8 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ КАНАЛДАР АРНАСЫ ТАЗАЛАНДЫ

0
118

Түлкібас ауданы Ауылдық округ, кент тұрғындарының өтініштеріне сәйкес аудан аумағындағы егін алқаптарына су келетін канал, арықтарды тазалау жұмыстары қарқынды іске асуда. «Казсушар» мекемесінің аудандық филиалы және аудан әкімдігі тарапынан сәуір-мамыр айларында 7,85 шақырым каналдар арнасы механикалық тазалаудан өткен. Тарқатып айтатын болсақ, Тентек бұлақ каналының 2 шқ, Жоғарғы каналының 1,5 шқ, Теріскей-3 каналының 1,65 шқ, Шәулемес каналының 2,7 шқ механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен жиында «Казсушар» РМК Түркістан облысы филиалының Түлкібас өндірістік бөлімшесінің басшысы Қ.Әзім баяндады.
Жауапты мекеме өкілінің мәлімдеуінше бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, тұрғындардың өтінішіне қарай қажетті су нысандарына механикалық тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Бұдан бөлек апталық жиынның күн тәртібінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, санитарлық тазалық, аудан аумағындағы жол бойындағы белгілер мен үгіт-насихат құралдарының бүгінгі жағдайының барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі әр мәселе егжей-текжейлі талқыланып болған соң жиынды қорытындылаған Нұржан Жақсылықұлы елді мекендерді аралау барысындағы санитарлық тазалыққа және ескірген жол белгілері мен үгіт-насихат құралдарын жаңартуға қатысты анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жауаптыларға апта соңына дейін мерзім белгіледі. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ауыл шаруашылығы саласындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуының бар маңыздылығын ескертіп, бұл бағытта да жұмысты барынша жандандыру керектігін атап өтті.

Leave a reply