4096 бала жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы спорттық үйірмелермен қамтылады
Үшінші мегаполисте шілде айынан бастап қосымша шығармашылық және спорттық үйірмелермен қамтамасыз етілмеген балаларға арналған пилоттық жоба ұйымдастырылады. Бұл туралы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Бауыржан Қалмұхамедұлының айтуынша, 2021 жылдың 6 айында қалада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 324690 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санынан 30,6%-ды құраған. Ал қосымша шығармашылық және спорттық үйірмелермен қамтамасыз етілмеген балалар саны – 76 176. Шаһарда спорттық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы бұқаралық спортпен шұғылданатын жастардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Шымкенттік өрендер шілде айынан бастап жаңа жоба аясында ақылы үйірмелерге тегін бара алады. Ол үшін кәсіпкерлер мен ата-аналар арнайы сайтқа тіркеліп, электорнды қолтаңба арқылы өтінім беруі тиіс.
– Спорттық тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдың 6 айында (шілде-желтоқсан) 4096 баланы, оның ішінде 96 мүмкіндігі шектеулі баланы спорттық үйірмемен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2021 жылы үйірмемен қамтылмаған бос балалардың қосымша спорттық секциямен қамту үлесінің 5,3 % -ын құрайды. Биыл спорттық тапсырысты қаржыландыру үшін 339 823 606,1 теңгеге қажеттілік туындауда. Қажетті қаражатты кәсіби спорттан бұқаралық спортқа қайта бағдарланатын қаражат есебінен қарастырылады,- деді басқарма басшысы.
Баспасөз жиынында спикер Токио қаласында өтетін ХХХІІ-Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық туралы да баяндады.
– Әлем көз тігіп отырған үлкен додаға Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы сапына енген спортшыларымыз қызу дайындық үстінде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының спортшылары Жазғы Олимпиада ойындарына 11 жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар ХVІ-ші Жазғы Паралимпиада Ойындарына жүзу спорт түрінен Агалаков Роман жолдамаға ие болды. Жақында тағы бір төреші баратыны белгілі болды. 23 шілде күні болатын додаға Шымкент қаласынан 13 спортшы аттанады. Жолдама алған спортшыларымыз Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасымен оқу-жаттығу жиындарында Олимпиада ойындарына дайындалуда. Тағы бір айтатын жәйт, спортшыларымызға кәсіпкерлер тарапынан 2 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. БАҚ-та спортшымыз Сарсенкүл Рысбековаға қатысты түрлі қауесеттер тарап жатыр. Бұл нақты шешім емес. Оның жолдамасын өзінде сақтап қалуды ұлттық олимпиадалық комитеті және стенд ату спортынан бас бапкерлерімен ортақ шешім шығарылады. Әлі бір ай уақыт бар. Бұл туралы қосымша хабарлаймыз, – деді Б.Тұманбаев.
Сонымен қатар, жыл басынан бері қала спортшылары ел чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 364 алтын, 260 күміс, 312 қола медаль жеңіп алған. Ал Азия чемпионаттары мен кубоктарында 5 алтын, 7 күміс, 4 қолаға қол жеткізсе, әлемдік деңгейде 4 алтын, 6 күміс және 12 қола жүлдеге ие болды.
Б.Тұманбаев биыл 4 – халықаралық, 98 – ҚР спорт шебері, 140 спорт шеберіне үміткер дайындалғанын да айтты.