БАДАМ ӨЗЕНІНІҢ БОЙЫ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ
Шымкентте Абай ауданындағы Бадам өзенінің бойы ерекше демалыс аймағына айналады. Өзен аумағының көркеюіне жеке кәсіпкер Дәурен Даулеталиев қолдау көрсетуде. Меценат «Сүйікті қалама сыйлық» эстафетасы аясында өз қаласын көркейтіп, көріктендіруге қомақты қаржы бөлген.
Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш Бадам өзені аумағынан бой көтеретін аллеяның құрылысы 4 бағыт бойынша жүргізіледі, деп атап өтті. Жауапты басшының айтуынша, бірінші кезекте меценаттың қолдауымен арнайы техникамен жабдықталған жұмысшы топ өзен арнасын қоқыс қалдықтарынан, жабайы жалбыздардан және шөптерден тазартылады. Мұнан соң өзен жағалауы абаттандырылып, демалыс аумағына айналмақ. Өзеннің жан-жағынан бөлек, қорғасын зауытынындағы мұнара да аллея көркін аша түсетін көрінеді.
Аллея аумағынан балалар алаңшасы, спорт алаңшаларына спорттық элементтер воркаут пен тренажер қойылады деп күтілуде және жаңа аллеяға жаяу жүргіншілер жолы салынады. Орындық, қоқыс жәшіктері және жарық шамдары қойылады.
Алдағы екі жылда жаңа демалыс орны толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.