі түркістандықтар үшін қастерлі ұғым. Уақытпен санаспай, әр кез тұрғындар арасынан табылып және биік мінберлерде сөз басын қара халықтың жоғын түгендеуден бастайтын Әліпбек Өсербаевтың еңбек жолы қазіргі таңдағы өңіріміздің әр аудан, қаласын басқарып отырған қай әкімге болса да үлгі боларлықтай еді…

Иә, біз осындай тақырыпты таңдадық. Шаһар басшысы Әліпбек Шәріпбекұлымен болған әңгімеден түйгеніміз әзірге істің басы-қасында жүрген сала мамандарынан басқа былайғы жұрт түбіне жете алмайтын сәулеттік келбеттегі жаңа Түркістанның бой көтеретінін аңғарғандаймыз. Ендеше, әңгімеге көшсек.

– Түркістанның түлеуі Ел Тәуелсіздігімен тікелей байланысты деуге болмай ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, өңірімізді Елбасымыздың ерекше ықыласы ауған қала дер едім. Оның айқын дәлелі Тәуелсіздік жылдарында Президентіміздің Түркістанға жасаған ресми сапарларының саны 13 болса, соның ішінде бауырлас мемлекет Президенттерімен 6 рет ресми кездесу өткізді. Осы секілді мемлекеттік маңызы бар ұлы істердің бастауында үнемі Түркістан тұратыны өздеріңізге белгілі. Ал, енді өткен 25 жыл ішінде Түркістан қаласының тынысына тоқталып өтетін болсам. Қазіргі таңда қаламызда 46 этнос өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. «Еліміздің рухани және мәдени орталығы» деп, Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, әрдайым мемлекет және облыс деңгейінде өңіріміздің қасиетіне назар аударылып, Түркістанды түлетуге деген ерекше мән беріліп келеді. Осындай айрықша ықылас пен құрметтің нәтижесінде баршаңызға мәлім Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Бұл бастама қаламыздың түркі дүниесіндегі орнын тағы бір айшықтай түсті. Қазір аталған оқу ордасы еліміздегі ең таңдаулы білім нысандарының біріне айналып отыр. Мұнда тәлім алған студенттер осы таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде және шет мемлекеттерде абыройлы қызмет етіп жүр. Бұдан бөлек, 1991-92 жылдары шеттен келген қандастарымызға арнап «Достық» елдімекені (Мәшһүр Жүсіп ауылы) бой көтерді. Бүгінде мұнда 137 шаңырақта 1145 адам тұрмыс кешуде. Ауылда мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, таза ауыз су мәселесі де өз шешімін тапқан. Сонымен бірге, осындай ауқымды жұмыстар 1998 жылдан бастап Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына дайындық шараларымен жалғасын тапты. Атап айтсақ, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. Одан кейін, 2002 жылы Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы Түркістанда өтті. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды. Осы орайда, халық санына тоқталсақ, 1991 жылы шамамен Түркістанда жалпы 180 мыңдай тұрғын болса, қазір бұл 260 мың адамды құрап отыр. Бұл кезде мемлекеттің басты мақсаты әлеуметтік жағдайды арттыру еді. Сол кездегі білім, денсаулық, спорт тағы басқа да салаларды жетілдіру әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес.

 

– Қала бюджеті де жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан жоқ па?

– Қала бюджетінің көлеміне тоқталып өтер болсам, 1991 жылы жергілікті бюджет шамамен 2 млрд. теңгеден астам болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 30 млрд. теңгеге жақындады. Ал, өңірлік өнім көлемі осыдан 25 жыл бұрын орта есеппен 3 млрд. теңгеден асса, қазіргі таңда 56 млрд. теңгеден асып отыр. Соның арқасында Тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан 38 мектеп ғимараттары салынды. Оның ішінде қала көлемінің кеңеюіне, халық санының артуына байланысты 10 мыңнан астам оқушы білім алатын 13 жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ, егемендіктің алғашқы жылдарында Түркістанда небәрі 3 балабақша болса, содан бері 50 балабақша ашылып, балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 82 пайыздан асты. Медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны салынса, бұқаралық спортты дамыту, оған қолайлы жағдай жасау мақсатында  49 спорт нысаны пайдалануға берілді.

