ШЫМКЕНТТЕ 275 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Үш жыл бұрын Шымкент қаласында 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жеке салушылар есебінен 8 639 пәтерлі 178, бюджет есебінен 5 912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 70,9 пайызға артқан.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланып, бүгінде құрылыс басқармасы тарапынан 696 пәтер пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін 368 отбасы жалдамалы баспанаға қол жеткізеді. Бұдан бөлек жыл басынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының несиелік бағыттары бойынша 1 300-ге жуық азамат баспана иеленді. Оның 286-сы тұрғын үй кезегінде тіркелгендер
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен несиелік бағытта баспана алуды көздеген азаматтар қатары көбеюде. Бүгінгі таңда банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау туралы хаты негізінде тұрғын үй сертификатын иеленген азамттар саны 30-ға жетті.
Әзірге тұрғын үй сертификатының талаптары мен шарттарына сәйкес келген қала тұрғындарының басым көпшілігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Бақытты отбасы» несиелік бағытының қатысушылары. Қазіргі таңда www.kezekte.kz интернет порталы арқылы жалпы саны 336 азаматтан тұрғын үй сертификатына өтінім келіп түскен. Оның ішінде 268 өтінім бойынша тұрғын үй сертификатын берудің жалпы талаптары мен шарттарына сәйкес келмеуі себепті бас тартылған.
Бүгінде қалада жалпы саны 44 850 азамат тұрғын үй алу тізімінде кезекте тұр.