МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ – БАСТЫ ТАЛАП
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін түгендеуді жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес, аудандарда арнайы жұмысшы топ құрылған.
Осы орайда Еңбекші ауданындағы жұмысшы топ аудандағы әлеуметтік және коммерциялық нысан иелеріне «Қазақстан республикасы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi екендігі түсіндірілді. Ал құзырлы басқарманың мамандары әр коммерциялық нысан иелеріне жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады болады.
Айта кетейік, жалпы, Шымкент қаласында 36 944 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 6 479-ы – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар. Бұл ретте қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында 18 инватакси қызмет көрсетеді. Аталған әлеуметтік такси қызметіне жүріп-тұруы қиын бірінші мен екінші топ және 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар азаматтар жүгіне алады.