Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жүйелі түрде жүзеге асуда
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, баспасөз брифингін өткізген болатын. Облыс орталығының басшысы брифинг барысында баяндама жасап қана қоймай, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді. Қала әкімі көбіне-көп қасиетті қаладағы әлеуметтік мәселелерге – жұмыссыздықпен күрес, халықты әлеуметтік қолдау секілді мәселелерге көбірек тоқталып, ол мәселелердің қалай шешіліп жатқанын айтып берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында алдағы реформалардың бағытын бес бағдар бойынша айқындап берді. Мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырту осы ұстанымдар арқылы жалғасын табады. Өздеріңізге белгілі, саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып келеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану жөніндегі тапсырмасы қазіргі таңда киелі шаһарымызда өз нәтижесін беруде. «Қуатты ұлттың діңгегі – халық». Бізге жүктелген негізгі міндет – еліміздегі өзгерістер мен реформалардың халыққа қызмет етуін қамтамасыз ету. Осыған орай, Сіздерге Түркістан қаласында атқарылған жұмыстар бойынша баяндап өтуге рұқсат етіңіздер!»-деп сөз бастады киелі қаламыз, бүгінде облыс орталығына айналған – Түркістанның әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
«Түркістан қаласында халықты жұмыспен қамту, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі атқарылуда. Шаһарда Ұлттық жобаның «еңбек» бағыты бойынша 6 912 адам жұмыспен қамтылған. Аз қамтылған азаматтарға 3 727 отбасыға 1144,8 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Атаулы көмек алатын отбасыларға, 3927 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда» – дейді ол.
«Биылғы жылдың 9 айында 3716 астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетілді: 380 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 400 сурдо – тифлотехникалық құралдармен, 285 адам қол арбамен, 304 адам жеке көмекшілер қызметімен, 541 адам шипажайға жолдамалармен, 198 адам инватакси қызметімен, 13 адам әлеуметтік такси қызметімен қамтылды. Түркістан қаласында 4 ҰОС ардагеріне 1 миллион теңгеден және 409 тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден қаржылай көмек төленді. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 3 бағытта жұмыс атқаруда: 1.Тең қоғам; 2.Белсенді ұзақ өмір; 3.Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы атқарылуда. Ол бағдарлама аясында 6912 адам жұмыспен қамтылды: 3271 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданды; 272 адам кәсіптік оқуға қатысты; 125 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды; 501 адам жастар практикасымен қамтылды; 843 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолданды; 24 адам мемлекеттік грантқа ие болды; 35 адам алғашқы жұмыс орындарына жолданды; 992 адам бастау бизнес жобасына қатысты. Бастау бизнес жобасы бойынша 1674 сертификат алып, 191 адамға емлекеттік грант берілді» – деді шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы. Қала әкімі ары қарай облыс орталығындағы әрбір салада атқарылып жатқан шаруаларға жеке-жеке тоқталып, нендей жұмыстардың істелініп жатқанын, алдағы жоба-жоспарларын, қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірін тереңінен түсіндіріп берді. Сонымен, шаһар басшысы не дейді? Біз не түйдік? Сол туралы кеңірек айтып берсек.
Алдымен Түркістанның паспорты туралы. Түркістан қаласының жалпы аумағы 22,4 мың гектар аумақта орналасқан. 2022 жылдың 1 тамыз айындағы санақ бойынша халық саны 194 774 адамды құрап, өткен 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 5,6%-ға артқан. Мәлімет үшін айта өтейік, 2021 жылы халық саны 187 998 болған. Тұрғындардың ұлтына қарай пайызға шаққандағы үлесі келесідей: қазақтар – 72,1%, өзбектер – 25,6%, орыстар – 0,8 және өзге ұлт өкілдері – 1,5%.
Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, өндірілген өнім көлемі жөнінен де Түркістан қаласында әжептәуір ілгерілеу бар. «Айталық, 2021 жылғы қаламыздағы өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 миллиард теңге көрсеткішке ие болса, ағымдағы жылдың 9 айдағы мерзімінде 15,4 миллиард теңге болып, өткен жылғы көрсеткіштен 3,8%-ға артты» — дейді ол. Қала экономикасына инвестиция тарту мәселесіне ойыссақ, ағымдағы жылы Түркістан қаласына 179,1 миллиард теңге инвестиция келуі жоспарланып, нақты орындалуы 192,1 миллиард теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен 7,3% артығымен орындалған екен. Жалпы 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба базасы мақұлданып, 761 миллиард теңге инвестиция келуі күтіліп отыр. Оның ішінде ағымдағы жылы шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 6,2 миллиард теңге шетел инвесторларынан қаржы түсіп, 278 жаңа жұмыс орны ашылыпты.
