8 МЫҢНАН АСТАМ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛМАҚ
Түркістан қаласы әкімдігі жанында «Халықтық кеңсе» мен «1310» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар қала аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда. Бұл туралы бүгін өткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының түркістандықтармен кездесуінде мәлімденді. 2024 жылдың алғашқы 4 айдың қорытындысы мен алдағы жоспарларды қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады.
Халықтық кеңсе арқылы жыл басынан жалпы қызмет алған адамдар саны – 23 942. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына 2024 жыл 4 айда 3803 қоңырау түсіп, оның 100% шешімі табылды.
2023 жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 8 513 азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, 4 айдың қорытындысымен 3661 азамат белсенді шараларға тартылды.
Қала аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. 2023 жыл қорытындысымен 4 150 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленсе, 2024 жылдың 4 айында 1745 отбасыға тағайындалды.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары беріліп, кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілген. Соғыс ардагерлері мен соғыс ардагеріне теңестірілген және тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсетілді. 6 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» өткен жылы 2 983 адамға, 2024 жылдың 4 айында 1320 адамға қызмет көрсетті. Сәуір айында «Белсенді ұзақ өмір» бөлімшесі іске қосылды.