 

– Киелі шаһардың қазіргі тыныс-тіршілігі туралы баяндасаңыз?

– Түркістан қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі қызу жүргізілуде. Осы жылдың екінші жартыжылдығында еліміздің тарихындағы елеулі оқиғалардың біраз бөлігі Түркістан қаласында өтті десем жаңылыспаймын. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан жаңа облыстың орталығы болып бекітілді. Осы мәртебелі шешімнің аясында көптеген ауқымды бастамалар қолға алынуда. Оның бірқатары Елбасының қыркүйектегі жаңа облыстың орталығы Түркістанға жасаған сапарында айқындалды. Мәселен, Елбасының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының қазығын өз қолымен қағып, Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жоспарының тұжырымдамасын бекітіп, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлыққа қол қоюын үлкен бастамалардың негізгі өзегі десек болады.

Елбасының тарихи шешімі туындаған күннен бастап Түркістанның жаңа тынысы ашылды. Алда атқарар шаруалар шаш етектен, көпшілігіміз көз алдымызға елестете бермейтін келешек Түркістан үшін жасалатын мақсатты міндеттер де өте көп.

Түркістанды облыс орталығы ретінде бекіту үшін алдымен ауылдық округтердің Кентау қаласына еншілегені белгілі. Бұл дегеніңіз қаланың бюджеті, ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлік жалпы барлық саланың басым пайызы бөлінді деген сөз. Ал облыстың орталығы болған соң Шымкент қаласындағы облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен 28 департамент Түркістанға көшіріліп, арнайы дайындалған ғимараттар мен кеңселерге жайғасты.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының облыс орталығы болуына байланысты Елбасының тапсырмалары аясында қаланың болашақ дамуының негізгі бағыттары айқындалды. Бүгінде осы міндеттердің алғышарттары жасалуда. Оның ең бастысы күрделі құрылысқа қажетті жерлерді дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жақында ғана үлкен жоба «Rixos Кһadisha Turkistan» кешеніне және «Әкімшілік іскерлік орталығына» қажетті жер белгіленіп, алғашқы қазығы қағылды. Сонымен қатар, уақыт өткен сайын саны артып жатқан туристер үшін қаламызда заманауи үлгіде тәулігіне 60 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар жаңа «Royal Grand hotel» қонақ үй кешені іске қосылды.

 

– Киелі шаһарымыздың бас жоспары жасалды ма?

– Келешекте қаламызда бой көтеретін күрделі құрылыс нысандарының жерлері анықталды. Енді Түркістан қаласының алдағы уақытта бас жоспары бекітілген соң құрылыс жұмыстары қарқын алады. Мұнда бой көтеретін ғимараттардың барлығы ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтеретін болса – ол Түркістан болмақ деп Елбасымыздың өзі нақтылаған болатын. Жалпы Түркістан қаласының келешектегі бас жоспарына жобалау бойынша қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі деп жобалап отырмыз.

Бірінші бағыт «Тарихи аймақ» Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақтағы 88,7 гектар жерге орналасқан 18 нысанды жаңғырту және екінші бағыт рухани-мәдени орталық аймағы 98 гектар жерге жоспарланып отыр. Ал, үшіншісі әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы 700 гектарды құрайды. Онда облыстық әкімдік ғимаратынан бастап, басқармалар мен департаменттер ғимараты, медиа орталық, сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендері, жастар мен оқушылар сарайы, спорт, мәдени кешендердің құрылысы түседі деп күтілуде. Осы аталған жоспарларға сәйкес қазан-қараша айларында халықаралық сәулетшілер байқауы жарияланған болатын. Оған 32 елден 353 ұсыныс түсіп, оның 245-і қабылданса, одан 42 тұжырымдама іріктелді. Әрине, бұл аталған жоспарлар болашақ Түркістанды рухани-мәдени тұрғыдан және облыс орталығы ретінде дамуы үшін жасалып жатқан дүниелер. Әрине алдағы уақытта түбегейлі бекітілген соң, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

 

– Облыс орталығы мәртебесін алған қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтсеңіз?