“TURKISTAN” индустриялы аймағын дамыту бағытында атқарылып жатқан мың-сан шаруаның тыныс-тіршілігіне тоқталған шаһар басшысы “TURKISTAN” индустриялы аймағының қолданыстағы 350 гектар аумақты алып жатқандығын және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде екенін атап өтті. «Жалпы айтар болсақ, 13,1 миллиард теңге қаржы тартылып, 1330 жұмыс орны ашылып, 27 кәсіпорынды іске қосу жоспарда бар. Атап айтсақ, 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылды, қосымша 857 жаңа жұмыс орны ашылды. 2016-2023 жылдары өнім көлемі 10,9 миллиард теңге болса, ал салық түсімі осы уақыт аралығында 1 миллиард теңгені құрады. Ағымдағы 2022 жылы 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорынның іске қосылуы көзделіп (1. «Асфальт бетон» зауыты, 2. «Газоблок» зауыты, 3. «Газобетон» зауыты), қаламызда қосымша 54 жаңа жұмыс орны ашылады» — деді Нұрбол Тұрашбеков.
Осы ретте ерекше атап өтер жайт, шағын және орта бизнесті өркендету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Экономиканы отандық өнім көлемін арттыру арқылы көтеруді көздеген мемлекетімізде бұл саланы дамытудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Соның бірі — инвесторларды тарта отырып, өндіріс орындарын көбейту. Жеке кәсіпкерлерді қолдау, оларға лайықты жағдай жасау мақсатында құрылған «Turkistan» индустриалдық аймағында ілкімді істер аз емес. Осыдан тоғыз жыл бұрын құрылған аймақтың аумағы алғашында небәрі қырық гектар болып белгіленсе, кейіннен, яғни 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да екі жүз гектарға, артынша тағы жүз он гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі таңда жалпы аумағы 350 гектарды құрап отыр. Мұнда кәсіпкерлер үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер құжат рәсімдеу барысында уақыт жоғалтпайды, барлық жұмыс «Бір терезе» қағидасы аясында атқарылады. Өз жобасымен келген кәсіпкер тізбеге сәйкес қажетті құжаттаманы жинақтап, басқарушы компанияға ұсынса жетіп жатыр. Ал, индустриалдық аймақ өкілдері еліміздің өзге өңірлеріне, тіпті шетелдерге де шығып, инвесторлармен кездесулер ұйымдастырып, келіссөздер жүргізіп, өңірдің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ұсынатын болады.
Инвесторлар тартуға облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, «Kazakh Invest» АҚ, «Turkistan Invest» және «Атамекен» кәсікерлер палатасы тарапынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. «Былтыр «Kazakh Invest» АҚ мен Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшылары Өзбекстан және Түркия елдеріне іссапармен барып, екіжақты келісімдер жасасып қайтты. Сол келісімдердің нәтижесінде «Turkistan» индустриалды аймағына Түркиядан инвесторлар келіп, өз жобаларын осында жүзеге асыратын болды» дейді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, аталған аймақтағы кейбір шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. «Turkistan» индустриалды аймағынан «Батыс Европа – Батыс Қытай» автомагистраліне қосылатын автожол бар, сонымен қатар индустриалды аймаққа теміржол тартылған. Мұның бәрі инвесторларды қызықтырып отыр. Бірақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газбен жабдықтауға техникалық шарттарды беруге мораторий жариялады. Осыған байланысты индустриалды аймақ қатысушылары техникалық шарт ала алмай, газ қосу мүмкіндігінен айрылып отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпорындарының жұмысына кері әсерін тигізуде. Техникалық шартқа қатысты мораторийдің аяқталу мерзімі белгісіз. «Amanat» партиясының Түркістан қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы «Turkistan» индустриалды аймағының теміржол тұйығының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ықпал жасауда. Міне, осы мәселелер ертерек өз шешімін тапса, инвесторлар да кідірмес еді, олардың келуіне мүдделі болып отырған біздің де жұмысымыз біршама жандана түскен болар еді» — дейді индустриялық аймақ басшылары.
