ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

0
148

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағындағы 35 шағын аудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, жол инфрақұрылымдарымен қамтылған. Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфир барысында айтты.
 
Оның айтуынша, аудан ауыз сумен 94,4%-ға қамтылған болса, мемлекеттік электр жүйесімен қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 95,2%-ға, ал табиғи газбен қамту 86,4%-ға жеткізіледі.
 
«Аудан тұрғындарының ауыз сумен қамтылмаған 5,6 пайызын ауыз сумен қамту жұмыстары келер жылы жүргізілсе, қазіргі таңда Жалын тұрғын алабында 566 абонентке, Жұлдыз т/а-ның жаңақұрылысында 484 абонентке, Қарабастау т/а-ның жаңақұрылысында 750 абонентке, жалпы 1 800 абонентке сапалы электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге биыл Бадам (195 орам) ш/а 331 абонентке газ жүйесі жүргізілді. Бүгінде тұрғындардың газ жүйесіне қосылу жұмыстары жүргізілуде», – деді Досбол Күздікбайұлы.
 
Тікелей эфир барысында аудан әкімі жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында осы жылы 57 көшеге (58,9 шақырым) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда 19 көшені асфальттау жұмыстары аяқталғанын және 38 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Leave a reply