– Түркістанның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінде нәтижелі бірқатар шаруалар атқарылды. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айында қаланың өңірлік өнімі 68,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көрсеткіш 103,1 пайызға артқан. Ал халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 412,6 мың теңгені құрады. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында есепті кезеңде жалпы өнеркәсіп өнім көлемі 11309,0 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 106,0 пайызды құрады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында 2010-2017 жылдары жалпы құны 2214 млн теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 539 жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім көлемі 1767,2 млн теңгені құрап отыр.

Биылғы жылдың еншісіндегі құны 7 456,6 млн теңгені құрайтын ауқымды жоба «Golden Camel Group LTD» ЖШС тәулігіне 100 тонна, жылына 2500 тонна түйе мен бие сүтінен құрғақ өнім шығаратын зауыт жергілікті тұрғындардан 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жуырда Елбасы телекөпір арқылы зауытты салтанатты түрде іске қосты. Бүгінде зауыттың шикізат қорын толықтыру мақсатында жергілікті түйе өсіретін шаруа қожалықтармен келіссөздер жүргізіліп, соның нәтижесінде 1 литр түйе сүтіне 52 теңгеден қайтарымсыз қаржы алуға жолдама берілді. Шағын және орта бизнес бағытында қаламызда биыл 10 564 субъект тiркелiп, оның iшiнде жұмыс iстеп тұрған белсендi субъектiлерiнiң саны 96,8 пайызды құрады. Жұмыспен қамтылған адам саны 25605 және өнiм көлемi 68140,5 млн теңге, бюджетке төленген салық көлемі 648,3 млн теңгені құрады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, ағымдағы жылдың 11 айында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС 249,6 млн теңгені құрайтын 43 жоба, ал «Оңтүстік» АИО арқылы 10,0 млн теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылды.

Сонымен бірге, Елбасының таяудағы 5-қазандағы Жолдауында басымдық берілген «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша кәсіпорындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында Түркістан қаласында 2020 жылға дейін Балтакөл трассасының бойында орналасқан индустриалды аймақты қосымша 250 га кеңейту, 400 га Арнайы экономикалық аймақ құру, 60 га жер телімінде агроиндустриалды аймақты дамыту және қойма қызметін көрсететін 20 га жер телімінде сауда-логистикалық орталықты дамыту көзделіп отыр. Жалпы осы уақытқа дейін индустриалдық аймақта қала өнеркәсібін дамыту мақсатында 40 га жер телімінде, 847 млн теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Осы аймақта жалпы құны 8 млрд 865,5 млн теңгеге 14 жоба орналасып, 720 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған болатын. Қазіргі таңда аталған 14 жобаның 6-ы іске қосылып, 253 жаңа жұмыс орындары ашылған.

 

– Түркістанды дамытудың драйвері құрылыс саласы емес пе? Ендеше, қала аумағындағы құрылыс саласының даму қарқыны қандай?

– Иә, бұл бағытта атқарылатын шаруалар жетерлік. Тарқатып айтар болсам, осыдан екі жыл бұрын 4 гектарға 10 үй тұрғызудан басталған «Отырар» шағын ауданының құрылысы биыл тағы да 10 гектарға ұлғайып, таяуда құрылысы басталған 26 үйді келер жылы кезең-кезеңімен ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Соның ішінде 6 көпқабатты үйді «7-20-25» бағдарламасы аясында үлестіру жоспарланып отыр. Осы аймақтағы тұрғындардың мектеп, балабақша мәселелерін шешу үшін 900 орындық мектеп құрылысы бой көтерсе, 280 орындық балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, жуырда пайдалануға берілген болатын. Ал, алдағы жылы аталған шағын ауданның көлемін тағыда 42 көпқабатты тұрғын үймен ұлғайтуға жоспар түзілді. Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған 8 мыңнан астам тұрғынның мұқтаждығын жеделдетіп шешу мүмкіндігі түбегейлі қолға алынуда.