Аймақтағы ірі жобалардың бірі – «Turkistan Textile» БК серіктестігінің жұмысы басталғанына да көп бола қойған жоқ. Бүгінде мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі үш азамат бар. Өзбекстандық инвесторлардың ықпалымен жүзеге асырылып жатқан жоба толық іске қосылғанда тағы сегіз жүз адамға жұмыс табылмақ. Ал, қырық гектар аумаққа орналасқан жиһаз шығаратын «Grand Miks» жеке кәсіпорны әзірше 170 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде өндіріс орнының төртінші кезеңін қолға алған олар келешекте тағы да 250 адамды жұмыспен қамтымақ.
Бүгінде Түркістан қаласындағы құрылыс саласының көрігі қызып тұр. Қаладағы құрылыс көлемі қазіргі уақытта 109,4 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда қабылданатын үйлер саны 6,2%-ға артты. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 409,3 мың шаршы метрді құрайтын 111 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілу үстінде. Мемлекеттік бюджеттен басқа ӘКК «Түркістан» АҚ арқылы – 33 үйдің (67,4 мың шаршы метр), сондай-ақ жеке инвестициямен 80 үйдің (181,4 мың ш.м.) құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде 2021 жылғы 9 аймен салыстырғанда (87,4 мың шаршы метр) 3,5 есеге артты. Нәтижесінде 2667 пәтерлі 42 тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы тұста анықтама бере кеткен жөн: Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 14 839 азамат тіркелген.
Жуырда киелі шаһарға іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.
«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, мұнда соңғы жылдары 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған.
Айтса айтқандай, Түркістан күн сайын құлпырып, жаңарып келеді. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен бой көтеруде. Бірқатарына тоқталып өтер болсақ, өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биылғы жоспар 855 мың шаршы метр болып белгіленген. Жыл басынан бері 191,4 мың шаршы метр, яғни 1332 пәтер пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 117 пайызға ұлғайғанын айта кетуге болады. Жалпы, Түркістан облыс орталығына айналған 2018 жылдан бергі жылдарға қарасақ, едәуір өсім байқаймыз. Мәселен, 2018 жылы – 3 018 пәтер, 2019 жылы – 5 846, 2020 жылы – 6 059, ал 2021 жылы – 6 590 пәтер ел игілігіне ұсынылған. Биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көлеміне тең екен. Бұл туралы мәліметті Түркістан облысы Құрылыс басқармасының басшылығы атап өтті.
«Бүгінде Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Осынау кезең аясында әкішілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтіп, өндірістік аймақ құрылды», – дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Кеңесханұлы.
Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 3 әкімшілік ғимарат, Конгресс холл, медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, спорт кешені, цифрлық кеңсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сарайы, стадион, бассейн, Жібек жолы саябағы, музыкалық және 900 орындық мектеп салынып, пайдалануға тапсырылған.
Ал рухани-мәдени орталығында Халықаралық университет, Драма театр, Ұлы дала елі, Яссауи мұражайы, Визит орталығы, Шығыс моншасы, Неке сарайы, Ғылыми-әмбебап кітапхана, Амфитеатр, Музыкалық фонтан, Керуен Сарай туристік кешені, Hampton by Hilton қонақ үйі нысандарының құрылысы жүріп, бүгінде олар жұртшылыққа қызмет көрсетіп отыр. Тұңғыш Президент саябағының және Қазақ хандығы мемориал кешенінің құрылысы таяу күндері аяқталып қалады деп күтілуде.
Одан бөлек, Б.Саттарханов даңғылы бойында 4 шақырым желілік саябақ салынған, 25 300 түп ағаш егіліп, 317 шағын архитектуралық нысандар орнатылған.
Облыс орталығы Түркістан қаласында көз тартар көркем ғимараттардың көбейіп жатқаны рас. Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan қонақ үйлері де — соңғы жылдары киелі шаһарға ағылып жатқан туристерге қызмет көрсету үшін салынған заманауи ғимараттар.
Сондай-ақ сыйымдылығы 18 миллион текше метр (м/3) болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» су нысандары салынған.
