ДӘРІГЕРДІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ
Шымкентте коронавирус эпидемиясымен күресте кәсіби борышын атқару кезінде қайтыс болған дәрігер Айгүл Алимбетоваға ескерткіш тақта қойылды.
Қалалық №2 аурухана әкімшілігі әріптестерінің құрметіне орай өзі еңбек еткен перзентхана ғимаратының бұрышына орнатылған ескерткіш тақта жанында гүл-шоқтарын қойып, Айгүл Рахманқызының атына дұға-тілектерін арнады.
Бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған Айгүл Рахманқызы қатардағы дәрігерлер сынды тәулік бойы жүкті әйелдерді қабылдап, медициналық көмек көрсеткен. Әсіресе, қаладағы эпидемия өршіген тұста ақ халатты абзал жан үй бетін көрмей, ауруханада түнеп, қауіпті инфекцияға шалдыққан жүкті әйелдерге жәрдем берді.
– 2020 жылғы 16 тамызда Айгүл Рахманқызы 46 жасында, кенеттен COVID-19 вирусынан туындаған екі жақты пневмониядан өмірден озды. Ол білікті дәрігер ретінде ана мен бала денсаулығын қорғау, сақтау үшін жанқиярлықпен еңбек етті, күрделі оталарды жасады. Барлық пациенттердің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болды. Мамандығына адал жан еді. 21 жыл медицина саласында еңбек етті. Еңбек жолын 1999 жылдан бері әйелдерге кеңес беру орталығында акушер-гинеколог ретінде бастап, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіре отырып, бас дәрігердің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Науқастарының жай-күйін сезіне білетін дарынды дәрігер еді, – дейді марқұмның әріптестері.