ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР СПОРТЫ ЖАН БАСЫНА ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШТІ
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше шаһарда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшкен. Тапсырыс аясында жеке кәсіпкерлер мемлекет есебінен спорттың 71 түрі бойынша қаржыландырылып, енді 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша арнайы платформа арқылы тіркеліп, спорт секцияларына тегін жаттығуына болады.
– Мамыр айында елімізде «Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына нормативтік қаржыландыру» «Бала» сандық платформасы іске қосылды. Бұл платформаға artsport.edu.kz IP-мекенжайы арқылы кәсіпкерлер, жаттықтырушылар және қаланың әрбір тұрғыны ата-ана ретінде өтінім жолдай алады. Ата-ана балаға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орымбаев дейді М.Орымбаев.
Жауапты басшысының сөзінше, шілде айының өзінде 24 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 19-ы біліктілік іріктеуінен өтіп баскетбол, бокс, грек-рим, дзюдо, каратэ, таеквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол сынды спорттық үйірмелерін ұйымдастыруға оң шешім беріліпті. Ал ата-аналардан жалпы саны 2261 өтінім түсіп, оның 1878-мен келісімшарт жасалған.