Сондай-ақ, биылғы жылы қаладағы тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша қаладағы 1-2 мөлтек аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің 12-не жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, саялы бақтар мен аллеялардың қатарын көбейтіп, қаланы көріктендіру барысында «Түркі бағы» мен «Рәміздер алаңы» әуелгі кейіпінен ерекше өзгеріп, түрлі түске енсе, қаланың Кентау бағытынан кіре берісіндегі 14 гектар жерге орналасқан «Парасат» саябағы абаттанып, заманауи демалыс кешеніне айналды. Бұл саябақ облыс көлемінде сәулеті жағынан алдыңғы қатарлы демалыс орындарының бірі. Себебі, ондағы соңғы үлгіде орнатылған жарық бағаналары мен аркалар, су бұрқақтар мен тренажер, теннис, футбол, баскетбол алаңшаларының барлығы да демалушыларға қолайлы жағдай туғызады. «Жеңіс» саябағы көпшілік көкейінде жүргендей кейіпте қайта күрделі жөндеуден өткізілді. Ағымдағы жылы қаладағы көлік қозғалысы жиі қатынайтын О.Жарылқапов, С.Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының және Қызылорда тас жолы мен Төле би көшесінің бойындағы ирригациялық арықшалар мен жарықтандыру жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда соңғы 5-6 айда қала ішіндегі 20-ға жуық көшенің бойына аяқ жолдар жасалып, абаттандырылды. Сол секілді 16 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына балалар алаңшасы, демалыс шатырлары, футбол алаңдары, аула тренажерлары мен воркауттар орналастырылды. Жалпы қаламызда абаттандыру мен көріктендіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қаладағы Гаухар ана, Ш.Ниязов, Мыңбасы, Сайрам және Хандаулет көшелеріне орналастырылған 130-ға жуық күн сәулесінен қуат алатын көше жарық көздері – бүгінде қоршаған ортаға зиянсыз деп танылып, экономикалық жағынан да тиімділігін көрсетіп отыр. Осы аталған бағдарлама аясында «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауыз су, электр қуаты және жылу жүйелеріне автоматтандырылған есептеу құрылғыларын орнату жұмыстары атқарылды.

 

– Тұрғындарды табиғи газбен және сапалы ауыз сумен қамту жайы қалай атқарылуда.