Көне шаһардағы құрылыстар қарқыны әзір де толастап жатқан жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, 500 орындық жатақханасымен 700 орындық Дарын мектебі, ішкі істер органдарының ғимараттары, спорт кешендері бар есу каналы, жасанды көлдер және инженерлік инфрақұрылымдар қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ келешекте жалпы 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Серікжан Кеңесханұлы сонымен бірге жаңадан құрылған облыс орталығында барлық сала бойынша құрылыстың қызу екенін айтады. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем стансасы және Ана мен бала орталығы салынып пайдалануға берілген. Ал мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы бой көтермек. Қысқасын айтқанда, түркі жұртының рухани астанасы күн өткен сайын көркейіп келеді.
Енді туризм саласы хақында. Брифинг барысында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков: «2021 жылдың 9 айында 1247,2 мың турист келсе, ағымдағы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 1310,5 мың адамға жетті. Оның ішінде 2021 жылы шетелден 4,4 мың адам келетін болса, 2022 жылы 4,8 мың адамға арту динамикасы байқалуда. 2021 жылы жалпы шаһарымызға 1417 мың адам келген. Орналастыру орындарының саны 2021 жыл 9 айында 45 болса, 2022 жыл 9 айында 57-ге жетті. Нөмірлер саны (бірлік) 2021 жыл 9 айында 951 болса, 2022 жыл 9 айында 1191-ді құрап отыр. Ал төсек-орын саны (бірлік) 2021 жыл 9 айында 1944 болса, 2022 жыл 9 айында 2467-ге жетті» — дейді.
Негізі туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Шаһар төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.
Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Өткен жылы Түркістанға 1300-ден астам туристер келген. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.
Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.
Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар жүргізілуде. Түркістан қаласы аумағында супермаркеттермен қоса, жалпы саны 12 әлеуметтік дүкен орналасқан. Алдағы уақытта қосымша 10 әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда. Түркістан қаласы аумағында орналасқан 3 ірі супермаркетте әлеуметтік бұрыш ашылған. Қазіргі уақытта қосымша 30 әлеуметтік бұрыш ашылуда. 4 түрлі тауар түрлері 30 әлеуметтік дүкенге жеткізілуде. Алдағы 2 апта көлемінде толықтай жұмыс жасайтын болады. Қала аумағында 55 тұрақты емес сауда орындарын ашуға, 165 жаңа жұмыс орындарымен қамту қарастырылған.
2021 жылы 40 мың шаршы метр сауда алаңы бар, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылды. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда. Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі неге тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді.
Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде. Нәтижесінде 2021 жылы қаңтар-желтоқсан айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1 506 080 құраса, 2022 жылдың күні бүгінге дейінгі көрсеткішін шаһар басшысы жоғарыда айтты.
Туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады.
Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.
Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. Сондай-ақ алдағы уақытта, мұражайға қатысты бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе…
Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.
2GIS оффлайн және онлайн режимінде жұмыс істейтін бағдарламасына Түркістан қаласын енгізу үшін қаржы қарастырып, инвесторларды тартуға ықпал етілсе. «2ГИС карталары аумақты жер серігімен түсіру арқылы суреттейді. Ал үш өлшемді ғимараттар бірнеше ракурстан алынатын суреттердің көмегімен жасалады. Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін инфрақұрылымдарды дамытудың бір бөлігі ретінде маңызды жоба болып есептеледі. Әрине, аталған жоба қомақты қаражатты қажет етеді, кезінде қараусыз қалып, шаңы төбеге көтерілген осынау киелі қалаға соңғы үш жылда ерекше көңіл бөлінгендіктен, өз қасиетіне тез оралтқан жандарға әлі де қаражат құю, оны осындай халықтың қолжетімді, бақытты өміріне жұмсау түк те емес. Болмайтынның көз алдында тез болатынына түркістандықтардың көзі әлдеқашан жеткен!
Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.
Түркістан қаласында әлеуметтік сала бойынша көңіл көншітер біраз жұмыс атқарылды. Нақтырақ айтсақ, халықты жұмыспен қамту мен аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылып келеді. «Ұлттық жобаның «Еңбек» бағыты бойынша 6 912 адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған азаматтарға, яғни 3 727 отбасыға 1144,8 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Атаулы көмек алатын отбасыларға, 3927 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді. Түркістан қаласында 4 ҰОС ардагеріне 1 миллион теңгеден және 409 тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден қаржылай көмек төленді» — деп атап өтті қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының ЕҢБЕК БАҒЫТЫ бойынша не атқарылды?
