ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТАРДЫҢ НАМЫСЫН АУЫЛ БАЛАЛАРЫ ҚОРҒАП ЖҮР

0
125

ҚР Білім министрлігінің қолдауымен «Шұбардоп» Ұлттық лигасының волейболдан 5-6 сынып оқушыларының арасындағы тур Түркістан қаласында өткізілді. Оған республика бойынша 12 команда қатысты. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Балқантау ауылдық округінің Қарабұлақ ауылының ұландары облыс намысын қорғады. Спортшыларға Қарағанды облысы әкімдігінің адами ресурстарды дамыту басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова қолдау көрсетіп отыр.

Спорт мектебінің жаттықтырушысы Берік Кушановтың айтуынша Қарабұлақ ауылында 97 отбасында 600-ден астам адам тұрады. Ауылдағы мектепте 90 бала ғана оқиды. Ол өзі Қарағанды да қызмет етіп жүрген жерінен туған еліне қолқабыс ету үшін 2010 жылы «Дипломмен ауылға» жолдамасымен келген. Содан бері балаларды жергілікті бапкер Әнуар Аманкелді екеуі қазақша күрес, волейболдан жаттықтырады екен. Берік Кушанов жаттықтырған қарабұлақтың он екі қара домалағы ауылдық округтен, ауданнан, одан қалды облыстағы 700 мектептен оза шауып, республикалық турнирге жолдама алған көрінеді. Киелі Түркістанға тұңғыш рет келген жас спортшылар Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып зиярат етіп, Қазыбек би бабаларының ескерткіші жанына барып, дұға оқып, естелік суретке түсті.

Бұл туралы Қазыбек би қоғамдық қорының президенті Пернетай Досыбеков ақсақал ризашылығын білдіре отырып: «Бұл балалардың болашағы зор. Шағын ғана ауылдан шығып үлкен өндірісті облыстың 700 мектебінің атынан келіп, жарысқа қатысып отырған жас спортшылардың бағы таси берсін! Осындай тума таланттар барлық ауылдарда бар. Біз солардың талантын ашуымыз керек. «Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтпаса керек», – дейді.

Мұны растай түскен Берік Кушанов отбасындағы қуанышымен бөлісті. Жақында оның ұлы Темірлан қазақша күрестен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбеков тағайындаған бір миллион теңге жүлдесін «Түйе балуан» атанып, жеңіп алыпты. Қарабұлақпен көршілес Теректі ауылында Геннадий Энгович деген бапкердің сегіз боксшы балалары облыстық, республикалық, Азиялық турнирлерде алтын, күмісті еншілеген. Бұған риза болған ауылдастары мен «Алтай полиметалл» кен өндіру кәсіпорны демеушілік жасап, нәтижесінде жас боксшылардың көрсеткіштері бұрынғыдан да жақсарып келеді екен. Өзінің волейболды жанына серік еткен шәкірті Қарабұлақ орта мектебінің түлегі Ұлжан Төлеутайқызы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану факультетінің мемлекеттік грантына ие болыпты.

– Мен өзім осы шағын ғана Қарабұлақ ауылында туып өскендіктен туған жеріме «Дипломмен ауылға» жолдамасымен келіп, балалардың спорт мектебін ашып, қазір шын мәніндегі мықты спортшылар ауылдан шығатынына көз жеткізіп келемін. Себебі, олар қара жұмыстан қашпайды. Төзімді де сабырлы және ширақ, намысты. Біз олардың спорттық бабын ғана қарастырмай, рухани тұрғыда баюына бірге атқаруымыз керек. Соған орай, алдағы уақытта осы ұстазымыз Пернетай Досыбеков атамызбен ақылдаса отырып, Қазыбек би атындағы жүлде үшін үлкенді-кішілі деңгейдегі ашық турнирлерді, шешендік өнер бойынша байқауларды тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді қарабұлақтық бапкер Берік Кушанов.

