Thursday, November 21

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ ҚАЛАНЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІН ҚАБЫЛДАДЫ

0
132

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мегаполистің Бас полицейін қабылдап, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Департамент бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов тәртіп сақшыларының жарты жылдықта атқарған жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Ералы Мұсаәліұлы өз сөзінде Шымкент – қауіпсіз қала болуы керектігін ерекше атап өтіп, есепті кезеңде бірқатар қылмыс түрлерінің саны төмендегенін де жеткізді. Атап айтқанда, тонау, пәтер ұрлығы, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны біршама азайған. Қылмыстың ашылу деңгейі де жақсарған. Мәселен, соңғы 3 жыл көлемінде ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар толығымен ашылған.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жаңа оқу жылының басталуына орай, оқушылардың жолдан өту, мектеп ішіндегі қауіпсіздігін назарға алуды тапсырды. Одан бөлек, экополицейлердің жұмысын күшейту керек деді. «Біздің мақсат – тұрғындарды жазалау емес, оларға тазалық мәдениетін түсіндіру және қалыптастыру»,-деді әкім. Халық арасында наразылық тудырмау үшін жаңадан қойылатын бейнеқондырғылар туралы халыққа барынша ақпараттық насихат жүргізуді, ақылды бағдаршамдар санын көбейтуді, халық тығыз орналасқан елдімекендерге 100 мобильдік полиция пунктін қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, қалалық әкімдіктің қолдауымен 109 автокөлік, 550 бейнетіркегіш, 1402 планшет және 400 дана компьютер, 550 бейнежетон және өзге де техникамен қамтамасыз етілген. Қосымша 3740 бейнебақылау камерасы берілмек.
Осы және өзге де атқарылған ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ, алдағы жүйелі жоспарлармен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов жиын соңында полиция қызметіне оң бағасын берді.

Leave a reply