Әрбір этномәдени бірлестік ұлтаралық келісімнің негізі
Елімізде әрбір этномәдени бірлестіктің жоспарлаған шаралар іске асыруына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Жалпы республикамыздағы этномәдени бірлестіктер елімізде өмір сүріп жатқан этностардың тілі, мәдениеті, дәстүрін дамыту мақсатында жұмыс істейтін ұйымдар болып табылады.Елімізде қолданыстағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес олар Ассамблеяның жергіліктіэтномәдени бірлестіктері ретінде әрекет ете алады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 1920 жылы Қазақстанда 30 этнос өкілі өмір сүрген болса, 1970 жылыолардың саны 114-ке көбейге. Ал, 1986 жылы – 120 болса, 1999 жылғы санақ бойынша мемлекетімізде 130-ға жуық этнос өкілі тұратыны анықталған екен. Бүгінде елімізде 140 этнос өкілі бар.
Сайрам ауданында тұратын этнос өкілдерінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олардың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік. Білім, ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп жүргендері де көп.
Елімізде 2008 жылы қабылданған ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң ұлттық мәдени орталықтардың қызметін қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етті. Сонымен қатар, «ұлттық мәдени орталықтардың» атауы «этномәдени бірлестіктер» болып өзгертілді. Аталмыш заң Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктердің мақсатын айқындап берді. Соған сәйкес, бүгінде еліміздегі этномәдени бірлестіктер қазақстандық патриотизмге негізделген бірегейлік пен бәсекеге қабілетті ұлт және қазақстандық азаматтықтың қалыптасу процесінде республикадағы ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге атсалысып келеді.
Мемлекетімізде жүргізілген статистикалық деректерге зер салсақ, 2010 жылы елімізде бірлестіктер саны 800-ге жетіпті. Ал, қазір Қазақстанда 960-тан астам бірлестік ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында жұмыс істеуде. Реті келгенде толығырақ айта кетейік, жалпы этномәдени бірлестіктер этносаралық қатынастар саласында пайда болған проблемаларға дер кезінде жауап беруге, тұрғындар арасында ұлтаралық татулықты сақтауға, ауызбіршілікке шақыруға ықпал етеді. Осылайша, олар мемлекеттік саясат саласында тығыз этносаралық өзара іс-қимылға бағытталған мықты стимулға айналуда.
Еліміздегі әрбір этномәдени бірлестік ұлтаралық келісімнің негізі деп сенімді түрде айтуға болады. Ақсукент ауыл округіндегі өзбек этномәдени бірлестік ауданның қоғамдық өміріне белсенді түрде араласады. Іс жүзінде бірде-бір іс-шара біздің бірлестік мүшелерінің қатысуынсыз өтпейді десек болады. Негізгі мақсат — Қазақстанның ұлттық саясатын насихаттау және іске асыру, өзінің ұлттық тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ең бастысы-этносаралық келісімді нығайту және дамыту. Ауданда айтулы және мерекелік даталарға орай өткізілетін дөңгелек үстелдер мен концерттік бағдарламалардан басқа, әлеуметтік қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Аналардан құрылған кеңестер өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сыйластық сезімін қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға атсалысады. Көпұлтты ауданда жалпыұлттық бірлігіміз бен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді. Ақсақалдардан құралған алқа да осындай міндетті мойнына алған. Оның құрамына қоғамның әр саласында қызмет атқарып жүрген, халық алдында беделі жоғары, өмірі өнегелі азаматтар кірген. Олардың ішінде ҚХА мүшелері, еңбек ардагерлері, аудандық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, дін қызметкерлері бар.
Ақсақалдар алқасы өңірдегі Ассамблеяның жұмысына көмек көрсетіп қана қоймайды, ол дербес құрылым ретінде ел ішіндегі әлеуметтік мәселелердің дер уақытында шешімін табуына үлес қосады. Тарихта әр халық қай уақытта болмасын билер кеңесіне, ақсақалдар алқасының төрелігіне жүгінген. Сондықтан, ақсақалдар алқасын сол ата дәстүрдің өз жалғасын тауып, жаңғыруы деп қабылдауымыз керек.
Қорыта айтқанда, аудандағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері өзара берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт елдің берекесін айрандай ұйытып отыр. Бұл өңірімізде этномәдени білімнің дұрыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.
Абдурасул ЮСУПОВ,
Ақсукент ауыл округіндегі өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Сайрам ауданы.