ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕН ТАРЛАН ЕДІ

0
137

 

Түркістан қаласының облыс орталығы болғанға дейінгі тарихында шаһардың түлеп-түрленуіне елеулі үлес қосқан жандар аз емес. Оның көбі арамызда жүрсе, кейбірі өмірден өтті. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі Эйлер Жамалетдинұлы Сүлейманов болатын. Сонау Қырымда туып, алған білімі мен бойындағы күш-жігерін Түркістанның өсіп-өркендеуіне арнаған азаматтың еңбегі кімге болса да үлгі етерлік жағдай.

Көзі тірісінде қызметтегі міндетінен бөлек жергілікті халықтың көмекке мұқтаж тобына қолынан келгенше жәрдем беріп, оларды тағдыр тауқыметінің тығырығынан шығаруға аянбай күш жұмсады. Одан бөлек Түркістан спортының дамуына үлес қосқандардың қатарында біздің кейіпкеріміздің шоқтығы биік еді десек артық айтқандық болмас. Міне, осындай жомарт жүректі, кең пейілді азаматтың есімін түркістандықтар әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

Нақтырақ айтсақ, өткен аптаның сенбісінде «Шахсарай» мейрамханасында Түркістан қаласының зиялы қауымы биыл сексен жасқа толған құрылыс саласының маңдайалды үздігі атанған киелі шаһардың дамуына сүбелі үлес қосқан құрылыс саласының жетекшісі Эйлер Сүлеймановты еске алды.

ҚР Құрметті құрылысшысы, «Tumar Holding» компаниясының президенті Серік Тәукебаев ұстазының құрметіне дастархан жайып, құрбандық шалды. Зиялы қауымға ас берді. Серік Тәукебаевтың баяндауынша, ол осыдан сексен жыл бұрын Қырымда туған дағыстандық лезгин халқының өкілі екен. Эйлер Жамалетдинұлы өмірінің отыз жылын Түркістанға арнап қырықтан астам көпір салып, бір жарым мың шақырым теміржол төсеген.

-Тағдыр маған Эйлер Сүлеймановпен қызметтес болуға, осы бір абзал жанның жанында жақын жүруге жазды. Жас арамыздың алшақтығына қарамастан ол кісімен қатар жүрдік. Бертін келе қызмет барысындағы араласымыз, жолдастық ізет-ілтипатымыз бұрынғыдан да тереңдей түсті. Қарым-қатынастың тереңдеуіне себеп болған оның бойындағы үлкен адами қасиеттері еді. Біреуден білімім немесе тәжірибем артық еді немесе жасым үлкен еді деп көкірек көтеру оған мүлде жат болатын. Қат-қабат жұмыстардан бас көтере алмай жүрсе де барлығын жиып қойып, алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге тырысатын. Эйлер ағаның осындай ізгі қасиеттерін көргенде, мен де сол кісідей болсам ғой деп жігерімді жанитынмын. Жанында жүріп, көп нәрсе үйрендім. Тағлым алдым, шапағатын көрдім. Қырымда туып, өссе де, ол кісі ғұмырының 30 жылын Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне арнады,-дейді Серік Тәукебаев.

Салиқалы бас қосуда Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков бастаған зиялы қауым өкілдері Эйлер Жамалетдинұлы Сүлеймановтың сан қырлы азаматтық, іскерлік сипатын еске алды.

-Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Түркістан қаласын көркейту жұмыстары зор қарқынмен жүргізілді. Шаңы бұрқыраған көшелерге жаңадан жолдар салынып, бос жатқан жерлер инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстық күні. Күндіз құмды боран, түнде маса әлек салады. Эйлер Жамалетдинұлы осындай табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрып, СМП-194 мекемесінің бастығы ретінде беріле еңбек етті. Білдей бастық екенмін демей, күні-түні жұмысшылармен бірге жүрді. Кешке қарай күндік жұмыс нормасының толық орындалғаны оның күлімдеп тұратын көздерінен бірден аңғарылатын. Оның басшылығымен ұзындығы 1500 шақырым теміржол желісі, үлкенді-кішілі 41 көпір салынды. Бұл күнде Түркістан қанатын кеңге жайған, көркі көз тартатын шырайлы шаһарға айналды. Міне, осының бастауында Эйлер Жамалетдинұлының өлшеусіз еңбегі жатыр,-дейді Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Одақ тараған соң «Түркістан-трансстроймонтаж» акционерлік қоғамын құрып, оны аз ғана жылда аяққа тұрғызды. Мекеме жанынан «Монтажник» (кейін «Яссы» болып өзгерді) футбол командасын жасақтап, бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде команданы бүкіл Қазақстанға танымал етті. Өз қаржысына қаладан бокс мектебін ашып, 6 спорт шебері, 18 спорт шеберлігіне үміткерді тәрбиелеп шығарды.

