ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЕЛ ДЕМОГРАФИЯСЫНА ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСУДА
1991 жылы Шымкентте халық саны 440 мың болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 миллионға жетті. Нақтырақ айтар болсақ, 2018 жылы 17 мамыр күні Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Еламановтар отбасының тұңғышы – Айсұлу есімді сәби Шымкенттің миллионыншы тұрғыны деп ресми түрде танылды. Бұл оқиға бір отбасының ғана емес, қала жұртшылығын қуанышқа бөледі. Қала басшылығы жас отбасын арнайы құттықтап, кәсіпкердің демеушілігімен екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған-ды.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алды. 2018 жылдың 19 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойып, шаһар тарихындағы жаңа кезең басталды. Демек, Шымкенттің мегаполис атануына ықпал еткен негізгі сала демография деп айтуға негіз бар. Сонымен 30 жылдың ішінде Шымқалада халық саны 2,5 есе көбейіп отыр. Бұл – қаладағы табиғи өсімнің жоғары болуының жемісі. АХАЖ органдарының мәліметінше, сонау 1991 жылы Шымкетте 9 115 сәби өмірге келген. Ал, 2020 жылы Шымкентте демографиялық рекорд орнады! Былтыр үшінші мегаполисте 31 438 сәби дүние есігін ашты.
Қазіргі таңда Шымкент Қазақстан қалалары мен өңірлері арасында халық санының өсу қарқыны жағынан бірінші орында келеді. 2021 жылғы қаңтар-маусым айларында Шымкентте 16 513 сәби дүние есігін ашты. Сәйкесінше, үшінші мегаполис тұрғындарының саны 0,86 пайызға өскен. Нұр-Сұлтан қаласында бұл көрсеткіш – 0,67 пайызды, ал үшінші орындағы Маңғыстау облысында 0,48 пайызды құрайды. Қаламызда бұл үрдіс екі жылдан бері сақталып келеді.
Шымкентте халық санының көбеюі – елдегі қарқынды жүріп жатқан урбанизацияның нәтижесі. Мәселен, 2020 жылы Шымкентке республиканың өзге өңірлерінен, ауылдар мен шағын қалалардан 27 800 адам көшіп келген. 2018 жылы бұл көрсеткіш 34 мың адамға дейін жеткен еді. Яғни, ел ішінде қоныс аударған әрбір 11-ші отбасы Шымқалаға келіп табан тіреген. Нәтижесінде, 2021 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша Шымкент тұрғындарының саны 1 миллион 90 мың адамға жетті. 2020 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 42 200 адамға немесе 4 пайызға көбейіп отыр.
Шымкент халқының көбеюіне атамекенге көшіп келген қандастардың үлес қосқанын да айта кету керек. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың басындағы деректері бойынша Қазақстанға 315 мыңнан астам отбасы немесе 1 миллион 65 мың қандас көшіп келген. Ресми деректер оның 15 пайызға жуығының Шымкент қаласына орналасқанын көрсетеді. Шымкентте халық санының миллионнан асуына қала аумағының ұлғаюы да әсер етті. Нақтырақ айтсақ, шаһар территориясы 3 еседей кеңейіп, 41 мың гектардан 117 мың гектарға жетті. Түркістан облысының аудандарынан 40-тан астам елді мекен қалаға қосылып, ол жердің тұрғындары шымкенттік атанды.
Сондай-ақ Шымкентте денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ана мен бала денсаулығына барынша назар аударылып келеді. Перинаталды орталықтар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, мамандардың біліктілігі арттырылды. Оған қоса мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек пен қолдау сапасы жылдан жылға артып келеді.