«Қазіргі таңда еліміз бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы атқарылып жатқандығынан хабардармыз. Ол бағдарлама аясында 6912 адам жұмыспен қамтылды: 3271 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданды; 272 адам кәсәптік оқуға қатысты; 125 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды; 501 адам «Жастар практикасымен» қамтылды; 843 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолданды; 24 адам мемлекеттік грантқа ие болды; 35 адам алғашқы жұмыс орындарына жолданды; 992 адам «Бастау Бизнес» жобасына қатысты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1674 сертификат алып, 191 адамға емлекеттік грант берілді» — дейді өз кезегінде Түркістан қаласының басшысы Нұрбол Тұрашбеков.
Түркістан қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 7 мектеп салынады
Брифинг барысында шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков білім беру саласын да айналып өтпеді. Оның сөзіне қарағанда, Түркістан қаласындағы мемлекеттік бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының саны – 34, ал жеке мектеп – 26. Жалпы оқушы саны 50 841-ге жеткен. 2 ауысымда 30 мектеп болса, 4 мектептің оқушылары 3 ауысымда оқып жатыр екен. Олар: Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі, М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы орта мектебі, Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебі, №23 жалпы орта мектебі.
Өз кезегінде қала әкімі 3 ауысымға өту қауіпі бар мектептерді де жасырмай айтты. Олар: Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 183, Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 151, Нәзір Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 520.
2022 жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Олар: Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебі. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Бірлік» шағынауданында 1 жеке мектеп салынуда.
Алдағы уақытта 9 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр екен: 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 2 мектеп бой көтермек (Әмір Темір – 300 орындық, Баянауыл — 600 орындық).
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 7 мектеп салынады. (Әкімшілік-іскерлік орталығында 3 мектеп — 6000 орындық, Яссы шағынауданында 2 мектеп – 2100 орындық, Отырар шағынауданында 1 мектеп – 1200 орындық, Бекзат шағынауданында 1 мектеп — 1200 орындық).
«Жайлы мектеп» демекші, биыл оқу жылында еліміз бойынша 7600 мектеп 3 миллион 700 мыңдай балаға білім беруге кірісіп кетті. Алайда, бұған дейін қаншама бағдарлама қабылданып, мектеп пен балабақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге атсалысса да, түйткіл әлі де өзекті.
Өз кезегінде Нұрбол Тұрашбеков Түркістан қаласындағы балабақшалар саны 108-ді құрап отырғанын, олардың 21-і мемлекеттік болса, 87-сі жекеменшік нысан екенін жеткізді. Жалпы балабақшадағы балалар саны – 15 144. «Сонымен қатар қаламызда мектептен тыс 7 мекеме бар. Үйірмелерге қатысатын оқушы саны – 4 556. Қазіргі таңда қалада күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 11 мектеп бар» — дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Түркістан қаласының инфрақұрылымы қалай?
Ең алдымен ауыз су бойынша тоқталып өтсек. Қала әкімінің айтуынша, Түркістан қаласы аумағында 38 220 абонент ішінде ауыз сумен 37 655 абонент қамтамасыз етілген. 2021 жылы су жинау резервуарлары (Шобанақ, Әкімшілік-іскерлік орталығы) арқылы 56 000 текше метр су жиналып, халыққа беріліп жатыр. Оның қамту көрсеткіші 82,5% болса, биыл 98,5%-ға жетеді.
2023 жылы тағы 4 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр екен: Мақтазауыт шағынауданы, 1-2-ші шағынаудандар, Яссы-Шауғар шағынаудандары, жаңадан қоныстанған аумақтар. Соның нәтижесінде 9461 абонентке жаңа ауыз желісі тартылады және 2023 жылы қаланы ауыз сумен қамту көрсеткіші толықтай 100% болады.
Реті келгенде айта өтейік, жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытудағы ең бірінші басымдық – елді сапалы ауыз сумен қамту екенін айтқан болатын. Таза ауыз су – ұлт денсаулығын сақтаудың кепілі. Сондықтан осы саладағы мәселелер терең талданып, тиісті ұсыныстар айтылсын деп міндеттеді. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатқан әрбір жоба қатаң бақыланып, қадағалау жүргізілуі керек екенін ескертті. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай аймақты ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысында 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 712-сі (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) немесе 85,7 % ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде ауыз су беру қызметімен айналысатын 32 кәсіпорын бар. 2022 жылы 55 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 18,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 13 нысанды биыл тапсырып, пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 42 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен су құбыры мүлдем жоқ 11 елді мекен (Сарыағаш-3, Қазығұрт-2, Ордабасы-6) ауыз сумен қамтамасыз етіледі, 4 елді мекеннің (Жетісай-2, Ордабасы-1, Түлкібас-1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.
