ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ 39-ШЫ МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

0
114

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 39-шы маусымы ашылды. Жаңа маусым еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» қойылымымен басталды.
Қазақ драматургиясының классикалық туындысы желісінде сахналанған бұл қойылым тарихи деректерге негізделіп, көрерменге ұлттық болмыс пен ерлік, отансүйгіштікті дәріптейтін ерекше туынды десек болады. Қоюшы режиссеры М.Малдыбаева, қоюшы суретші Г.Бабаева.
Естеріңізге салсақ театр 38-ші маусымында қалың көрерменді түрлі жанрдағы қойылымдармен тәнті еткен болатын. Атап айтсақ, әлемдік деңгейдегі классикалық туынды болып табылатын Н.Гогольдің «Женитьба» комедиясы, Д.Саламаттың «Қасқыр шөп жей ме?» ертегісін, М.Малдыбаеваның «Асыл шөп» қойылымы, А.Алтынбековтың «Рахмет саған, дәрігер!» қойылымының премьерасын көрерменге тарту еткен болатын. Биылғы жаңа маусымда жаңа премьералармен қатар түрлі қойылымдар сіздерді асыға күтеді деген зор сенім бар.
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 1984 жылы алғаш рет Г.Ландаудың «Ку-ка-ре-ку» спектаклімен шымылдығын ашып, бүгінгі күнге дейін үздіксіз жұмыс жасап келеді. Театр репертуарында бүгінгі таңда отандық және шетелдік авторлардың қазақ және орыс тілдерінде 150-ге жуық қойылымдары бар.
Айта кетейік, аталған театрға карантин талаптарына сәйкес Ashyq жобасымен кіруге рұқсат етіледі. Мұнда маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, толымдылығын 30 пайыздан асырмай қызмет көрсетіледі. Театрға билеттерді VISIT-SHYMKENT.KZ туристік мобильді қосымшасы арқылы онлайн билет броньдап сатып алуға болады.

Leave a reply