ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

0
148

Қазіргі таңда шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15,0% артты.

Бүгінде аймағымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 2023 жылдың І-ші жартыжылдығында 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады.

Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты.

Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айында 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады.

«Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткім келеді. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етеді», – деген болатын қала әкімі Н.Тұрашбеков 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша жақында өткен есеп беру баяндамасында.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, осы жылдың 9 ай қорытындысымен 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.

Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. 150 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. 29 азамат мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін шағын несие иегері болды.

Адам бойындағы тынымсыз еңбек, ештеңеден қаймықпай алға ұмтылу түбінде мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар баршылық. Осы сөздерімізге дәлел ретінде қаламыздағы бірнеше кәсіпкерлерді мысалға келтірейік.

Түркістандық жеке кәсіпкер Шәмшиддин Айметов «Ideal» кәсіпорнының негізін 2018 жылы қалады. Ол қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Әуелі осы кәсіптің түбін аз ғана жұмысшылармен бастап, санқилы жолдармен зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтитындай деңгейге көтерілді, бұйыртса, жыл соңына дейін 200 адамға жұмыс орнын беруді жоспарлайды. Халықты жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын іздеп жүрген жұмысшыларға көмек қолын созуда. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптеген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. Бағасы да қолжетімді бұйымдар ыстық-суыққа төзімді ABS материалынан жасалады, қазіргі таңда үстелдің 7 түрі, орындықтың 12 түрінен 150-200 данасын шығаруға әлеуеті жетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мол ізденіс пен талпыныстың арқасында сәнді әрі сапалы дүниелері қазір зор сұранысқа ие.

«Қазақстанның үздік тауары» іспетті түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, «сынбайтын үстел» атауымен танымал кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда.

«Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі, содан соң үстел жиналып құрастырылады, одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі, сосын дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады, патина, лак жағылады, ең соңында ысып жылтырату арқылы түрлі процестерден, яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді», – дейді кәсіпкер жұмыс барысымен таныстырып жатып.

«Мол шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін осы жұмыста қаншама адам жұмысқа кіріп, қаншамасы шыдай алмай шығып кетті деуге болады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, «мен осы мақсаттан таймаймын, көздегеніме жетемін» деген жігерлі жан және кез келген өндірістің «ішкі кухнясымен» толық таныс адам ғана кәсіпті алып кете алады деп ойлаймын», – дейді шынайы ойымен бөліскен Шәмшиддин.

Өз ісін ашып, ырысқа кенелген еңбекқорлардың арасында үй тірлігімен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер де жетерлік. Солардың бірі қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін шығаратын Жанат Тұрғанбаева ханым. 2016 жылдан бастап үй ішінен ашылған цехте бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар кондитер өнімінің алуан түрлерін, яғни күніне 50-ден астам торт түрлерін, атап айтсақ, вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ, 1000-ға жуық самса шығарады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпараны, қуырылған түшпараны қолдан бүгіп дайындайды. Сонымен қатар қаладан кондитер өнімдерін сататын бірнеше сауда орындарының нүктесін, кофеханалар ашып, тәттілер әлемінде өз брендін қалыптастыруда.

Дәмі тіл үйірер торттарды бір жеген адам бүгінде қайта айналып келетін тұрақты тұтынушыға айналғаны жасырын емес. Кәсіпкер мұның сырын былай түсіндіреді: «Тұтынушылардың көптеп тартылуының себебі – дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз».

Иә, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе сылтау бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ықыласы үйлессе жеткілікті. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Былайша сырт көзге оңай көрінгенімен, кәсіп ашып, оны әрі қарай жетілдіру әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда алдыңнан шығатын тосқауылдарға төтеп беру ерік-жігердің мықтылығына байланысты. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары тәй-тәй басқан кәсіпкердің аяғынан нық тұру алғышарттарының бірі болар еді. Өйткені бұл шаралар бизнесті қолдау және қаржыландыру шараларының қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бизнестің ел экономикасына үлесін көбейту мүмкіндігін тудыратынына сенім мол.

Leave a reply