Биыл Жетісай, Сарыағаш, Мақтарал, Қазығұрт, Келес аудандарындағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың барысына басқарма мамандарымен арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бақылауға алынған. Аталған мәселені шешу мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарда көрсетілген мерзімдерге сәйкес, тозығы жеткен су құбырлары кезең-кезеңімен қайта жаңартылады. Жиынды түйіндеген облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне ауыз су мәселесін назарда ұстау, ауыз судың жер асты қорларын барлау, жобалық-сметалық құжаттар мен су нысандарының құрылысын сапалы атқару жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар шаһар басшысы кәріз желілері бойынша былай деді: «Түркістан қаласы аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен 32,2%-ы (12 297 абонент) қамтылған. 2021 жылы жоба бойынша қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метр сарқынды су тазарту ғимараты іске қосылды. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500 текше метрді құрайды. Оның 72 шақырымы магистральды сарқынды су құбырлары — қолданыста. Ағымдағы жылы жалпы 14 жоба іске асырылуда. Қазір 3 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 6 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса 3 нысан қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Нәтижесінде 2022 жылы кәрізбен қамту көрсеткші – 48,9%-ды, ал 2023 жылы ұсынылған жобалар қолдау тапса, көрсеткіш 80%-ды қамтитын болады».
Нұрбол Тұрашбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Түркістан қаласындағы электр жүйесі бойынша да біраз ақпаратқа қанықтырды. Әкімнің сөзіне сенсек, Түркістан қаласының аумағында 39 937 электр абонентінің тек 33 937 абоненті сапалы электр қуатымен қамтылған. Оның орташа сағат тұтыну мөлшері 48,8 МВт/сағатты құрайды. Өткен жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90% жұмысы орындалды және 3897 абонент сапалы электрге қол жеткізді. Пайдаланушылардың қамту көрсеткіші 84,9%-дан 94,7%-ға артты. Биылғы 1 нысан — жеке тұрғын үйлерді сапалы электр қуатымен қамту (Диметов көшесі бойындағы тұрғын үй массиві, 260 абонент).
Пайдаланушылардың қамту көрсеткіші 94,7%-дан 95,2%-ға жетеді. Сонымен қоса 3 нысан әуе электр желілерін кабельдік желіге ауыстыру құрылыстарын жүргізуге 2,5 миллиард теңге қаржы қаралды. Жоба құны – 4,2 миллиард теңге, нәтижесінде қосымша 9669-дан астам абонент электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстарын 2022-2023 жылдары атқару жоспарланып отыр екен.
Облыс орталығының басшысы табиғи газ бойынша да бірқатар мәліметтер берді. «Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 6 сектор бойынша 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Бүгінгі күні «көгілдір отынды» 38 060 абонент дербес шот ашып, пайдалануда. 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін 52 037 абонентке газ құбырлары жүргізілген. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны 2022 жылы 95%-ға жетті. 2022 жылы жаңадан қоныстанған, жер телімдерін екіге бөлген, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, қазіргі таңда мердігер анықталды. Аталған абоненттер қосылса, қамту көрсеткіші 96% болады» — дейді Нұрбол Тұрашбеков.
Мұнан соң қала әкімі жылумен қамтамасыз ету тақырыбына ойысты. «Қала аумағында 10 жылу қазандығы арқылы 312 нысан (көпқабатты үй – 167, жеке және заңды тұлғалар – 145) жылумен қамтамасыз етіледі. Қала көлемінде 93,9 шақырым жылу желісі бар (магистральді — 22,3 шақырым, ішкі орам — 71,6 шақырым). Сапалы жылу беру үшін қаладағы тозығы жеткен нысандар кезең-кезеңмен ауыстырылуда. Биыл 1 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылу құбырларының тозу деңгейі 79%-дан 30%-ға төмендеді» — деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде (Түркістан қаласындағы 1-2-ші шағынаудандардағы ішкі жылу желілерін қайта жаңғырту, 2-кезекте – магистральды желі). Аталмыш нысанның құрылысын жүргізу 2023 жылға жоспарланып отыр екен. Нысан толық яқталғанда жылу құбырларының тозу деңгейі 30%-дан 10%-ға төмендейді.
