«ӘРБІР ТҰРҒЫННЫҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАМАЙ,СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШУГЕ БЕКІНДІМ»

0
98

«Қуаныш» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, Түркістан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызына жолығып, халық қалаулысының бүгінгі атқарып отырған игі тірліктері жайлы сұхбат алдық.

Инара, әке жолын жалғастырып келе жатқан жеке кәсіпкерсіз. Бүгінде үлкен тізгінді ұстап отырсыз. Жеке кәсіпкер ретінде шетелге жиі шығып, сол жерлердің базарларына арнайы барып көретініңіз туралы жазғаныңызды оқыған болатынбыз. Осы орайда, қояр сауалымыз, біздің еліміздің базарлары мен шетел базарлары арасында айырмашылық бар ма? Өзіңіз саралап, зерделеп көрдіңіз бе?

– Иә, менің кәсіпкерлік салаға келуім біріншіден бала кезгі арманым болса, екіншіден, әкемнің жолын жалғап, ізін басқанымның арқасы деп білемін. Менің әкем өте еңбекқор, кәсібіне адал азамат болатын. Бүгінде көзкөрген жандардан әкем жайлы жылы лебіз бен естелік естісем, балаша марқайып қаламын. Әкем мені еңбекке бала кезден үйретті. Шет мемлекеттерге іссапарға немесе саяхатқа шықса, бірге ала кететін. Қандай да бір елге барсақ, ең бірінші міндетті түрде сол елдің базарына арнайы соғатынбыз. Әлі есімде, әкеммен бірге Кореяға барғаным. Бұл кездері әкемнің денсаулығы сыр беріп жүрген еді. Екеуміз ерінбей корей мемлекетінің ірі базарларының бірінде болдық. Біз болған сауда орны «Норянжин» балық базары деп аталады. 1927 жылы ашылған ең ірі теңіз өнімдерінің көтерме сауда орталығы екен. Бұл базар әсіресе, туристер арасында өте танымалдылыққа ие. Сонымен бірге, «Namdaemun» базары – 1964 жылы ашылған Кореядағы ең ірі түнгі дәстүрлі сауда орталығы. Бұл базардың ерекшелігі мұнда тауарлардың көпшілігін тікелей өз өндірушілері ұсынатын көрінеді. Базар күндіз-түні жұмыс жасап, таңғы сағат 4-ке дейін кәсіпкерлер үздіксіз сауда жасайды. Әсіресе, түнгі базардың көрінісі туристерді ерекше таң қалдырады.

Ал, келесі шет елге жасаған саяхатымның бірі – Египетте болғаным. Әлемнің сегіз кереметінің бірі саналатын алып мемлекеттегі базарға да арнайы барған болатынмын. Каир қаласында орналасқан сауда нысанның аты – Хан әл-Халил базары. 8 ғасырға жуық тарихы бар, 900 базар дүкеншесінен шыны және мыстан жасалған бұйымдар, әшекейлер мен қолөнершілердің тауарлары, жарқын маталар мен әсем киімдерді, ыдыс-аяқ, былғарыдан жасалған бұйымдар, түйе жүнінен жасалған кілемшелерді және өзге де тұрмысқа қажетті заттарды осы базардан табуға болады. Себебі, ол таяу шығыстағы көне базардың бірі болып саналады.

Жалпы, өзім сапар кезінде өзге де шет мемлекеттерде болдым. Әр елдің базарының өзіндік қалыптасқан мәдениеті мен ережесі бар. Дамыған елдердің экономикасы қуатты болғандықтан базарлардың орналасуы, туристерді тарту дәрежесі әлдеқайда дамыған.

– Өз кәсібін ашқалы отырған, идеясы бар адамға табыс табу үшін қанша уақыт керек және қанша қаржы жеткілікті? Сөзіміздің тоқетері, қазақ жастарын жаппай бизнеске тарту үшін не қажет? Жастарға арналған қандай тиімді тренингтер мен оқыту бағдарламаларын білесіз, қайда баруға кеңес бересіз?

– Жалпы, кәсіпкерлік саласы жас талғамайды. «Кәсіп ашамын, оны дөңгелетіп кетемін» дейтін азамат үшін мүмкіндік мол. Қазір ХХІ ғасыр дамыған техника, интернет ғасыры. Ғаламторды ашып қалсаңыз болды мықты менторлар мен білікті мамандардың идеялары қаптап алдыңыздан шыға келеді. Қарапайым кәсіп ашу үшін алдымен оның болашағын айқындап алып, жоспарын құрып алған жөн. Кететін шығындарыңыз бен кіретін табыс көзін реттеп, алдыңыздан төтеннен шығатын барлық қиындыққа төтеп бере алуға дайын болу керек. Бірақ кеткен күш, энергия, тәжірибе оның барлығын бизнесіңіз дамыған сәтте рахатын сезінесіз. Сондықтан мен кәсіп ашуға жаны құмар жастарды қос қолдап қолдаймын.

– Инара Әбдіғаппарқызы биыл жыл басында депутаттық мандатқа ие болдыңыз, өзіңізге тағы бір міндет жүктелді. Осы қызметтің жауапкершілігі қаншалықты сезілуде?

