ТҰРАН ШАҒЫН АУДАНЫНДА БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Шымкент қаласы әкімінің қала аумағында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгін Қаратау ауданы әкімі аппараты қызметкерлері Тұран шағын ауданында балалар ойын алаңшасын орнату мақсатында тұрғындармен кездесу өткізді.
Кездесуге мердігер мекеме «Назар» ЖШС-і өкілдері де қатысып, шағын ауданда құрылысы бастау алатын балалар ойын алаңшасының эскиздік жобасын таныстырды. Бұл ретте тұрғындармен нақтыланған жоба бекітілді. Яғни, аталған шағынауданда ойын алаңшаларды салу жұмыстары жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, аталған шағын ауданның тұрғындарымен әкімдік қызметкерлері көптеген кездесу өткізуде. Мәселен, бұған дейін жаңадан пайдалануға берілген үйлердің тұрғындарымен жүздесу ұйымдастырылған болатын. Бұл жиында көпқабатты үйлерді табиғи газ жүйесіне қосу мәселесі талқыланды. Ол кездесуде де салаға тиісті мамандар қатысты. Жалпы, аталған шағын ауданның инфрақұрылымының дамуы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басты назарында. Яғни, жақында шаhар басшысы шағын ауданның құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекемелердің басшыларымен жиын өткізіп, абаттандыру, тұрғын үйді пайдалануға беру және инженерлік-инфрақұрылым мәселелерін талқылаған еді.