Әкім тілге тиек еткен тағы бір мәселе — жол саласы. Транспорт саласында 845 шақырым жол, 875 көше бар. Оның ішінде 316,1 шақырымы — асфальт жол, 392,5 шақырымы — тас жол, 136,4 шақырымы — топырақ жол. Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысына орай Түркістан қаласында жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3%-ға артады деп күтіліп отыр. Асфальт жол — 340,9 шақырым (40,3%), тас жол — 471,0 шақырым (55,7%), топырақ жол — 33,1 шақырым (4,0%).
Қазіргі таңда қалада көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында І.Қожабаев көшесін реконструкциялау жүргізілуде, нәтижесінде Кентау бағытын әкімшілік-іскерлік орталығы арқылы Шымкент бағытына қосатын болады. Сонымен қатар, Әліби Жангелдин көшесін реконструкциялау жүруде, нәтижесінде Қызылорда-Балтакөл бағытындағы жолды байланыстырады.
Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдың құрылысы жүргізілуде, нәтижесінде «Яссы» мен Сауран тұрғын алабын «Отырар» тұрғын алабына байланыстырады. Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жүруде, нәтижесінде Балтакөл тас жолын Шәуілдір және Шымкент тас жолына тікелей қосады.
Түркістан станциясының 3103 ПК2+50 және 3106 ПК5+45 пикеттерінде жаяу жүргінші көпірлері салынуда, нәтижесінде «Бекзат» тұрғын алабы тұрғындарының Шауғар», «Сауран» тұрғын алабына үздіксіз өтуін қамтамасыз етеді. Қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу және 105 шақырымды құрайтын 160 көшеге тас төсеу жұмыстарын жүргізу жүруде, нәтижесінде көлік инфрақұрылымы дамиды.
Жалпы ағымдағы жылы қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Оның қазіргі таңда 7,7 шақырымды құрайтын 9 көшесінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.
Нұрбол Тұрашбеков жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайтынын атап өтті. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары автобустар (жақсы жағдайда) болса, қалған 142-сі — шағын автобустар (қанағаттанарлық жағдайда).
«2021 жылдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34%-ы жаңаланды. Оның 40-ы – «ТехПрофАвто» ЖШС, 38-і «Жолаушы» ЖШС есебінен алынды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қосымша 46 автобус алу жоспарлануда. 2021 жылы Түркістан қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленіп, Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Диспетчерлік орталық» қызмет көрсетуде. 2023 жылы сараланған (дифференцированный) тарифті енгізу жоспарлануда. Электронды билеттендіру жүйесі көлік компаниялардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қолма-қол ақша айналымын азайтып, бизнестің көлеңкеден шығуына мүмкіндік береді. Қоғамдық көліктерге «Алем Рау» электронды билеттендіру жүйесі енгізілді» — дейді шаһар басшысы.
Түркістан қаласының әкімі бұдан кейін түнгі жарықтандыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылы Түркістан қаласында 269 көшеге жарықтандырылған, үлесі 30,7%-ды құрады. 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандырылған көшелер үлесі 55,4%-ды құрайды (485 көше, 618,6 шақырым). «Алдағы жылы, яғни 2023 жылы қаламыздың жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 82%-ға (895,8 шақырымды құрайтын 757 көшені) жеткізу жоспарлануда. Жоспар бойынша қаламыздағы 272 көшеге (277,2 шақырым) жарық жүйесін орнату көзделіп отыр» — дейді облыс орталығының басшысы.
Нұрбол Тұрашбеков рухани шаһардың абаттандырылуы бойынша да біраз деректерді көлденең тартты. «Жалпы қала ішіндегі 1-2-ші мөлтекаудан және «Отырар» мөлтек ауданы ішіндегі аулаларға толықтай абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы сметалық құны 3 миллиард теңгеге жуық. «Денсаулық» саябағы, «Төле би» саябағы, «Отбасы» саябағы, «Шығармашылық» саябақтары, Майкотов көшесінің бойы, «Тұран» тыным бағы, басқа да демалыс орындары жаңадан іске қосылды. 30 саябақ бар, жалпы ауданы — 225 гектар, 13 аллея, сквер, алаң мен гүлзарлар бар, жалпы ауданы – 42,2 гектар, газон, көгалдар 256 гектарды құрайды» — деді ол.