– 2020 жылы өткен саяси науқан сайлауда халықтың «Nur Otan» партиясына жасаған таңдауының нәтижесінде, ел Президентінің әйелдер квотасына 30 пайыз жеңілдік бөлуінің арқасында Түркістан облысы мәслихатының депутаты болдым. Жалпы, депутат деген ол – халық пен билік арасын жалғайтын дәнекер көпір іспетті. Елдің мүддесі мен халықтың мұқтажына ден қойып, мәселелерінің оң шешімін табуына атсалысу – әрбір депутаттың міндеті деп білемін. Мен халықтың қалаулысы атанбас бұрын алдыма межелі міндет қойдым. Әрбір тұрғынның проблемалық мәселесіне бей-жай қарамай, сөзден іске көшуге бекіндім. Берілген уәде, айтылған сын сол орында қалып қоймай, халықтың уәдесінің үдесінен шығуға талпыну керектігін өзіме жүктеп, бірінші кезектегі тапсырма етіп қойдым. Әрине, жүгі ауыр, жауапкершілігі де көп. Сондықтан да халықтың адамы, халық таңдаған болған соң үнемі елдің дегеніне құлақ асып, олардың қарапайым өмірдегі базынасына нүкте қою жолында мардымды мақсатпен нәтижелі жұмыс атқарғым келеді.

– Қоғамда көтерілген мәселелер, тұрғындар ұсынысын сессияда қарайсыздар ма? Осындай шешімін тапқан ұсыныс, мәселе туралы айтып өтсеңіз?

– Негізі мәслихаттың кезектен тыс сессияларында біз оған дейін әрбір депутат өзінің көшпелі қоғамдық қабылдауында көтерген мәселені депутаттық сауал ретінде жолдап, талқыға саламыз. Мәселен, мен жыл басынан бері 7 рет қоғамдық қабылдау өткіздім. Оның басым бөлігінде әйел-аналар өздерін мазалаған сауалдарымен келді. Яғни көпбалалы аналарды алаңдатқаны атаулы әлеуметтік көмектің жай-күйі. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақының құжаттарын дайындауда көбісі әуре-сарсаңға түсетін көрінеді. Одан өзге бір топ тұрғындар жер мәселесін даулап келді. Материалдық көмек сұрап келетіндері қаншама. Осындай арыз-шағымдардың ішінен ең жанды жерімізге тиетінін сүзгіден өткізіп, сессияда қараймыз. Депутаттар талқысынан кейін оң шешімін тауып жатады. Жеке өзім бірнеше жанға әлеуметтік көмек ретінде қол ұшын созып, жұмысқа орналасуға сеп болдым. Ал, қоғамдық қабылдауыма келетін азаматтар үшін әр айдың соңында есігім ашық.

– Қайырымдылық жасап отыру жаныңызға жақын ба?

– Қазақ халқымызда қайырымдылық турасында айтылған небір дана сөздер бар. Соның бірі «Қайырымдылық – қайырлы іс». Қанымызға сіңген адами қасиеттен айнымау әрбіріміздің парызымыз деп білеміз. Осы мақсатта мен елге жария етпей немесе өзгелер үлгі алсын деген ниетпен көптеген қайырымдылық істеріне ұйытқы болып келемін. Соның бірі – «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығына әркез қолдау көрсетіп, демеушілігімді танытудамын десем артық айтқандық емес. Одан өзге алдыма өздерінің әлеуметтік мәселелерін алға тартып келетін қаншама жанның жанына медеу болдым. Жалпы, қайырымдылық жасау – менің бойыма әкемнен сіңген қасиет деп ойлаймын. Әкем өзі жастайынан қиыншылықтың тауқыметін тартып өскен соң жетім мен жесірді жылатпауды алдыңғы орынға қоятын. Әкемнің осы қасиетінің жұрнағы бойымнан табылғанына дән ризамын.

– Тағы бір байқағанымыз, әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Өз парақшаңызға атқарып жатқан жұмыстарыңызды жариялап отырасыз. Сонымен қатар, еркін ой-пікіріңізді жазып отырасыз. Жалпы, әлеуметтік желімен қай уақыттан бері «доссыз»?

– Бүгінгі ХХІ ғасыр ақпараттар ағынының ғасыры. Қазір барлық адамның әлеуметтік желіде жеке парақшалары бар. Мен де осыдан 2 жыл бұрын өзімнің Фейсбук, Инстаграм желілерінде парақшамды ашып, қолым қалт етсе, жағымды жаңалықтарым мен келелі кеңестеріммен бөлісіп отырамын. Аудиториямен кері байланыс орнатып, оқырманның ойын оқып, пікірлерімен үндесіп келемін. Өзімнің парақшаларымда әртүрлі бағытта әңгіме қозғағанды жақсы көремін. Бала тәрбиесі мен отбасы құндылығын насихаттап, қауымдастық төрайымы әрі депутат ретінде атқарып жатқан жұмыстарымды жариялап келемін. Бүгінде барлық азамат әлеуметтік желінің қолданушысы. Сондықтан алдағы уақытта да белсенділігімді арттыра түскім келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялады. Осы орайда Жолдау туралы өз ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына арналды. Мемлекет басшысы Жолдауда өткен отыз жыл ішінде «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болдық. Еліміз тұрақты қоғам құрып, орнықты даму жолына түсті» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз елімізді дамытудағы ерен еңбегін атап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді. Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда, Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі. Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді. Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді. Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есеп-шотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсеткендігін атап өтті. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында мемлекет тарапынан қолдау тапқан жобалардың жүйелі жүзеге асқандығын жеткізді.

Ел Президентінің «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» сынды бағдарламалар мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдағаны экономикалық дамуымызға айтарлықтай үлес қосады,-деген сенімдемін. Сын-тегеу­ріндерден әрдайым бір адым алға жүру қағидатына негізделген Жолдау елімізді өркениет өрісінің жаңа белестеріне бастамақ.

Leave a reply