ШЫМКЕНТТЕ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ӨНДІРІСІНІҢ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ
Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 20,7 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биыл жылдың алғашқы бес айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9 миллиард 566,7 миллион теңге болды. Өткен 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 134,1 пайызға артқан.
Шымкенттен шығатын өнімнің 3,9 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 87 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал, кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады. Жеңіл өнеркәсіп кешені аталып кеткен арнайы экономикалық аймаққа топтасқан тоқыма фабрикалары жылына мыңдаған тонна өнім өндіріп, тұтынушыға сапалы тауарын ұсынып отыр. Шымкент – инфрақұрылымы дамыған, еңбек ресурсы әлеуетті мегаполис. Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда Шымкенттің Орталық Азияда инвестициялар мен технологияларды тартудың жаңа орталығына айналуына мүмкіндігі көп.
–«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында биыл 13,3 млрд.теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл өз кезегінде жаңа 361 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аймақтың аумағын қосымша 389 га дейін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Қазіргі таңда жер учаскесі айқындалып, мемлекет меншігіне қайтару бойынша қала әкімдігінің қаулысы қабылданды.
Жалпы индустриялық аймақтарда 2021 жылы 25,5 млрд.теңгеге 497 жұмыс орнымен 9 жобаны іске қосу жоспарлануда, — дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.
Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында «AZALA Textile», «Арайлы», «Жібек.М.», «Гаухар» тігін фабрикасы, «АГФ Групп» өндірістік компаниясы, «Alatex», «Жаңаталап-МТ», «Kazplast», «Шабитекс», «AZALA Cotton», «Әлем-БТ», «Хлопкопром-Целлюлоза», «Бал Текстиль», «НазарТекстиль» сынды кәсіпорындар табысты жұмыс істеп келеді.