Шаһар басшысы гидрантты жүйелер туралы да сөз қозғады. «Қаламызда гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 6 кезеңге бөлінген. 1-кезең — Ботаникалық бақ аумағы (трапеция), көлемі — 611 гектар, 62 шақырымы іске қосылған. 2-кезең – Бекзат Саттарханов даңғылы мен Майкотов көшесінің аралығы, 620 гектар, 110 шақырымы іске қосылған. 3-кезең — Қазыбек би мен Жарылқапов көшесінің аралығы, Батыс Қытай-Батыс Европа жолының бойы (магистраль), 336 гектар, 25 шақырым жұмыс жүргізілуде. 4-кезең — Кентау тас жолы, Оралман аумағы. Қотырбұлақ су сақтау қоймасынан қалаға кіре беріс, 320 гектар, 40 шақырымы іске қосылған. 5-кезең – Бекзат Саттарханов даңғылынан Ортақ тұрғын үй массиві аралығы, 2023 жылға жоспарланып отыр. 6-кезең — Тұран аумағын гидрантты жүйемен қамтамасыз ету 2023 жылға жоспарланған» — дейді қала әкімі.
Қаланың шырайын кіргізіп, тазалығына үлес қосуда ирригациялық арықтардың да заман талабына сай болғаны маңызды. Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, қаланың микроклиматын өзгерту және қала ішін суландыру жүйелерін жүргізу бойынша бірінші кезекте ирригациялық жүйелер жүргізілген екен. «Жалпы ирригациялық каналдар 22,5 шақырымды құрайды. Р-33 каналы: Қазыбек би саябағынан Бекзат Саттарханов даңғылына дейінгі аралық — 3,4 шақырым, Р-33,2: «Керуен Сарай» мен Инфекциялық аурухана аралығы – 2-кезең — 6,1 шақырым, Ботаникалық бақтан Шипа су аралығына дейін — 4 шақырым, Р-32,2 каналы: Шекті Тілеу мен Жібек жолы көшелерінің бойы — 3,7 шақырым, Құлан Ақын көшесі бойындағы ирригациялық канал — 1,1 шақырым, Р-32: «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолы бойы — 3,1 шақырым, Р-32А: Қалалық емхана аумағы — 1,1 шақырым, сонымен қатар Бекзат Саттарханов даңғылы бойына (Желілік саябақ) ирригациялық арықтар жүргізілді» — дейді қалабасы.
Шаһар басшысының Түркістандағы санитарлық тазалық жайын үнемі назарда ұстайтыны аңғарылды. «2022 жылдың қаңтар айынан бастап Түркістан қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» және «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіптестіктері жүргізуде. Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. 787 көшенің 136 көшесі механикалық жолмен тазаланса, қалған 651 көшесі қолмен тазалау жұмыстары жүргізіліп отырылады. Аталған 787 көшенің 39 көшесі орталық маңызы бар көше болып саналады» — деді облыс орталығының басшысы.
Брифинг соңына қарай, ойын қорытындылай келе: Таяуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға арнайы келіп, облыс зиялыларымен кездесу өткізгені баршаңызға белгілі. Осы сапар барысында Президент тұтас түркі жұртының ықыласы ауған Түркістанда орын алған өзгерістерге оң бағасын берді. Киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны барын, Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі екенін ерекше атап, киелі шаһарға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы Үкіметке тапсырма бергенінің куәсі болдық. Түркістанның үлесіне тиген өзгерістер мен берілген мәртебелер киелі мекеніміздің тарихи салмағын арттыра түсетіні сөзсіз. Президент ұлттың ұясы мен қазақтың қара шаңырағына балаған Түркістан келешекте де қадірі асып, құты тасыған киелі мекен ретінде сақталып, өркендеуі үшін біз жұмыс екпінін әлсіретпейміз. Жүзеге асыратын жоспарларымыз бен жобаларымыз әлі де көп. Өздеріңізді де жақсы жаңалықтарымыздың куәсі әрі жаршысы болады деп үміттенемін» -деді Нұрбол Тұрашбеков.