Thursday, November 21

ШЫМКЕНТ: БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
109

Бүгін «Nur Otan» партиясының орталық аппаратында партия жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онлайн өткен отырыста партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасының Шымкентте орындалуы барысы талқыланды.

Отырыста 2021 жылы жаңа білім беру нысандарын салу, мектептерді жаңғырту және пән кабинеттерін ашу мәселелері қаралды.

Жиында кіріспе сөзді аталған кеңестің төрағасы, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова сөйледі. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баяндама жасады.

Өз кезегінде Жанат Арысбекқызы партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасында алдағы бес жылда Шымкентте 72 мектеп құрылысын салу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар ол, 2025 жылға дейін 24 мектеп пен 3 интернат, 1 колледж және 13 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Бұдан бөлек 2023 жылға дейін үш ауысымда білім беретін мектеп мәселесі күн тәртібінен алынатын хабарлады. Қазіргі таңда қалада үш ауысымда білім беретін мектептер саны 19-ға жетеді. Жанат Арысбекқызы өз баяндамасында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылға дейін 30 мектепте турникет орнату және т.б жұмыстардың қолға алынатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек ол алдағы оқу жылында оқыту дәстүрлі форматта болмайтын болса,қаладағы педагогтардың барлығы дерлік онлайн оқытуға толық дайын екенін хабарлады.

Кеңес отырысында білім мен ғылымды дамыту жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы Баршагүл Исабек аймақтық қоғамдық кеңестің қызметі туралы баяндады.

Отырыс барысында қаладағы білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша ұсыныстар берілді.

Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің келесі отырысы қыркүйек айында өтетін болды. 

Leave a reply