Қарағандылық балалардың нұрлы жүзі мен жеңіске деген құштарлығын көргенде қолдаушыларының үмітін қай-қайсысы да ақтауға тырысатындығы байқалады. Осы орайда, біздің де «Жертөледе жаттыққандар топ жарды» деген мақаламызға арқау болған жүйнектік боксшы балалар жаттықтырушы Шахзод Қаюмовтың бапкерлігімен бірнеше мәрте республикада топ жарып, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымовтың қолынан кубок алғандығы есімізге түсті. Жертөледе жаттығып жүрген чемпиондарға әлі күнге дейін «шамның жарығы астына түспейді» дегендей, билік тарапынан қолдау көрсетілмей келеді.

– Бізге зәулім спорт сарайын салып бер деп жатқан жоқпыз. Бізге бар жоғы отыз баланың бокспен еркін айналысуына арналған спорт залы, жуынып-шайынатын бөлмесі ғана керек. Ал, республикалық жарыстарға баруға боксшылардың ата-анасы мен спортқа жанашыр демеушілер көмектесіп жатыр, – дейді бапкер Шахзод Қаюмов.

Түркістан облысының атынан барып республикалық турнирлерде бірнеше мәрте топ жарған жүйнектік боксшылардың бағы жанар күндері әлі алда. Жақында іс-сапармен Жаңа Иқан ауылында болдым. Басқаларға үлгі ретінде тарата әңгімелейтін мына мысалға назар аударыңыз.

Жаңа Иқан ауылдық округінің орталығы Ибата ауылындағы әлемге әйгілі ғалым Ұлықбек атындағы тозығы жеткен орта мектебінде балалар үш ауысыммен сабақ оқуда. Мектептің сыйымдылығы 1200 оқушы болса да, биылғы оқу жылында 2033 бала оқыды. Бұған қатты қапа болған жергілікті екі кәсіпкер мемлекеттік-жеке серіктестік аясында, өз қаражаттары есебінен заманауи мектеп тұрғызды. Жеке кәсіпкер Арапхан Мирзаханов Әлішер Науаи атындағы көше бойынан бір ауысымда 250-300 орындық «Дарын» мектебін өз қаражатына салды. Оған 800 миллион теңге жұмсады.

Жеке кәсіпкер Дилмухаммад Ирисбаев Ибадулла ата көшесіндегі мектеп құрылысын аяқтады. Оны Сауран ауданы әкімі Ғани Рысбеков пен адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова бастаған топ тамашалап, әсіресе, спорт залының құрылысына таң қалыстарын жасырмады. Бұл ғажайып мектепте екі ауысымда алты жүзге жуық оқушы дәріс ала алады. Бұған кәсіпкер Дилмухаммад Ирисбаев мемлекеттік-жеке серіктестік аясында бір миллиард теңге өз қаражатын құйды.

– Аталған құрылыс нысандары аяқталып, қолданысқа берілсе, ауылдық округ бойынша мектеп мәселесі шешіледі деп күтілуде. Шындығында, Жаңа Иқан ауылындағы үш ауысымдағы мектептің жайы қабырғама аяздай батып жүр еді. Мәселенің бұл оңай шешілгендігіне өте ризамын. Әрбір ауылдан осындай намысты да, бақуатты кәсіпкерлер шығып, өздері білім алған алтын ұясының алдындағы азаматтық борыштарын осылай атқарса, бұл аудан ғана емес, республикаға ғажайып үлгі –тәжірибе, азаматтықтың жоғары көрсеткіші болар еді», – дейді Ақмарал Батырбекқызы толқынысын жасыра алмай.

Міне, мұндай намысты да қалталы, меценаттыққа пейілді, ауылда туған атпал азаматтар әр жерден де табылады. Ауылдық жерде жасынан еңбекке араласып, қиындықты көп көрген балалардың «алмас пышақ қын түбінде жатпас дегендей» түбінде бір жерден жарып шығатыны айдан анық. Еліміздің көк байрағын Олимпиадаларда желбірете көтеретін де осы ұландар.

«Қарашада қарүй тұр, қарайлай жүр артыңа!» деп кешегі шырылдап өмірден өткен Жәнібек Кәрменов ағамыздың өсиетін орындайтын кез туды ағайын!

Leave a reply