ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЖАППАЙ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ АЛГОРИТМІ ҚҰРЫЛДЫ

0
116
Жаппай вакцинациялау алгоритмінің құрылуына сәйкес, қала және аудан тұрғындары вакцинаны жергілікті емханалардың егу кабинеттерінде арнайы тізім бойынша және алдын-ала жазылу тәсілі бойынша салдырады. Вакцинация сондай-ақ, жылжымалы вакцинациялау пункттерінде жүргізіледі. Тұрғындар алдын-ала Egov электрондық жүйесі арқылы тіркеліп, ерікті түрде вакцина жасата алады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Түркістан қаласында жалпы 10 вакцинациялау пункттері ұйымдастырылды. Вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттары сақтала отырып, жалпы 80 егу пункттерінде вакцинация жасалады. Олар 60 термоконтейнермен қамтамасыз етілген. Қосымша 50 данасы сатып алынады. 30 көшпелі егу бригадасы құрылды. Орталықтар арнайы даярланған мамандармен, 500-ден астам дәрігер мен орта буын медициналық қызметкерлерімен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысына қарасты вакцина сақтайтын қоймасында көлемі 300 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш (-20оС) бар. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 дана мен 601 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш сатып алынып, толық жеткізілді. Одан бөлек, вакцинация жүргізуге арналған 65 пункттер толық тоңазытқышпен жабдықталған.
Түркістан облысында пандемия басталғалы 600 мыңнан астам ПТР тест тапсырған. Соңғы тәулікте ауруға шалдыққан 48 адам тіркелген. Басым бөлігінде науқастардан ауру белгілері анықталмаған. Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша ҚР бойынша «жасыл» аймақта.
Өңірді 185 мың доза ресейлік «Спутник-V» және 752 мың доза «QazCovidIN» отандық вакцинамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ақпан айынан бастап ресейлік вакцинаның 43 400 дозасы жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін 43 160 адам вакцина қабылдады. Медицина, полиция саласының қызметкерлері, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер және созылмалы ауруы барлар егілді. Сәуір айының соңына дейін 72 мыңнан астам доза жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге 30 мыңнан астамы жеткізілді.

Leave a reply