ШЫМКЕНТТЕ «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 200 НЫСАН ТЕКСЕРІЛДІ

0
107
Шымкент қаласында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында аудан әкімдіктері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандарымен қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуы үшін тиісті аяқжолдар мен пандустардың ыңғайлылығы тексерілді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2021 жылға 259 нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайына қарай бейімдеу жоспарланып, нақты 200 нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Талапқа сәйкес келмегендерге ескерту берілді.
Сондай-ақ кедергісіз орта жасақтауда қамкөңіл жандардың ұсыныс-тілектері ескеріледі. Жобаның мақсаты – қаладағы әлеуметтік нысандарға кіріп-шығу үшін мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына жағдай жасау. Жалпы мүгедектерге арналған авто тұрақ, пандустар, дыбыстық шақырту кнопкалар, тактильді плиткалар, мүгедектерге арналған санитарлық бөлмелер болуы тиіс.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуына және әлеуметтік, құқықтық көмек көрсететін «Тең қоғам» секторы жұмыс істейді. Бұл сектор «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» Шымкент қаласының жол картасы аясында құрылған.
Бүгінде 473 мүгедектігі бар азаматтарды өз мәселелері бойынша қабылдап, 192 мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілді. Жиі қойылған өтінімдердің бірі — санаторлық-курорттық шипажайға жолдаманы алу және әлеуметтік қызметтер порталын қолдану.

Leave a reply