Өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласы уақыт өткен сайын қарқынды дамып келеді. Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің Қарабұлақ ауылдық округіндегі жұмыс сапарында «ALITEX» тігін цехының әлеуеті жұртшылыққа таныстырылды.
Жеке кәсіпкер Сардар Усманов жаңа цехты іске қосуға өз есебінен 20 млн. теңге қаражат жұмсаған. Цех өз жұмысын биыл мамыр айының соңында бастады. Цех қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтылған.
Бүгінгі таңда цехта 18 мың жаздық және 10 мың қыстық әскери киімдерге тапсырыс алынып, пішіп, тігу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тігіншілердің орташа айлық жалақылары 80-90 мың теңгені құрайды.
Сайрам ауданында сәтті жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Ауыл – ел тірегі» жобасы. Онкүндік аясында Манкент ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 2 рет сенбілік өткізіліп, 15 шақырым көше бойлары және 6 шақырым аяқ жол тазартылып, қураған шөптер орылды. Округ аумағындағы 3 зиярат (мазарат) орындарында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, көшелердегі 360 түп декоративті ағаш әктеліп, 250 бағана сырланды. Тозығы жеткен 25 электр бағанасы ауыстырылды, 4 трансформатор сырланып, қоршалды. Тазалық жұмыстарына қажетті техникалар жұмылдырылып, 45 текше метр болатын күл-қоқыс шығарылды. Асар әдісімен халықты тарта отырып, 7 техниканың көмегімен 1,5 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілген. Азаматтық қоғамды және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіретін бұл жобаны тұрғындар да хош көріп отыр.