Thursday, November 21

ТІЛ МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

0
128

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында мемлекеттік тілді елді біріктіретін күшке айналуы тиіс деп мәлімдеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», деп атап көрсеткен болатын Президент.

Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген болатын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Расында, қазақ тіл білмінің негізін қалаған, ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын кереметтей даналық. ЮНЕСКО аясында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» симпозиуымында лингвист ғалымдар да бұл сөздердің шындық екенін дәлелдеді. Ғалымдардың зерттеуінше жаһандану салдарынан әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тіл жойылатыны бүгінде жасырын емес.

Түркі әлемінің орталығы мәртебесіне ие болған қаламыз түрлі мәдени-әдеби шаралар, басқосулар өтетін рухани орталыққа айналып келеді. Соның бірі өткен жылдың 26 қазанында Түркістанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы десек те болады. Құрылтайда сөйлеген Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде «Қазақ тілі» қоғамы және де әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеуі керектігін атап өтті.

Алқалы жиынды жүргізіп отырған Мемлекеттік хатшының сөзінен көп нәрсені пайымдағанбыз. Оның айтуынша, елімізде тіл саласында проблемалар бар. Мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты түсінбеушіліктер орын алып жатады. Бұлар негізінен қызмет көрсету саласына, көрнекі ақпарат, жарнамаға байланысты өрістеп жүр. Қазақша мәтіні қате немесе тек бір тілде ғана орналастырылған көрнекі ақпарат, жарнама қоғам тарапынан үлкен сынға түсіп, мемлекеттік органдарға түсетін шағымдар көбейген. Мұндай қате-кемшіліктер олқылықтар әсіресе елордамызда, Алматы т.б. ірі қалаларда кездесіп жатады. Осы ретте туған қаламызда тіл мәселесі, мекемелердегі маңдайшаларда және кәсіпкерлік нысан атаулары, көрнекі ақпарат, көше жарнамалары т.б. нысандарда мемлекеттік тілдің қолданылуы барысы қалай екенін білмекке Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» бас маманы Бақытжан Рахметовпен тілдескен едік.

Оның айтуынша, қалада мемлекеттік тіл саясаты және сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты, жарнама тілін реттеу және жүйелеу мәселелері жөнінде және ономастика саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған.

«Көшелерге атау беру, оған қорытынды беру тәртібі ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясында қаралады, ұсыныс беретін қала әкімдігі болып табылады. Осы ретте, қала әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы тобы 2021 жылдың 1 қарашасында қала әкімінің №90 өкімімен өзгерістермен құрамы қайта бекітілді. Жұмысшы топтың құрамы тиісті бөлімдерден, үкіметтік емес ұйымдардан, тарихшы ғалымдардан құрылған. Бұл тарапта жұмысшы топ өз міндеттерін жүйелі атқаруда. Бүгінде қала бойынша 873 көше, 3 даңғыл бар. Жалпы, орта мектеп саны –34. Қаламызда барлық мектептердің атаулары тарихи тұлғалардың, мемлекет қайраткерлерінің есімдерімен аталады.

2021 жылы жаңадан №28 орта арнаулы мектебі пайдалануға берілді. Осы жылдың басында мектеп атауын Немат Келімбетов деп атау жөнінде облыстық ономастика комиссиясында қаралып мақұлданды. Бүгінгі таңда, құжаттары Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссияына ұсынылды. Сонымен қатар, жаңа тұрғын үй алқабындағы орналасқан 2 даңғылға атау беру жөнінде республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс беріліп, оң қорытынысы алынды. Атап айтқанда: Ш.Қалдаяқов атындағы және Есім хан атындағы даңғылдары. Бүгінгі таңда, облыстық мәсихатының бірлескен шешімін қабылдау үшін құжатттары әзірленуде.

Түркістан қаласында тұрғын үй алқабтары бойынша 876 көше орналасқан. Тұрғын үй алқабтары жалпы біркелкі көшенің бойында орналаспағандықтан бір көшенің бойында қиылыста, қуыста, тұйық көшелерде орналасқан үйлердің саны өте көп. Бұл жағдай тұрғындар арасында мекен-жайлардың бірнеше рет көше атауы қайталану деген түсінік туғызуда. Осы ретте, сәулет және қала құрылысы бөлімімен көшелерді реттеу бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, 70-ке жуық көшенің өткелі мен қиылыстары бір көшенің атымен 2-3 рет жазылғаны анықталды. Осы анықталған бір көшенің бойындағы өткелдер мен қиылыстарға берілген атауларды өзгерту қажеттігі туындаса қосымша ұсыныс берілетін болады. Соның ішінде 10 көшенің атауы жер-су атауымен берілетін болады.

2022 жылдың екінші жартыжылдығында жаңа қалашық аумағындағы пайдалануға берілетін көшелерге 13 ұсыныс әзірлеп отырмыз. Тарихи тұлғалардан күн тәртібінде тұрған: 1). Түркістан өңірінің тумасы көрнекті ғалым-сыншы, қаламгер, республикамызға еңбегі сіңген мәдениет және ғылым қайраткері ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Рахманқұл Бердібайға, 2). Түрік халқының көрнекті тұлғасы ақын Юнус Емреге. 3). Түрік саясаткері, мемлекет қайраткері Аднан Мендерстің есімдерін ұсынатын боламыз» », – дейді маман.

Тіл саясатының жүзеге асуы бойынша да бірқатар жұмыстар жасалып жатқан көрінеді. Атап айтқанда: «Қала әкімінің 2021 жылы өкімімен Түркістан қаласы бойынша сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты, жарнама тілін реттеу және жүйелеу мәселелері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізетін үгіт- насихат тобы құрылды. Бекітілген жұмысшы топ айына 1 рет ҚР «Тіл туралы» Заңына сәйкес, қаладағы сыртқы жарнамаларға талдау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда, қала бойынша 383 жарнама иелері бар. Оның ішінде Заңға сәйкес келетіні – 343, Заңға сәйкес келмейтіні – 37, реттелгені – 37, 5 жарнама нысанына кемшіліктерін реттеуге мерзім бекітілген, олар бекітілген мерзім аясында кемшіліктерді түзейтін болады.

Қала бойынша жарнамалармен ақпараттардың ҚР «Тіл туралы» Заңының аясында С.Қожанов, Керуен сарай, Тәуке хан, С.Ерубаев көшелері бойындағы 200-ден астам шаруашылық субьектілердің маңдайша жарнама жазуларына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жарнама иелеріне ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда», – дейді Б.Рахметов.

Ә.ТӘШІМ.

Leave a reply