«БОЗАРЫҚ» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ТАЯДЫ
Шымкентте энергетика саласын дамыту бағытында салынып жатқан 220/110/10 кВ «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға таяды.
Қуаттылығы 160 МВт қосалқы станцияның құрылысына жауапты мердігер мекеме – «Аврора Констракшэн» ЖШС.Бүгінде нысанға қажетті басты құрал-жабдықтар толығымын жеткізілген. Бірқатар құрал-жабдықтар — 220 кВ автотрансформатор, 220 кВ КРУЭ, 110 кВ КРУЭ орнатылды. Қазіргі уақытта жұмыстың 99 пайызы аяқталған.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2016-2021 жылдары жүзеге асыруды жоспарлаған мердігер мекеме басшылары құрылысты биыл тамыз айында іске қосамыз деп отыр.
Электр тарату станциясы пайдалануға берілсе, 10 елді мекендегі 250 мыңға жуық халық сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы Шымкентте электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы 13 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып 23,5 мың адам сапалы электр қуатымен қамтылды. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 93%-дан, 95%-ға өсті.
Ал 2021 жылы қала халқын электрмен қамту бойынша 3 қосалқы станса, 1 ағымдағы жөндеу, 16 елді мекенде ішкі жүйелер құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жыл қорытындысымен 3 қосалқы стансаның, 1 ағымдағы жөндеу және 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, 21,3 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 97 пайызға жетеді.