ШЫМКЕНТ: ҚАЛАНЫҢ БАС ИНФЕКЦИОНИСТІ КОВИДТЕН КӨЗ ЖҰМҒАН НАУҚАСТАРДЫҢ КӨБЕЮ СЕБЕБІН ТҮСІНДІРДІ
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ковид орталықтарындағы науқастардың жағдайы мен жедел жәрдем қызметіндегі ахуал туралы баспасөз мәжілісі өтті. Шараға Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Б.Ережепов, қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Г.Құрманбекова, «Атамекен» медицина орталығының бас дәрігері И.Артықбаева және қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Т.Варзилов қатысты.
Онда Бақтығали Аюбайұлы қаладағы ковид орталықтарындағы жағдай туралы мәлімдеді.
– Қалада Жұқпалы аурулар ауруханасы 1-еу болғандықтан, ауыр халдегі 345 науқас ем қабылдауда. Оның 129-ы жан сақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ, 88 науқастың халі ауыр болғандықтан аппаратқа қосылды. Қазіргі таңда Дельта штаммына байланысты жаңа емдеу хаттамасы шықты. Оған сәйкес вирусқа қарсы препараттарды алғашқы 12 күннің ішінде қабылдау керек. Ал науқастардың көбі ауруын асқындырып, 13-14 күннен соң келгендіктен емдеу нәтижесіз болуда. Айта кетейік, өздігінен емделу қайғылы жағдайларға алып келіп жатыр, – деді Б.Аюбайұлы.
Брифинг барысында қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Г.Құрманбекова қаладағы эпид жағдайдың күрделенуіне байланысты 103-тегі шақыртулардың күрт көбейгендігін алға тартты.
– Өткен тәуліктің өзінде 2600 шақырту қоңыраулары түсті. Соның ішінде 400-і – пневмония ауруымен ауырған науқастар. Ал нәтижелердің көбісі – өкпесін 70-90 пайызға қабындырып алғандар. Ауыр халдегі науқастардың тыныс жетпей қиналғанын көру жүрегімізді ауыртады. Бұл жерде сын айту емес, шын айту керек. Тығылып тойға барамыз. Тойхананың артқы есігінен кіреміз. Кімге керек біздің жанымыз? Бұл əрекеттермен кімді алдаймыз?!. Өз денсаулығымызды ойлау арқылы өзгелердің алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз керек. Ковид өршіп тұрған тұста бірігіп, жұмыла күресейік. Бұл ауруды жеңу жалғыз медицина қызметкерлерінің қолында емес. Сіз бен біз бұл ауруды бірігіп жеңуге, денсаулықтарыңызды сақтауға шақырамыз, – деді Гүлнәр Мамытқызы.
Сонымен қатар, Т.Варзилов коронавирус және пневмония ауруларына шалдыққан әйелдердің асқынулары мен емдеу кезіндегі қиындықтарын айтты. Оның сөзінше, инфекция іштегі шаранаға кері әсер етіп, баланың өміріне қауіп төндіруде. Коронавирустан қорғау арқылы бала мен ана өмірін аман алып қалу тікелей жақындарына байланысты екендігін ерекше атап өтті.
Брифинг барысында мамандар бұл індетті жеңудің бірден-бір жолы вакцина екенін алға тартып, қала тұрғындарын екпе салуға шақырды.
Айта кетейік, қалада өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 382 жағдай тіркелді.