ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Шымкент қаласындағы “КЭММ-2030” ЖШС жұмысшыларымен «Өндірістік қауіпсіздігі, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау» тақырыбында онлайн семинар-тренинг өткізілді.
Семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, төраға орынбасары Руслан Ақжігіт, Шымкент қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, кәсіподақ қызметкерлері қатысты. Семинарда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді.
Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайларды алдын ала ескерту туралы түсіндірме берілді. Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.
Серіктестікте кәсіподақ ұйымы құрылмағандықтан, кәсіподақ ұйымын құру және ұжымдық шарт түзу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан осы жылдың 6 айында 584 арыз-шағымдар мен түсіндірме беру жөнінде өтініштер қаралып, тиісті жауаптар қарастырылды. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 104 тексеру жүргізілді. Сондай-ақ, 182 заңбұзушылық анықталып, 68 нұсқама берілді. Тексеру нәтижелерімен 4,5 млн. теңге көлемінде 25 әкімшілік айыппұл салынды. Оның 21-нен 2,9 млн. теңге айыппұл өндірілді.