– Иә, қаланы газдандыру негізгі мәселеміздің бірі. Бұл бағытта І кезең бойынша Түркістан қаласын газдандыру 2013 жылы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ инвестициялық жобасының аясында №15 АГТС-тің және кварталішілік 126 км газ жүйесі 3018 абонентке және 2015-2016 жылдары «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (І кезең)» нысаны бойынша құрылыс жұмыстары 7500 абонентке жүргізіліп, жалпы 10518 абонент яғни 42918-ден астам қала тұрғыны табиғи газбен қамтылып, жалпы қала халқын газдандыру көрсеткіші 26,4 пайызды құрады. Бүгінгі таңға қала халқын 100% газбен қамту мақсатында ІІ, ІІІ кезеңнің жобалары әзірленіп, магистралды және ішкі жүйелерге қаржы жоспарланды. Осы ретте қала аумағын газдандыру бойынша құрылыс монтаж жұмыстарын 2020 жылы аяқтауды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек бүгінде тұрғындардың 94,1 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айтқым келеді. Сонымен бірге, осы көрсеткішті еселеу мақсатында 2018 жылы Түркістан қаласы, Балтакөл тас жолы бойындағы тұрғын үй массиві мен Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы тұрғын үй массивін сумен қамтамасыз етуге республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінді. Осы салалардың қатарында автокөлік жолдары бойынша тоқталып өткім келіп отыр. Атап айтсам, Түркістандағы автокөлік жолдары мен ішкі көшелерін жөндеу жұмыстары жыл сайынғы жоспардан түскен емес. Оның үстіне соңғы уақытта көлік қозғалысы да еселенуде. Қала ішінде 875 көше, 764 шақырым жол бар болса, 2018 жылы жол саласын дамыту және қала көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен 1 132,2 млн теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде «Отырар» мөлтек ауданын Кентау бағытындағы жолға қосу үшін 7,7 шақырым жол және Шымкент бағытымен Шәуілдір бағытын қосуға арналған жол құрылысының жобалау-сметалық құжаттарына, 3 көшені күрделі жөндеуге, 23 көшені орташа жөндеуге, 20 көшені ағымдағы жөндеуге және 42 көшеге тас төсеу жұмыстары іске асырылуда. Алайда, көлік қозғалысының жиілеуі, автокөліктердің уақыт өткен сайын көбеюі бұл жоспарларымызды алдағы жылдары бірнеше есеге арттыратыны сөзсіз. Осы орайда келер жылдары қаланың бірқатар ішкі көшелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу (90 шақырым құрайтын 55 көшені) және 23 шақырымды құрайтын басты көшелерін кеңейту, Түркістан қаласына Отырар ауданы, Кентау қаласы, Балтакөл, Қарнақ ауылдарынан кіретін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды толықтай күрделі жөндеуден өткізу жопарлануда.

 

– Енді бұрынғыдай Түркістан қаласының көрсеткіштерін ауылшаруашылығы саласымен байланыстыра алмайтынымыз белгілі. Осы орайда аталған салаға бағытталған өндіріс орындарының санын арттыру жоспарда бар шығар?

– Әрине, бүгінгі күннің өзінде қалада бірқатар қайта өндеу цехтары жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда «Ақ жол» шұжық өңдеу цехында 11 айда 205 тонна ет өңделді. Одан басқа кондитерлік өнімдер бар. «Мұзды тау» ЖШС-інде 11 айда 300 тонна сүт өңделді. Ал «Golden Camel Group LTD» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ таблеткалар дайындау цехы жуырда іске қосылып, өндіріс саласына қомақты үлес қосады деп күтілуде. Бұл мақсатта біз ауылшаруашылық саласы төмендеді деп қарап отырмаймыз. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік, көкөніс, ет өнімдерінің тапшылығын болдыр-мау мақсатында қалада өндіріс орындарын өркен-детуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, көкөніс сақ-тайтын қоймаларды көптеп салуды және диқандар үшін әлеуметтік сауда нүктелерін көбейту жоспар-ланған. Себебі тоғыз жолдың торабы – Түркістан нағыз сауда-саттықтың орталығы. Түркістанның төрт қақпасынан келген қонақтардың басым бөлігі көтерме бағадағы тауарларды көздеп келеді.

 

– Түркістанның болашағын көз алдыңызға қалай елестетесіз?

– Егемен еліміздің рухани өзегі – Түркістан қазақ хандарының таққа отырғызылып, ел билігіне кірісетін киелі орны болды. Ағаштың жаны – өскен жерінде, адамның жаны – туған елінде дегендей, ғасырлар бойы ұлы даламыздың астанасы болған Түркістандай туған өлкеміздің біздер үшін орны ерекше. Осылайша игілікті істердің ордасына айналған қаламыздың тағы бір мерейлі кезеңіне мол жетістіктермен аяқ бастық. Бұл біздің ортақ қуанышымыз. Қорыта айтқанда, Түркістан қаласы Қазақ елінің шын мәніндегі рухани астанасы. Бүкіл түркі жұртының түп мекені.

Сұхбаттасқан: Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Leave a reply