ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕРДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІ ТӨМЕН ӘРІ БЕЛГІЛЕНГЕН БАҒАДА САТЫЛАДЫ
Шымкентте әлеуметтік дүкендер саны көбейіп жатыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» жобасы аясында іске асырылуда. Жыл басынан бері қалада 2 әлеуметтік дүкен ашылды.
–Әлеуметтік дүкендерде азық-түлік өнімдері төмен әрі белгіленген бағада сатылады. «QAZ ЕТ» әлеуметтік дүкені өз жұмысын бастады. Осы жоба аясында үшінші мегаполисте алдағы уақытта әлеуметтік дүкендер саны артады. Осы бағытта қаламыздағы ірі шаруашылықтардың бірі, мал бордақылаумен айналысатын «Қасқасу-С» шаруа қожалығына айналым қаражаты ретінде 200 млн. теңге қолдау қаражаты беріліп, тиісті келісімшарт түзілді, — деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков. «QAZ ЕТ» дүкенінде көкөніс пен ет өнімдері белгіленген бағада сатылатын болады.
Алдағы уақытта шаруа қожалық халқы тығыз орналасқан аймақтарда жыл соңына дейін тағы да 2 әлеуметтік дүкен және 4 жылжымалы ет өнімдерін сататын сауда нүктелерін іске қосуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, әлеуметтік дүкендерде азық-түлік тауар өндірушілер мен дүкен иесі арасында ешқандай делдал болмайды. Сонымен қатар, мұнда өнімдер қаладағы орташа нарықтан 20 пайыз төмен бағада сатылады.