Оның өмірден озғанына да он жылға жуықтапты. О дүние түгілі, өкпеге қимайтын, көзден кетсе де көңілден кетпейтін ақеділ азамат Эйлер Жамалетдинұлы Сүлейманов болатын.

-Ол кісі «Жомарттық – байлықтың белгісі емес, ол адамның жүрегінде ғана болатын қасиет» дегенді жиі қайталайтын. Өзі де кісіге қол ұшын созып, мейлінше қамқорлық танытуды қалап тұратын. Мәселен, ілгеріде теміржолдан өту үшін тұрғындар 14 шақырым жолды айналып өтетін. Эйлер Жамалетдинұлы халықтың осы өтінішін жерге қалдырмай, сәні мен сәулеті келіскен көпір салып берді. Оның бұл жақсылығы күні бүгінге дейін қала тұрғындарының аузынан түскен емес. Эйлер Жамалетдинұлының бұдан өзге де азаматтық істері аз емес. Ол қай қызметте жүрсе де, ең алдымен осы қасиетімен даралана білді. Әсіресе, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тойдың жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлесін қосты. Қадірін ұққан еліне ол осылайша адал қызмет етудің үлгісін көрсетті,-дейді Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын өткізуды бастан аяқ атқарған қаланың бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлы.

– Эйлер Жамалетдинұлының елімізге, оның ішінде Түркістанға еңбегі мұнымен шектелмейді. Тәуелсіздік жылдары қалада құрылыс қарқыны артып, сәулеті жарасқан еңселі ғимараттар мен әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен ел игілігіне беріліп жатты. Осындай ілкімді істердің арқасында қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалды. «Бекзат» шағынауданындағы емхана, «Нұрсәт» поселкесіндегі тұрғын үйлер, Қарашық, Яссы, Жусансай, Құмтүйін, Сауран және Иқан ауылынан салынған мектептер – Эйлер Сүлейманов басқарған құрылыс мекемесінің абыроймен атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Бұдан бөлек, қаншама білім ошақтарының күрделі жөндеу жұмыстарына атсалысты. Бабайқорған және Сауран елді мекендеріне су құбырларын жүргізіп, Түркістан қаласында 60 орынды туберкулезге қарсы диспансердің құрылысын мерзімінен бұрын бітірді. Барлық объектілерді мерзімінен бұрын бітіріп, оларды жоғары сапамен тапсыру – Эйлер Жамалетдинұлының жұмыс барысындағы ең бірінші талабы болатын,-деп еске алды Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков.

«Эйлер Жамалетдинұлының спорт десе шығарда жаны бөлек еді. Өзі бокстан спорт шебері болатын. 1986 жылы өзі басқаратын СМП–194 құрылыс мекемесінің жанынан «Монтажник» футбол командасын жасақтап, қала біріншілігінің қатарына қосты. Екі жылдан кейін команда облыс біріншілігінде оза шауып, Қазақстан чемпионатына жолдама алды. 1990 жылы Түркістан қаласының атынан КСРО біріншілігінің 2-лигасында өнер көрсетті. Ал, 1991 жылы «Яссы» командасы Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды. Сөз жоқ, бұл Эйлер Сүлеймановтың табанды еңбегінің нәтижесі еді. Команданың басшысы да, құрылтайшысы да өзі болды,-дейді «Монтажник», «Яссы» футбол клубының бас жаттықтырушысы, Серік Пірімжанов.

Шахсарай мейрамханасындағы зиялы қауымның Эйлер Жамалетдинұлы Сүлеймановты еске алуына қатысқан қала тұрғындары Түркістан қаласының құрметті азаматы Ділмұрат Жамаловтың Қырымның қыраны Эйлер Жамалетдинұлы Сүлеймановтың өзі тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатып, көшеге атын беру туралы бастамасын бірауыздан қолдады. Көпшілік мұны жүзеге асыруды қала әкімінің атынан қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаевқа аманаттады.

Міне, осылайша көпке көмегі тиіп, маңына шуағын шашып, шапағатын тигізген жүз жылда өмірге бір келетін лезгин халқының адал ұлы, Түркістанның түлеуіне табаны күректей отыз жылын арнаған абзал жанды жұртшылық өкілдері ешқашан ұмытпайтындығының куәсі болдық.

 

Leave a reply