ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 12 654 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ
Шымкент қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында, ең алдымен, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары қарқын алған.
Атап айтсақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 21 841 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында нақты 12 654 адам жұмыспен қамту шарасына қатысты.
Осы жылдың алты айында 1 440 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жіберілді. Сонымен қатар, 21 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді, 4 279 адам бос жұмыс орындарына, 211 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 078 адам жастар практикасына және 2 825 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасты. Ал жыл соңына дейін 3000-нан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланған.
Айта кетейік, Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларды жүзеге асырады. Бұл жұмыспен қамту шаралары бүгінде жүйелі түрде жүргізіліп отыр.